Ашық алаңдағы алты сағат
Кеншілер мәдениет сарайында облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев пен қала әкімі Мейрам Кожухов тұрғындармен мазмұнды кездесу өткізіп, өңір мен облыс орталығының даму басымдықтарын таразылап, талқылады. Келелі кездесу барысында әлеуметтік сипаттағы әрі инфрақұрылымдық мәселелерден бастап, экономика мен экологияға дейінгі өзекті сұрақтарға тоқталып, әкімдер өткен жылы көтерілген 150-ге жуық түйткілдің басым бөлігі шешімін тапқанын, ал, биылға қалған 18 бағыт бойынша жұмыс қарқынды жүргізіліп жатқанын мәлімдеді. Халықпен кездесу жалаң есеп берумен ғана шектелмей, еркін сауал-жауап форматында жалғасын тауып, тұрғындардың көкейдегі сауалдарына нақты жауаптар алуы арқылы жандана түсті.

Келесі жылы қаланың Оңтүстік-Шығыс пен Майқұдықтың инфрақұрылымын дамыту ерекше көзделген. Кездесуде облыс әкімі Ермағанбет Қабдулаұлы келесі жылды аталған аудандарды дамыту керектігін айтып, қала әкімі Мейрам Мұратұлына нақты жоспарларын әзірлеуді тапсырды. Және барлық жобаларды жергілікті жұртшылықпен келісу керектігі айтылды.
– Мен бірнеше рет айттым, бүгін тағы да қайталаймын, біз Қарағандының тек орталығы ғана емес, шеткері аймақтарының дамуын қамтамасыз етуге тырысамыз. Біз шеті жоқ қала салуымыз керек. Сондықтан, келесі жылды Оңтүстік-Шығыс және Майқұдықтың даму жылы деп жариялауды ұсынамын, – деді аймақ басшысы.
Қарағандыда Көгілдір тоғандар мен Оңтүстік-Шығыс арасында спорт кластері үшін үлкен жер телімі бөлінді. Онда жаңа жабық стадион, бассейні бар әмбебап спорт аренасы, көпфункционалды мұз кешені салынады.
– Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұқаралық спортты дамытуға ерекше назар аударып отыр. Біздің алдымызда дені сау ұрпақты тәрбиелеу, сондай-ақ отандық спортшыларды даярлаумен айналысу міндеттері тұр. Біз Көгілдір тоғандар мен Оңтүстік-Шығыс арасында спорттық кластер салу үшін 72 гектар жер бөлдік. Қарағандыға жаңа стадион қажет екендігі туралы көптен бері айтылып келеді. Маған тұрғындар тарапынан үнемі осындай сұрақтар түседі. Сондықтан, біз жабық стадион, хоккей, конькимен сырғанау, мәнерлеп сырғанау және басқа да спорт түрлерімен айналысуға арналған көпфункционалды мұз кешенін саламыз. Мұз аренасы тұрғындардың жаппай келуі үшін де қолжетімді болады, – деді облыс әкімі.
Мұнымен қоса, аумақта жеңіл атлетика манежін, бассейні, күрес және бокс залдары бар әмбебап спорт аренасы салынады. Барлық нысан халықаралық стандарттарға сай болатынын жеткізді.
Кездесуде Майқұдық тұрғындары үшін де жақсы жаңалық айтылды. Балалардың жан-жақты дамуы үшін қаланың Пришахтинск бөлігіндегідей заманауи оқушылар сарайы салынады. Жер учаскесі белгіленіп, дайындық жұмыстары басталды.
Ірі жобалардың қатарында Мұқанов көшесінде автомобиль жолдарын салу, Университет көшесін Гапеев пен Сарыарқа көшелеріне шығатын жолға дейін жөндеуді жалғастыру, «Күнгей 1, 2, 3» шағын ауданы магистральдық автожолдарын салу секілді жұмыстар қарастырылған.
Биыл Қарағандыда барлығы 100 шақырымнан астам жол жөнделді. Бұл қаланың автокөлік жолдарын 79 пайызға жақсартуға мүмкіндік берді.
Шаһар басшысының айтуынша, орташа жөндеу жұмыстары 94 шақырымға жүргізілді. Барлығы 309 қала көшесі, 210 жол және әлеуметтік нысандарға кірме жолдар жақсартылды. Пичугин-Новоселов және Четская көшелеріндегі жолдарды күрделі жөндеу жұмыстары жалғасуда. Сондай-ақ, К.Дүйсембековке орамішілік жол салу және Е.Бөкетов көшесіндегі автожолды жалғастыру жұмыстары басталды. Негізгі жұмыстар келер жылы аяқталуы керек.
Келесі жылы автожолдардың 43 учаскесіне орташа жөндеу жүргізу жоспарланып отыр. Орамішілік жолдар мен кірме жолдарды жөндеу бойынша жобалар да маңызды. Биыл 100 мың шаршы метрден астам жол жөнделген. Тұрғындардың өтініштері бойынша 27 мың шаршы метрден астам жаяу жүргіншілер тротуарлары төселді.
Жеке секторда және орамішілік жолдарда қала тұрғындарының жайлылығы мен қауіпсіздігі үшін екі мыңнан астам жарық бағаны қойылды. Жол қозғалысы қауіпсіздігі мәселелеріне де көп көңіл бөлінеді. Негізгі магистральдарда «ақылды бағдаршамдар» жүйесін енгізу де жол қауіпсіздігін арттырды. 15-ші магистраль мен ДСК-дегі, сондай-ақ Гоголь жол өтпесіндегі тосқауыл қоршаулары ауыстырылды. Алалыкин көшесінде көлік қозғалысы ашылды.
Облыс әкімі қаланың басқа да аудандарының мәселелері де шешілетінін атап өтті. Мәселен, Каскад алаңы мен Н.Назарбаев даңғылының жай-күйін көрсетіп, оларды абаттандыру жобасын әзірлеуді тапсырды.
Қарағандыда Ғарышкерлер көшесіндегі автожолды жаңарту жалғасуда. Бұқар жырау даңғылынан Камск көшесіне дейін асфальтбетонның жоғарғы қабатын төсеу жұмыстары аяқталды. Жарықтандыру тіректері, гранит шекарасы орнатылды. Гогольден Штурман көшесіне дейін екі қабат асфальт төселген. Өткелді кеңейту үшін «Гоголь-Ғарышкерлер» қиылысы қайта құрылды.
Сағат кешкі тоғызға дейін созылған әкімнің халықпен кездесуін толығырақ газетіміздің келесі санынан оқи аласыз, қымбатты оқырман!
Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
Ortalyq.kz