Басты тақырыпЖаңалықтар

Қашпаған қашар уызы немесе «Ақмолға» аңсар неге ауды?

Өзге өңірдің жылт еткен жаңалығын көрсек, ішіміз қылп ете қалады. Бұл – көрсеқызарлық емес. Көсегеміз көгергенін көксегендіктен әншейін. Дәл солай, қоңсы қонған Ақмола облысы фермерлерінің «Ақмол» дүкені ашылғанда, тағы елеңдескенбіз. Сонда «Біздің Қарағанды аграрларының астаналықтардан несі кем?» деген сұрақ сумаңдап кеп көмейімізге тығылған. Бәсе, несі кем? Немесе несі басым? Қарағандының өзі  бай,  төрт түлігі және  сай. Егін-шөп, көкөнісіңізден де кемдік көрер жөні жоқ. Ендеше, бұқараны ауыл шаруашылығының арзан өнімдерімен тұрақты қамтамасыз ететін фермерлердің дүкенін ашуға аймақтың адымын не аштырмайды? Қоңыр күзде көш-керуенін түзейтін ауыл шаруашылық жәрмеңкесі тақиямызға тар емес, әрине. Десек те, маусымдық сипатқа ие жәрмеңке хақында емес сөз. Сөз – тұрақты жеткізушісі һәм өндірушісі бар ауыл шаруашылығы өнімдерінің тұрақты жұмыс істейтін ірі дүкені туралы. Сөйтіп,  қашпаған қашардың уызынан дәмететін жайымыз бар.

Дәмететін жөніміз бар көрінеді. Статистикалық деректер аграрлық секторда  Қарағандының әлеуеті мықты дегенді көлденең тартады. Сандар сөйлеп тұрғанда, тіл мен жаққа сүйенуден қашықпыз. Статистикадан сонда ұққанымыз – Қарағандының фермерлері отқа қарап отырған жоқ. Айдағандары бес ешкі емес, мыңғырған мал екен.

Сонымен статистикаға сүйенсек, шамамен, аймақта бұл күні ауыл, орман және балық шаруашылығында ірісі, ортасы, шағыны бар 598 заңды тұлға тіркеліпті. Ал, Қарағанды облысында бірігіп тірлік кешуге белді бекем буып, кооперативке жұдырықтай жұмылғаны 114 көрінеді. Жалпы, облыстағы ауыл шаруашылығында жүрген жандардың  2017 жылғы қаңтар-қарашада шығарған өнімдерінің құны 224956,7 млн. теңгені құрапты, өткен жылғы сәйкес кезеңге 0,3%-ға жоғары екен. Демек, дүкендер желісін неге ашпасқа деп аузымызды ауыр­туымыз негізсіз емес.  Мәселен, қаңтар-қараша айларында мал мен құстың барлық түрлерінің (тірідей салмақта) союға өткізілгені немесе шаруашылықта сойылғаны 110 251,5 тонна, сиыр сүтi  410 252,0 тонна,  алынған  жұмыртқа 567 260,3 дана екен. Мұның сыртындағы облыстың ұқсатушы кәсіпорындары өнімдерін қосыңыз. Яғни, ауыл шаруашылығы дүкендерінің бір емес, бірнешеуін қаланың әр бұрышынан ашып, шашып тастауға, оны жабдықтауға әлеуеті де, әлеуметі де жетерлік. Бұған бұқара да, біз де бәс тігуге бармыз.

Осы арада айта кеткен жөн. Қарағандының қақ ортасында «Алтын арба» сауда-фермерлік орталығы бар. Орталық ашылғанда өнімін өткіземін дейтін шаруашылық, қосалқы шаруашылықтарға бірқатар жеңілдіктер, жақсылықтар ұсынған. Заманауи талапқа сай салынған орталық арзан һәм экологиялық таза өніммен аймақты толық қамтиды деген есек дәме де болған. Делдалсыз сауда деген. Солай болса, солай шығар. Бірақ, аймақтағы 500-ге жуық фермердің ет-ірімшік-құрты онда көптеп кездеспейді. Оған қоса, жұрттың барлығы сонда ағылып жатпайды да. Себебі, «Адамды заман билемек, заман оны илемегі рас» екен. Ондағы төрт түліктің өнімі – кем,  киім-кешек, көйлек-көншек саудасы көбейе түскен. Қазір тағам-тамақтан гөрі кәкір-шүкір саудалап кеткенін өтірік дей алмаймыз. Сондықтан, «Ақмолға» аңсарымыз ауғаны. Сонымен бірге, бұл сөзімізде жұртшылықтың өтініш-тілегі, базына-назы бар.  Әйтпесе, жер астынан жік шығарып, оның құлағын тік шығарар басымызға күн туа қойған жоқ.

Бізге таңсық болған «Ақмолдың» жеткізушілеріне назар аударалық. БАҚ-та жарияланған ақпараттар дүкенге «елордаға азық-түлік жеткізумен аймақтың 128 кәсіпорыны айналысады. Оның ішінде 68-і мал шаруашылығы өнімдерін (ет және ет өнімдері, жұмыртқа), 54-і өсімдік өнімдері (ұн, картоп, көкөніс, сұйық май)» дейді.

Мұндай өңдеуші кәсіпорындар мен ауыл шаруашылығы өнімімен күн көруші қожалықтар жыртылып артылады.  Олай болса, олардың өнімін делдалсыз қабылдайтын, жабайы саудадан мәдениетті саудаға қарай шығаратын осындай дүкен ашылса деген ойдан еш өрескелдік көрінбейді. «Аспандағы айды әпер» деп отырған тағы ешкім жоқ.  Біз  тек бұқараның тілегін жеткізуші ғанамыз.

Қызғалдақ АЙТЖАНОВА

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button