Асхат Тағыберген: «Біздің Даниядан басым түсетінімізге ешкім сенбеді»
Euro-2024 іріктеу кезеңі аясында Қазақстан ұлттық құрамасы өз алаңында Дания құрамасын 3:2 есебімен жеңді. Осы ойында ұлттық құрамасының капитаны Асхат Тағыбергеннің соққан голы таразы басын теңестірген болатын. Әрі оның алыстан тепкен жойқын соққысы әлемнің үздік қақпашыларының бірі Каспер Шмейхельдің қақпасының дәл тоғыздығына кірді. Қазіргі уақытта БАҚ өкілдері мен жанкүйерлер әлеуметтік желіде капитанның шеберлігін жарыса жазып жатыр. Айта кетейік, 32 жастағы жартылай қорғаушы ұлттық құрама сапында алғаш рет гол салып отыр. Футболшы ойыннан кейін тілшілердің қойған сауалына жауап берген болатын. Сол сұхбатты назарларыңызға ұсынуды жөн көрдік…
– Асхат, жеңіс құтты болсын! Ойыннан кейінгі әсеріңіз қандай?
– Сөзбен жеткізу қиын. Шыны керек, біздің Даниядан басым түсетінімізге ешкім сенбеді. Euro-2024 іріктеу кезеңінің алғашқы екі ойынына дайындалғанымызда, барлығы «Қазақстан бәлкім Словенияны жеңуі мүмкін, бірақ Данияға есе жібереді» деді. Армандар орындалады екен. Топтан шығу қиын болар. Дегенмен, үміт үзбейміз. Бастысы, жарқын ойынымызбен жанкүйерлерге қуанта беруге жазсын.
– Неге капитан ретінде пенальтиді өзіңіз теппедіңіз?
– Бахтиер қайта-қайта сұрап, өтініш айтты. Сосын жолымды бердім. Менің өмірімде мұндай жол беру бірінші рет емес. Қостанайдың «Тобылында», одан кейін жақында «Ордабасы» клубында да осы жағдай болды. Әріптестерім сұрағанда жоқ дей алмайтын адаммын.
– Жанкүйерлерге не айтасыз?
– Біздің жеңетінімізге сенбегендерге дұғай-дұғай сәлем айтамын. Төрешінің ысқырығы естілген кезде көзіме жас үйірілді. Осындай керемет тарихи жеңіспен барлық қазақ халқын құттықтаймын. Ал мен соққан голымды марқұм әкеме арнаймын. Ең бастысы, жеңсек те, жеңілсек те бәрімізге бірге болайық. Қолдауларыңызға көп рахмет!
qaz365.kz