Жаңалықтар

Қасқыр соққан Қапса жеңгей

Бұл уақиға 1948 жылы қыс айында болған еді. Ол кезде әкем Жұмаш Шәдетұлы Үлгі колхозында басқарма төрағасы екен. Сол жылы қыс мейлінше суық, қар қалың, саман кірпіштен салынған аласа үйлер қар астында қалып, тек мұржалары ғана көрінеді екен.

Сурет: tuvaonline.ru сайтынан

Табиғаттың осындай қиыншылығы шаруаларға оңай тимей, колхоз малының күтімі де ауыр болған. Оның үстіне сол қыста дала жыртқышы қасқырлар өте көп болыпты. Түнге қарай мал қораларының төбесінен түсіп, малдарды жарақаттап, көп шығын келтірген. Қараңғы уақытта ауылда жүрудің өзі қорқынышты болған.

Кейін ақсақалдар бұл жыртқыштар бір жақтан ауып келген деп отыратын. Қасқырлар таң атқанда ауылдағы мал қораларының жанынан тізбектеліп далаға кететінін көргендер әңгімелеп айтатын. Ауыл азаматтары аттарын баптап, мылтықпен, сойылмен қаруланып, иттерін ертіп, қасқырларды алысқа қарай қуып тастайтын.

Енді әңгімеміздің басты тақырыбына ауыссам, шешем Қапса Зейлекбарқызы ас үйде қазандықта бауырсақ пісіріп жатты. Бір уақытта мені және інім Кеңесті киіндіріп, далаға ойнап келуге шығармақ болды. Мен Кеңесті жетелеп, үйдің есігін аша бергенімде, бөтен бір ит пен біздің Арыстан деген сары қасқа ит үйге кірді.

Сары қасқа Ерейменнің сары қасқа тұқымынан қасқыр алатын ит болатын. Бөтен ит ас үй жаққа еніп кетті, Арыстан төр үйге қарай кірді, есікті арғы жағынан аша алмай, арсылдап тұрды.

Шешем Қапса бізді ас үйдің бұрышына тұрғызып, алдымызды қамыр жайып отырған үстелмен қоршап, қолына отқа жағатын тезекті ұсақтайтын балтаны ұстап тұрды. Сонда ғана білдік, бұл бөтен ит дегеніміз қасқыр екен. Біздің Арыстан деген итіміз қасқырды еріксіз үйге қуып әкеліпті. Бүкіл ауыл тұрғындары хабарланып, үйдің жанына жиналып, үйге кіруге жүрексініп тұрады. Сенектегі отынның үстінде жатқан бөшке ыдысты қасқыр деп ойлаған.

Әкем ол кезде конторда отыр­ған екен. Далаға шықса, үйдің жаны толған халықты көріп, жүгіре басып келеді. Ол уақытта 49 жаста, қайратты, зор адам болатын. Жағдайды естігеннен кейін, бүкіл отбасы қасқырмен бірге үйде екенін білген соң, үйге кіремін дегенде, жанына Бөпежан Бұқпаш келіні деген бәйбіше ереді. Ол кісі де зор, қарулы екен.

Әкем үйге кіргенде, ас үйде жатқан қасқырды көріп, дереу кіреберіс бөлмедегі төселген кигізді алып, тез басып қасқырға жауып, үстіне отыра кетіп, қасқырды тапжылтпайды.

Шешеме:

– Келіп, киіздің сыртынан тұмсықтан қолыңдағы балтамен ұр!, – дейді.

Шешем қасқырды тұмсықтан үш рет ұрып өлтіреді. Қасқыр үлкен екен, төбедегі ілгекке ілгенде, құйрығы жерде шұбатылып жатыпты.

Бұл әңгімені жазда ел аралап жүрген, ол кезде «Советтік Қарағанды» (қазіргі «Орталық Қазақстан») газетінің бас редакторы Бейсенғали Тәйкіманов естіп, менің шешем Қапса Зейлекбарқызымен сұхбаттасып, облыстық «Советтік Қарағанды» газетіне «Қасқыр соққан Қапса жеңгей» деген тақырыппен көлемді мақала жариялапты.

Мен де осы мақаламды сол тақырыппен атап отырмын.

Анам Қапса адамгершілігі мол, газет-журналдарды, әдеби кітаптарды оқып, бар жаңалықтардан хабардар, көзі ашық, көкірегі ояу, ақкөңіл, қонақжай, кімге болсын көмегін аямайтын, ақжарқын адам еді. 2006 жылы ақпан айында 86 жасында өмірден озды, иманың кәміл болсын, анашым!

Мен бұл әңгімені ақпарат құралдарында жарияламасам да, көпшілік жиналған жерде жастарға айтып отырамын. «Егемен Қазақстан» газетінің 2024 жылғы 5 наурызда шыққан санында Қасымхан Ғалымның Сәкүл Сақпаева туралы «Қасқыр соққан апа» мақаласын оқыған соң, шешем туралы мақаламды газет бетіне шығаруды жөн көрдім.

Жеңіс ШӘДЕТОВ,
Бұқар жырау ауданының Құрметті азаматы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button