АймақШет

Ас үйден басталған кондитер цехы

Ақадыр кентіндегі «Caramel» кондитер кешенінің дәмі тіл үйіретін тәтті өнімдеріне сұраныс жоғары. Алғашында кәсібін үйде бастаған Әсел Ерболқызының кәсібі бүгінде өрге домалаған. Үлкен цехтың жұмысы өнімді. Қомақты тапсырыстар қабылдайды.

Сурет Ә.Ерболқызының жеке мұрағатынан

Кәсіпкер Әсел бала кезінен ас үйге жақын өсіпті. Қолы қалт етсе, шайға түрлі торт, бәліш пісіруді әдетке айналдырып алған. Алғаш «Бал» мен «Ханымның сау­сақтары» тортын үйреніп алыпты. Ол кезде қазіргідей кондитер өнімдерін әзірлейтін цехтың жоқ уағы. Қазақтың той-қуанышы көп болған соң тапсырыс төпелеп түсе бастайды. Әрмен қарай мәзірін молайтқысы келеді. Содан орыс тілінде шығатын «Люблю готовить» («Тағамды дайындауды ұнатамын») деген шағын журналды іздеп жүріп сатып алып отырған. Кейіннен интернетке қол жеткен соң түрлі тәтті тоқаштардың құрамын, жасалу жолын содан алады. Сөйтіп торттың, тәтті десерттің түр-түрін пісіруді үйренеді. Содан асүйінен шағын цехқа ауысады. Кәсібі әрмен қарай дөңгелеген Әсел Ерболқызының қарамағында 24 адам жұмыс істейді. Кондитерлік цехы үлкейіп, соншама жұмыс орнын ашып отыр.

Сатылымды ұйымдастыратын менеджерлер, аспазшылар, кондитерлер, дүкенші-кассирлер, салат, нан қамырларын дайындаушылар, бәліш, печенье пісірушілер, әлеуметтік желіге жауап беретін маман, мобилограф бәрі цехтың еңбегін қыздырады. Екі көлік жүргізуші жеңіл көліктерімен тапсырыс берген тағамдарын тегін жеткізіп береді. Соның арқасында кәсіп өркендейді.

– Кулинариялық тәттілерге, ыстық астарға тапсырыс өте көп. Үлгермей жатамыз. Тіпті, кейбір тапсырыстан бас тартуға тура келеді. Үлкендеу бөлмеге кофехана ашсақ деген ой бар. Өйткені, халық, әсіресе жастар сондай жердің болғанын қалайды. Отбасыларымен, балаларымен келіп тәтті бәлішпен кофе, шай ішкілері келеді. Туған күн, басқа да мереке күндері жиналады, – деп кондитер цехының басшысы алдағы жоспарымен бөлісті.

Білікті аспаз арнайы курс ашып, кенттің жастарына шеберлік сабақтарын жүргізеді. Одан дәріс алған жиырмаға тарта жас үйлеріне кент тұрғындарынан жеке тапсырыстар алып, кәсіптерін жалғастырып жатыр.

Кәсібі өрге басқан Әсел Ерболқызы ауруханадағы қызметін де қатар алып жүр. Әдістемелік бөлімінде медицина маманы. Қыз­метіне де тиянақты.

Кәсіпкер қайырымдылық шараларын да назардан тыс қалдыр­майды. Ол жағдайы төмен отбасыларға, мүмкіндігі шектеулі жандарға қаржылай көмек көрсетеді. Кент ішінде өтетін мәдени және спорттық іс-шараларға үнемі демеушілік жасайды.

Аудан экономикасының өркендеуіне айтарлықтай үлес қосып, халықтың той-қуанышына тәтті өнімін ұсынып жүрген «Caramel» кондитер цехының кешегі мен бүгіні осындай.

Қасымхан БҮРКІТҰЛЫ,
Шет ауданы
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button