Жаңалықтар

Асқақ мұрат мұнарасы

Жаңа Конституция жобасының жариялануы заманауи, орнықты әрі әділетті мемлекеттік құрылым жолын айқындайтын жарқын шамшырақ іспетті. Құжат өзегінде адам өмірі тұр: оның құқықтары, қадір-қасиеті және билік қоғамға қызмет етуі тиіс деген берік сенім. Мен де өз кезегімде бірлік пен прогресс рухына суарылған әрқайсымызды Отан тағдырына белсенді араласуға үндеймін.

Сурет автордың жеке мұрағатынан

Иә, жаңа Конституция жобасының әр беті алтын жіппен өріліп, Қазақстан халқының терең де телегей дәстүрлерін XXI ғасырдың сын-қатерлерімен сабақтастырады. Әсіресе, білім, ғылым, мәдениет пен инновацияға қатысты нормалардың күшеюі айрықша назар аударарлық мәнге ие. Өйт­кені, дәл осы салалар – ұлттың ұзақмерзімді өркендеуінің берік бағаналары. Білім болашақ валютасына айналған уақытта заң баптары респуб­ликаны зияткерлік өсудің нағыз ошағына айналдыруға жүр-жүрлейді. Мәйекті мүмкіндіктерден қанаттанған жас ұрпақ жаһан жаңалықтарына өз үлесін қосуға осы бастан тастүйін әзір.

Жаһандық трансформация дәуірінде Қазақстан мемлекеттік құрылымын жаңғырту жолында нық қадам жасап отыр. Қоғам сарабына ұсынылған жаңа Конституция жобасы елдің құқықтық негізін жаңартумен ғана шектелмей, ашық, жауапты және инновациялық қоғамның берік іргетасын қалайды. Партиялардың рөлін күшейтуге, адам құқықтарын қорғауға және билік пен халық арасындағы диалогты дамытуға бағытталған өзекті өзгерістер рес­публиканың саяси және әлеуметтік өміріндегі қуатты катализаторына айналмақ.

Конституция жобасы аясындағы негізгі жаңашылдықтардың бірі – пропорционалды сайлау жүйесіне көшу. Реформа, сөзсіз, саяси партиялардың кадрлық саясатының сапасын арттырып, оның институционалдық рөлін күшейтеді, қоғам алдындағы жауапкершілігін еселейді. Сәл бұрынырақтағы жеке тұлғалық амбициялар басым болған модельден айырмашылығы, пропорционалды жүйе партияларды сайлаушылардың нақты сұраныстарына бағытталған кәсіби мамандардан құралған мықты команда қалыптастыруға ынталандырады. Мұндай тәсіл көптеген демократиялық елдерде өзінің тиімділігін дәлелдеп, саяси бәсекелестіктің артуына да сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің төмендеуіне оң ықпал еткен.

Конституция жобасы мәтінінде алғаш рет адвокатура мен адвокаттық қызметке арналған арнайы баптың енгізілуі де маңызды жаңалық. Азаматтардың құқықтарын қорғауда адвокаттардың рөлін мойындау – көптен күткен жайт еді. Аталған норма құқықтық көмектің сапасын арттырып, әділ сот жүйесін қалыптастырады. Сонымен бірге, зияткерлік меншікті қорғаудың күшеюі инновация мен шығармашылықты мейлінше ынталандырады. Қазақстандық өнертапқыштар, суретшілер мен ғалымдар өз идеяларының қорғалатынына сенімді бола түседі.

Заң атаулысының кері кү­шіне тыйым салу, кінәсіздік презум­п­ция­сы, бір құқық бұзушылық үшін қайта жауапкершілікке тартуға жол бермеу қағидаттары озбырлықтан қорғайтын берік қалқан. Адам құқығын міндетті түрде түсіндіруді көздейтін «Миранда ережесінің» енгізілуі қазақстандық құқықтық жүйені әлемдегі жетекші демократиялық стандарттар деңгейіне көтереді. Сондай-ақ, бірегей жоба Конституцияның ескірген терминологиялық аппаратын кешенді түрде жаңартып, негізгі заңның тілін қазіргі заман талаптарына сәйкестендіреді.

Бірегей Ата Заң жобасы мәдениетті ұрпақтар арасын жалғайтын алтын көпір ретінде айқындайды. Хакім Абайдың эпикалық мұрасынан бастап, отанымызды айдай әлемге танытатын заманауи арт-жобаларға дейінгі ұлттық қазынаны сақтау – көкейдегі көксегеніміз. Бажайлап сараптасақ, аталған құжат өткенге байланбай, болашаққа айқын көзқараспен қарайды.

Цифрлық кеңістіктегі азаматтарды өз құқықтарын қорғау секілді заманауи сын-қатерлер жүйелі әрі асқан көрегендікпен қамтылғаны қуантады. Дерек – онлайн ғасырдың мұнайына, ал, киберкеңістік еркіндік үшін күрес алаңына айналған шақта жаңа Конституция әр қазақстандық үшін қорған бола алады. Десе дерліктей, жеке деректердің хакерлер мен ірі корпорациялардың оңай олжасына айналуына жол бермей, цифрлық құқықтарды күнделікті өмірдің ажырамас бөлігі ретінде бекітеді.

Мәртебелі мәтін нұсқасында жарты ауыз жалған жайт жоқ. Сарапшылар мұндай тәсілдің Еуропадағы GDPR секілді жаһандық стандарттармен (General Data Protection Regulation) – деректерді қорғаудың жалпы ережесі. Стандарт Еуропалық Одақ елдерінде және оның азаматтарының қатысуымен дербес деректерді жинау, өңдеу, сақтау және тарату тәртібін анықтайды) үндес екенін, әрі интернет, тіпті, шалғай ауылдарға дейін жеткен біздің қазіргі ахуалымызға бейімделгенін атап өтуде. Нәтижесінде қоғам мен мемлекет арасындағы сенімді нығайып, жалған ақпарат қаупін азайтып, барлық азаматтарға технологияға тең қолжетімділікті қамтамасыз етеді.

Бірегей жобаны айрықша ететін тағы бір қыры – оны дайындау форматы. Ашық, инклюзивті диалог: сарапшылардың, өңір өкілдерінің, белсенді азаматтардың пікірлері бір арнаға тоғысты. Үдеріс жабық кабинетте емес, кеңейтілген қоғамдық алаңда өтті. Дөңгелек үстелдер, онлайн-форумдар, қала мен ауылдардағы кездесулер тағы басқасы. Жасырып қайтеміз, бұрын реформа атаулысы «жоғарыдан төмен» қағидасымен жүргізілсе, бүгінде біз ерікті эволюцияны аңдап отыр­мыз. Монтаны монологтан серпілісті сұхбатқа ойыстық. Мұндай теңгерімді тәсіл құжаттың легитимділігін арттырып қана қоймай, әр азамат өзін ел тарихының телтума авторы ретінде сезінетін азаматтық мәдениетті қалыптастырады. Сараптамалық тұрғыдан алсақ та, осындай орынды көзқарас әлеуметтік қажетсіз қақтығыс­тардың алдын орайды. Чили мен Исландия секілді елдердегі табысты конституциялық реформалар мұны дәлелдеп отыр. Әрі-беріден соң, атамекеніміздегі ретті реформа әлем назарында екендігін қаперден әсте шығармағанымыз ләзім.

Алдағы референдум – осы жосықты жолдың шарықтау шегі. Әрбір қазақстандық өз елінің нағыз кейіпкеріне, қаһарманына айналатын сындарлы сәт бұл. Асылында дауыс беру – отансүйгіштіктің, жауапкершіліктің, болашаққа деген жанашырлықтың нышаны.

Марина ШИЛЛЕР,
Қарағанды облыстық мәслихатының депутаты

Басқа материалдар

Back to top button