Экономика

Қаржы жөнінде сауаттысыз ба?

Қаржылық сауаттылық деген бір айлықты келесі жалақыға итшілеп жеткізу емес. Немесе несие алып, оны оңды-солды шашу да емес. Себебі, мұнда бір ғана отбасының бюджеті жатқан жоқ. Бір отбасы арқылы елдің бірнеше азаматының әл-ауқаты тұр түп-тамырында. Қазақстанда қаржылық сауаттылықты безбендеу үшін жыл сайын әлеуметтанушылық зерттеу жүргізіледі екен. Тіпті, осыған байланысты 2020 жылы «Қаржылық сауаттылықты арттырудың 2020-2024 жылдарға арналған тұжырымдамасы» бекітілді. Соған қарағанда қаржы жұмсаудағы сауатымыз мәз емес. Қазақстандықтардың тек 36 пайызында қаржы жөнінде сауат бар көрінеді. Өңгеміз бет алды ақша шашқаннан әріге аса алмай жүрміз. Зерттеу соны көрсетті. Келіспеске шара жоқ…

Қаржы туралы білім төмен

Тұжырымдамаға негіз болған зерттеулерге зер салып көрелік. 2018 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасындағы қаржылық сауаттылық деңгейі – 36%. Бұл көрсеткіш қаржылық білім мен қаржылық көрсетілетін қызметтерді пайдалану дағдыларының деңгейлерін, өз қаржы-қаражатын басқара білуін, тұтынушылардың қаржы жүйесі туралы хабардар болуын бағалайды.

Зерттеулер осы көрсеткіш аясындағы ел азаматтарының 32%-ында банкте қарыздары бар екенін айтады. Бұған қоса, олардың 33%- ға жуығы тағы да таяу уақытта несие алуды жоспарлағанын жеткізген. Зерттеу жүргізілгендердің 39%-ында қолма-қол жинақ ақша бар. Бірақ, олар депозит жүйесі туралы хабарсыз. 22%-ы ғана қаржылық инвестиция салады. Осылайша, шамамен 63%-ы қаржы туралы білімінің жетпейтінін атап өткен.

Сауалнама жүргізілген азаматтардың шамамен 84%-ы отбасылық бюджетті жүргізеді. Бұл көрсеткіште айтарлықтай жас айырмашылығы байқалған. Оның ішінде, жастардың бюджетті жоспарлау бейімділігі төмендеу көрінеді. Соған байланысты бюджетті отбасының басқа мүшелерімен бірлесіп қалыптастырады екен. Сауалнама жүргізілген қазақстандықтардың 66%-дан астамы барлық шығысты мұқият қадағалайды. Оның есебін жүргізеді.

Респонденттердің 18%-ы қаржылық көрсетілетін қызметтерді олардың қымбат болуына байланысты пайдаланбайды. Респонденттердің 4%-ы сақтандыру қызметтерін талаптарымен барынша жан-жақты танысқаннан кейін пайдалануға дайын екендігін білдіреді. Ал, шамамен 15%-ы қаржы мекемелеріне сенбейді.

Бар мүмкіндікті пайдаланбайды

Зерттеулер мұнымен шектелмейді. Қаржылық сауаттылық халықты қаржылық көрсетілетін қызметтермен қамтуымен де сипатталады екен. Сонымен бірге, тұтынушылардың қаржы өнімдерінің және көрсетілетін қызметтерінің ауқымды тізбесіне уақытылы қол жеткізуін қамтамасыз ету процесін де білдірсе керек. Бұған келгенде де өзгерістер баршылық. Мысалы, ірі қалаларда қаржылық инфрақұрылымның болу көрсеткіші өңірлердегі, әсіресе, елдің оңтүстігіндегі осындай көрсеткіштерден бірнеше есе асқан. Мысалы, қолма-қол ақшасыз төлемдер санының 1 мың адамға есептегендегі көрсеткіші Алматы үшін 3,9 мыңнан асады дейді деректер. Бұл Қазақстанның батысындағы осындай көрсеткіштен 9 есе және оңтүстік өңірлерден 20 есе дерлік артық екен. «Оған урбандалудың төмен деңгейі жағдайында халықтың барынша жоғары тығыз орналасуы себеп» дейді тұжырымдама.

Қашықтан көрсетілетін қаржылық қызметтердің басым түрде заманауи цифрлық құрылғылар арқылы қолжетімді екендігін атап өткен жөн. Бұл ретте азаматтардың 35%-ға жуығы мүмкіндік пен тиісті инфрақұрылым болғанның өзінде де оларды пайдаланбайды.

Сақтандыру нарығының қызметтеріне қажеттілік деңгейі 7%-дан аспайды. Мұны зерттеулер тұтынушылардың сақтандыру өнімдері мен көрсетілетін қызметтеріне қатысты жеткіліксіз хабардар болуымен байланыстырады. Тұтынушылардың бағалы қағаздар нарығына мүдделілігі азаматтардың 1%-ынан аспайды, инвесторлар шоттарының саны – 124 мың.

Сауатсыздық соңы – кедейлік

Айта берсек, қаржы жөнінде білеріміз – бір тоғыз. Білмейтініміз – тоқсан тоғыз. Сол сауатсыздықтың соңы кедейдің қамытын шешуге мүмкіндік бермейтінін де мойындап қоюға тиіспіз. Ал, бұл туралы білімді Швеция, Ұлыбритания, АҚШ елдері мектептен бастап құяды екен миға… Сіз ше?!

Қызғалдақ АЙТЖАН.

Басқа материалдар

Back to top button