Қаржы саласының мамандары марапатталды
Ертең – ұлттық валюта күні және қаржы жүйесі қызметкерлерінің кәсіби мерекесі. Мереке қарсаңында облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев өңірдегі қаржыгерлер, экономистер мен банк қызметкерлерін қабылдап, құттықтады.
Өңір басшысы өз сөзінде қаржылық тәртіптің жоғары деңгейде болуы білікті мамандардың арқасында екендігін баса айтты.
– Бүгінде қаржы жүйесінде адал әрі жауапкершілігімен құзыреттілігі жоғары мамандар жұмыс істейді. Олар бюджет пен салық заңнамасын жақсы біледі. Сіздерге абыройлы да адал қызметтеріңіз үшін алғыс айтқым келеді. Бұл еліміздің жетістіктерін еске түсіріп, таразылайтын мереке. Сондықтан осы атаулы күн жыл сайын Қазақстанның одан әрі өркендеуіне түрткі болсын!, – деді.
Мерекелік жиын барысында облыстың білім беру ұйымдарындағы өмір және материалдық-техникалық даму бөлімінің басшысы Бағлан Раимжанова «Қаржы қызметінің үздігі» төсбелгісімен марапатталды.
Қаржы басқармасының басшысы Людмила Башарина Қаржы Министрлігінің «Алғыс хатымен», Экономика басқармасының басшысы Татьяна Аблаева Ұлттық экономика министрлігінің «Алғыс хатымен» марапатталды.
Сонымен қатар, қаржы саласының 21 қызметкеріне облысы әкімінің «Құрмет грамотасы» табысталды.
Бағлан Раимжанова өз сөзінде 1995 жылдан бері білім саласында қызмет етіп келе жатқандығын айтты.
– Бюджет қаражатын тиімді пайдалану және жоспарлау – менің сүйікті ісім. Біз білімнің үнемі дамып отыруын мақсат етеміз. Марапат алғаным үшін алғысым шексіз! Барлық әріптестерімді мерекемен құттықтаймын! Денсаулық, бақыт және қаржылық тұрақтылық тілеймін, – деді ол.
Ербол ЕРБОЛАТ,
Ortalyq.kz