Бас тақырып

Қаржы пирамидасынан қалай сақтану керек?

Соңғы жылдары елімізде қаржылық пирамидаларға қатысты алаяқтық істердің көбеюі қоғамды алаңдатып отыр. Бұл жеке азаматтардың қалтасына ғана емес, бүкіл елдің экономикалық қауіпсіздігіне әсер етеді. Интернет пен әлеуметтік желілерде жылдам таралатын осындай алаяқ жобалар көпшілікті оңай табысқа кенелтетін жол ретінде көрсетіледі. Алайда, бұл жобалардың түпкі мәні – жаңа салымшылардың қаражаты мен бұрынғы қатысушыларға төлем жасау арқылы ұйымдастырылатын заңсыз жүйе.

Сурет zhaikpress.kz

Бірнеше пирамиданың жұмысы тоқтатылды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұл мәселені бірнеше мәрте көтеріп, құқық қорғау және қадағалау органдарына нақты тапсырмалар жүктеген еді. Президент атап өткендей, мұндай қаржылық алаяқтықпен күресу – құқықтық мемлекеттің негізгі міндеттерінің бірі. Сонымен қатар, халықтың қаржылық және құқықтық сауаттылығын арттыру – осы қауіп-қатерлермен күрестегі басты құрал.

Қарағанды облысы бойынша Қаржы мониторингі агенттігінің Экономикалық тергеп-тексеру департаменті аталған бағытта жүйелі және нәтижелі жұмыс жүргізіп келеді. Департамент мамандарының тергеу және жедел іздестіру шараларының арқасында соңғы жылдары облыс көлемінде әрекет еткен 30-дан астам қаржы пирамидасы әшкереленген. Бұл жобалар еліміздің түрлі өңірлерін қамтып, олардың бірқатары Қарағанды облысы аумағында тамырын кеңге жайған.

Анықталған жобалар арасында Finiko, QI Trade Kazakhstan, «BusinessGame», «Не работа», BayLife, LifeisGood, TheGreatTower, «Faberlic», «AmanatHome», «Елім-ай 2019», LiveGood, Sincere Systems Group секілді ин­тернет арқылы әрекет еткен ауқымды жобалар бар. Аталған схемаларға 100 мыңнан астам азамат тартылып, олардың кемінде 5 мыңы – кеншілер өлкесінің тұрғындары.

– Жалпы, 40 қылмыстық іс тергеуге алынса, соның 27-сі – биыл тіркелген. Сонымен қатар, 21 іс аяқталған. Оның ішінде, 19 іс сотқа жолданып, 2 іс өндіріс­тен қысқартылды. Салмағына қарай сараптасақ, ауыр қылмыстар – 14 іс, орташа ауырлықта – 5 іс, шағын ауырлықта – 2 іс, – деп атап өтті Қарағанды облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті Тергеу басқармасының басшысы Қуат Избанов.

Департамент қызметкерлері бұл жобалар бойынша қылмыстық істер қозғап, бірқатар ұйымдастырушылардың әрекетін сотқа жеткізген. Атап айтқанда, кейбір істер бойынша күдіктілерге нақты жаза тағайындалды. Нақтырақ айтсақ, оның бірі – 7 жылға бас бостандығынан айырылса, екіншісіне шартты түрде 5 жылдық жаза белгіленді. Қылмыстық істердің басым бөлігі ауыр және орташа ауырлықтағы қылмыстар ретінде танылды.

Тергеу барысында келтірілген шығын көлемі 2 миллиард теңгеден асып кеткен. Оның басым бөлігі, яғни 1,9 миллиард теңгеге жуығы мемлекет тарапынан қайта өндірілді. Және күдіктілердің мүлкіне тыйым салу арқылы өтелді.

Цифрлық кеңістіктегі қауіп

Бүгінгі таңда қаржы пирамидалары тек дәстүрлі тәсілдермен ғана емес, цифр­лық кеңістікте де кең таралған. Әсіресе, әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы салымшылар тарту белең алып отыр. Осыған байланысты департамент интернет кеңістігін үнемі бақылауда ұстайды.

Ресми дерекке сүйенсек, соңғы кезеңде күмән тудыратын 1 300-ден астам интернет-сілтеме анықталып, олардың басым көпшілігі, шамамен 1 100-ге жуығы бұғатталған. Бұл – жүздеген азаматтың алаяқтық желілерге алдануына жол бермей, олардың қаржылық қауіпсіздігін қамтамасыз етті.

Қаржылық пирамидалармен күрес тек қылмыстық жауапкершілікпен шектелмейді. Бұл бағытта алдын алу және ақпараттық түсіндіру жұмыстары да ерекше маңызға ие.

Департамент тарапынан профилактикалық шаралар кең көлемде ұйымдастырылады. Атап айтсақ, мектептер мен жоғары оқу орындарында арнайы дәрістер мен кездесулер өткізіліп, бұл жұмысқа жалпы саны тоғыз мыңға жуық адам тартылған. Соның ішінде, 60-тан астам мектеп пен 25-ке жуық жоғары оқу орны қамтылып отыр.

Сондай-ақ, AdalMedia компаниясымен бірлесіп, Қарағанды қаласындағы коммуналдық қызмет төлем түбіртектерінде тұрғындарға ескерту сипатындағы ақпарат берілуде. Бұл – 320 мыңнан астам тұтынушыны қамтитын тиімді әдіс. Сонымен қатар, CityMall сауда орталығы мен «Сарыжайлау» кинотеатрында арнайы бейнероликтер көрсетіліп, азаматтарды қаржы пирамидаларынан сақтандыру көзделген.

Telegram арқылы тексере аласыз

Қаржы мониторингі агенттігі азаматтарға ыңғайлы болу үшін «Байқа пирамида» атты Telegram-ботты іске қосты. Бұл құрал арқылы кез келген азамат ұйымның атауын енгізіп, оның қаржылық пирамида белгілері бар-жоғын онлайн түрде тексере алады. Қарапайым әрі қолжетімді бұл қызметтің халық арасында танымалдығы артып келеді.

Департамент өкілдерінің пікірінше, мұндай алаяқтық құрылымдар тек ірі қалаларда ғана емес, шалғай аудан орталықтарында да ұйымдастырылады.

Бұдан бөлек, сала мамандары жалғыз қаржы пирамидасы бір облыстың аумағында бір уақытта бірнеше кеңсе ашып, белсенді жұмыс жүргізе алатынын айтады. Бұл олардың ұйымдасу деңгейінің жоғары екенін көрсетеді. Осы себепті, бұған қарсы әрекет те жедел әрі кешенді болуы тиіс.

Сонымен қатар, мамандар қылмыстық істерді анықтап, сотқа жеткізуді ғана мақсат тұтпайды. Бастысы – азаматтарды осындай схемаларға мүлде жолатпау. Сол үшін алдын алу, ақпараттандыру, цифрлық кеңістікті тазарту жұмыстары тұрақты жүргізіліп келеді.

Түйін

Қаржы пирамидасы – жеке адамның ғана емес, тұтас қоғамның тыныштығына төнген қауіп. Қарағанды облысында бұл бағытта жүргізіліп жатқан жүйелі жұмыс – Президент тапсырмасының іс жүзінде жүзеге асып жатқанын көрсетеді. Құқықтық сауаттылықты арттыру, интернеттегі күмәнді жобаларға тосқауыл қою және азаматтарды ақпараттандыру – қауіптердің алдын алуға мүмкіндік береді. Мұнда мыңдаған адамның тағдыры, еңбегімен тапқан адал ақшасы жатыр.

Егер, Сіз, күмәнді инвестициялық жоба немесе интернет-жобаға тап болсаңыз, дереу тиісті органдарға хабарласып, Telegram-дағы «Байқа, пирамида!» боты арқылы тексеріңіз!

Жәлел ШАЛҚАР,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button