Қаржы пирамидасы: 5 мың қарағандылық алданған
Қарағанды облысында соңғы төрт жылда 31 қаржы пирамидасы әшкереленіп, олардың заңсыз қызметі тоқтатылды. Алаяқтық схемаларға еліміз бойынша 100 мыңнан астам адам тартылған, оның ішінде 5 мыңнан астамы өңір тұрғындары. Тек биылғы жылдың өзінде облыстық экономикалық тергеп-тексеру департаменті сегіз жаңа қаржы пирамидасын анықтады.

Бұл туралы Қарағанды облысының өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте экономикалық тергеп-тексеру департаментінің тергеу басқармасының басшысы Қуат Ізбанов мәлімдеді. Оның айтуынша, ведомство төрт жыл ішінде 40 қылмыстық істі тіркеген. Азаматтарға келтірілген залалдың жалпы көлемі 2,1 миллиард теңгені құрап отыр.
– Қаржы пирамидасын құру және басқару – тергеу тәжірибесінде ең күрделі әрі қауіпті қылмыстардың бірі. Биыл бес мыңнан астам жәбірленуші тіркелген алты қылмыстық істі тергеп жатырмыз, – деді Қуат Ізбанов.
Жыл басынан бері екі қылмыстық іс бойынша сот үкімі шықты. Қаржы пирамидасының құрылымдық бөлімшелерін басқарып, азаматтардан 100 миллион теңге жинаған екі адам жауапқа тартылды. Соттың шешімімен олардың бірі 7 жылға бас бостандығынан айырылды, ал екіншісіне келтірілген шығынды толық өтегені үшін 5 жыл шартты жаза тағайындалды.
Республикалық деңгейде жұмыс істеген бір қаржылық схеманың өңір аумағында төрт бірдей кеңсесі болған: екеуі Қарағандыда, біреуі Теміртауда, біреуі Балқашта. Оның қызметі тоқтатылып, іс сотқа жолданды.
Тергеу жұмыстарымен қатар, департамент қаржы пирамидаларының алдын алу бағытында ақпараттық-түсіндіру шараларын да белсенді жүргізуде. Мамандар мектептер мен жоғары оқу орындарында дәрістер оқып, жергілікті атқарушы органдар мен олардың құрылымдық бөлімшелерінде кездесулер өткізіп келеді. Сондай-ақ ұйымдардың қаржы пирамидасының белгілеріне ие екенін тексеруге мүмкіндік беретін Baiqa, piramida! атты Telegram-бот әзірленген.
Алайда барлық ескерту мен түсіндіру жұмыстарына қарамастан, тұрғындардың күмәнді жобаларға қызығушылығы әлі де бәсеңдемей тұр.
– Біз ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүйелі түрде жүргізіп келеміз, дегенмен азаматтар әлі де болса күмәнді жобаларға ақша салуын тоқтатпай отыр, – деп атап өтті Қуат Ізбанов.
Жарты жыл ішінде қаржы пирамидасының белгілері бар мыңнан астам интернет-ресурс бұғатталды. Сонымен қатар, департамент қызметкерлері есірткі, заңсыз алкоголь өнімдері және өзге де тыйым салынған тауарларды жарнамалайтын сайттарға қолжетімділікті шектеу жұмыстарын қатар жүргізуде.
Аида РАХЫМҚҰЛОВА