АймақАқтоғайБас тақырып

Қарағандыда Ақтоғай ауданының өнімдері сатылатын дүкен ашылды

Тауар бағасының үнемі құбылуы нарықтық экономиканың заңдылығы. Алайда тұрғындардың әлеуметтік әл-ауқатын баса назарда ұстау жергілікті биліктің басты міндеттерінің бірі. Осы мақсатта Қарағанды қаласында арнайы әлеуметтік павильон ашылды. Мұнда Ақтоғай ауданының шаруалары өз өнімдерін тікелей ұсынатын болады. Яғни, бұл жоба ортадағы делдалсыз сауда жүргізу арқылы бағаны тұрақтандыруға бағытталған. Дүкеннің ашылуына байланысты сөрелерге тоннаға жуық ет қойылып, сатылымға шығарылды. Павильонның ашылуына Ақтоғай ауданының әкімі Абылай Аманжолов қатысып, бастаманың маңыздылығын атап өтті.

Суреттерді түсірген автор

Іс-шара барысында аудан әкімі әлеуметтік дүкеннің ашылуы өңір халқы үшін маңызды әлеуметтік қадам екенін атап өтті.

– Бұл игі бастама облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаевтың тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылып отыр. Аймақ басшысы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасының негізсіз өсуіне жол бермес үшін облыс орталығы мен аудандарда арнайы әлеуметтік дүкендер ашуды міндеттеген болатын. Осы тапсырма аясында Ақтоғай ауданында жаңадан құрылған «Сапа MІХ» тұтыну кооперативінің ұйытқы болуымен әлеуметтік дүкен өз жұмысын бастады. Аталған павильон арқылы Ақтоғайлық шаруа қожалықтары мен жеке қосалқы шаруашылық иелері табиғи, сапалы әрі экологиялық таза ауыл шаруашылығы өнімдерін қала тұрғындарына тікелей ұсынбақ. Делдалсыз сауда жүргізіп, сапалы тауарларды қолжетімі бағада ұсынатын боламыз, – деді Абылай Базылұлы.

Ал, сөз алған «Сапа MІХ» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің құрылтайшысы Марат Көкеев бастаманың маңыздылығына тоқталды.

– Бұл дүкеннің басты мақсаты – халықтың игілігіне қызмет ету. Ауыл еңбеккерлері өз өнімдерін ешқандай делдалсыз осында өткізе алады. Бұл – шаруалар үшін үлкен мүмкіндік. Дегенмен, бұл істің табысты болуы халықтың қолдауына тікелей байланысты. Егер тұрғындар осы дүкеннен тауар сатып алып, отандық өнімге сұраныс білдірсе ғана, шаруалардың еңбегі еленеді. Сондықтан бәріміз жұдырықтай жұмылып, ауыл азаматтарының маңдай терін бағалауға тиіспіз, – деді Марат Көкеев.

Ауыл тұрғындары өз өнімдерін тікелей осы әлеуметтік дүкенге өткізе алады. Бұл дегеніңіз, шаруалар үшін өнімін өткізудің қолайлы әрі сенімді жолы. Алайда, дүкеннің «әлеуметтік» мәртебесіне байланысты өнімдерді нарықтағы бағадан төмен қабылдайды екен. Мәселен, ет өнімдерін келісіне 50 немесе 100 теңгеге арзан алады. Десе де, бұл дүние қала тұрғындарына қолжетімді баға ұсыну мақсатында жасалған. Өнімді дүкен иелері қабылдап алғаннан кейін сөрелерге арнайы бекітілген, яғни, әлеуметтік маңызы бар тұрақты бағамен қойылады.

Жалпы, өңірдегі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бағасы облыс әкімдігімен бекітілген. Сондықтан, әлеуметтік дүкендерде бұл шекті бағадан асырып сату – заң бұзушылық болып саналады. Егер қандай да бір өнім белгіленген бағадан қымбатырақ саудаланса, жауапты тұлғаларға әкімшілік жаза қолданылады. Тиісті мекемелер тарапынан бағаға тұрақты мониторинг жүргізіледі.

Мәселен, сіз ірі қара малын сойып, етін сатқыңыз келді дейік. Бұрынғыдай тұтынушы іздеп, базар жағалап әуре болмайсыз. Бар болғаны етті осы әлеуметтік дүкенге әкелсеңіз жеткілікті. Мұндағылар өніміңізді өлшеп, бекітілген бағаға сәйкес ақшаңызды қолма-қол санап береді. Дегенмен, кей жағдайда дүкен кассасында қаржы жетпей қалуы да мүмкін. Сондықтан, қосымша бір немесе екі күн мұғдарында күту керек боласыз.

Әлеуметтік дүкен тек ет өнімдерін ғана емес, ауыл шаруашылығының басқа да өнімдерін қабылдайды. Атап айтсақ, көкөніс, сүт өнімдері, жұмыртқа және өзге де табиғи өнімдері бар тізімде.

– Мысалы, дүкен сөрелерінде нанның бағасы – 130 теңге. Жаңа піскен нандар күн сайын әкелініп, сөреге қойылады. Біз бұл ретте жергілікті «Қарағанды Нан» зауытымен келісімге келдік. Зауыттан қандай бағамен жеткізілсе, дәл сол бағада, үстіне қосымша ақы қоспай халыққа ұсынып отырмыз. Қазіргі таңда зауытпен келісіп, 2 миллион дана нанды алдын ала сатып алғанбыз. Одан бөлек, дүкенде жұмыртқа бағасы да нарықтағы бағадан төмен, яғни, данасына 45 теңгеден саудалануда. Қазіргі уақытта жұмыртаның нарықтағы орташа баға – 51 теңгені құрайды. Жалпы, жұмыртқа бағасы дәл осы маусымда қымбаттайды ғой. Соның алдын алу үшін біз Майқұдықтағы құс фабрикасымен форвардтық келісімшарт жасап, 7 миллион дана жұмыртқаны алдын ала сатып алдық. Көктемге дейін осы бағаны сақтап тұруды көздеп отырмыз. Бұл – бағаның күрт өсуінің алдын алуға бағытталған нақты шара, – деді Марат Көкеев.

Жалпы, әлеуметтік маңызы бар тауарлардың 19 түрі бар делік. Сол тауарлар жыл он екі ай бойы үкімет бекіткен шекті бағамен халыққа ұсынылады. Ал, әлеуметтік дүкеннің жалдау ақысы да жеңілдетілген шартпен берілген. Бұл да кәсіпкерлер үшін тиімді мүмкіндік. Алайда, дүкеннің күнделікті шығындары мен қызметкерлердің еңбекақысын өтеу үшін басқа да тауар түрлері қойылған. Бірақ, ол тауарлар нарықтық бағамен сатылады.

Ербол ЕРБОЛАТ

Басқа материалдар

Back to top button