Қарызы жоқтың көңілі тоқ
Кезекті Жолдауында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Amanat» партиясының «Қарызсыз қоғам» жобасын ерекше атап өткені бар. «Бұл жоба аз уақытта өзінің тиімділігін көрсетті. Үкіметке «Amanat» партиясымен бірлесіп, оның ауқымын кеңейтуді тапсырамын. «Қарызсыз қоғам» жобасының игілігін бүкіл еліміз көруі қажет», – деді. Жобаның маңыздылығын былтырғы Жолдауында да айтты. Әсіресе, алаяқтардың құрығынан сақтану үшін «қазір қаржы және экономика негіздерін білу, қарапайым цифрлық дағдыларды меңгеру аса маңызды болып тұр. Осы ретте, «Amanat» партиясы ұсынған «Қарызсыз қоғам» жобасын атап өткім келеді», – деген болатын Президент.

Жасыратыны жоқ, қазір банктерден шектеусіз несие алып, қарызға белшесінен батып отырған қазақстандықтардың қатары көп. Халықтың несиеге тәуелділігі мен қаржылық сауатының төмендігі әлеуметтік проблемаға айналды. «Қарызсыз қоғам» жобасы Президент тапсырмасымен осымен екінші жыл әлеуметтік проблеманы шешуге атсалысуда.
Жобаның Қарағанды облысы бойынша жетекшісі Әсел Атабаеваның айтуынша, «Қарызсыз қоғам» жобасы қоғам тарапынан бірте-бірте сұранысқа ие болып келеді. Қаржылық сауатын ашып, оқытуға қатысқысы келетіндер қатары да өсіпті. Былтыр жыл соңына қарай оқығысы келетіндердің кезегі қалыптасыпты. Алайда, биыл енгізілген өзгерістерге сәйкес оқыту мақсатты түрде жүргізілуде.
– Жоба аясында былтыр кез келген қазақстандық оқып шықты. Ал, биыл жоба тек қаржы ұйымдарына 90 күннен асқан берешегі бар адамдарды оқытуды қолға алды. Мұндай адамдар ел бойынша 1,5 миллионнан асады. Сондықтан, жобаны жүзеге асыруға Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі қосылды. Былтыр енгізілген Отбасының цифрлық картасына тіркелген D, Е санаттағы адамдар оқиды. Біз бұл адамдарды жұмыспен қамту, еңбек мобильділігі орталықтары арқылы іздеп, оқуға шақырып жатырмыз, – дейді Әсел Атабаева.

Қарағанды облысында аталған санатқа жататын 88 мың адам бар. Жобаның биылғы жоспарына сәйкес 27 мың адам қамтылуы тиіс. 30%-ы офлайн болса, қалғаны оқуды онлайн өтеді.
Жобаның ең басты мақсаты – қаржылық сауаттылықты арттыру, ал, ең негізгісі – несие алып, қайтара алмай жүрген азаматтарға көмектесу. Олар несиеге қалай тәуелді болып қалғанын өздері де байқамайды, соңында оны өтеуге мүмкіндіктері болмай, қиналады. Жоба мамандары осындай қиын жағдайға тап болған жандарды іздеп тауып, тығырықтан шығуға көмектеседі. Оның бірнеше жолдары бар.
– Мәселен, жеке тұлғаны банкрот деп тану, – дейді Әсел Атабаева. – Оны сотпен және сотқа дейін жүзеге асыруға болады. Биылдан бастап банкроттықты сот арқылы растап жүрміз.
Төлем қабілеттілігін қалпына келтіру, қайта құрылымдау, қайта қаржыландыру секілді құралдар қолданылады. Әдістер әр адамның жағдайына қарай таңдалады. Айта кететін маңызды жайт, біз борышкердің қарызын өтеп бермейміз, оны өзі өтейді. Біз тек қарызын тиімді өтеуге көмектесеміз. Мысалы, ай сайынғы төлем мөлшерін азайтуға, себепті жағдайларда бірнеше айдан бір жылға дейін «демалыс» алуға тағы басқа да көмек береміз.
Ол алаяқтардың кесірінен қарызға батқандарға көмек көрсетілетінін де жеткізді. Несие алаяқтық жолмен рәсімделгені сотта дәлелденген жағдайда банк оны кешіреді. Жоба жетекшісі аталған бастама халықтың көптеген әлеуметтік мәселелерінен хабардар болып, алдағы уақытта оларды шешуге жол іздеуге ықпал еткенін алға тартты.
– «Қарызсыз қоғамның» арқасында жеті заңнамаға өзгеріс енгізілді. «Несиеден бас тарту» мүмкіндігі енгізілді. Оны қолданған адамда несие рәсімделсе, банк оның үшінші тұлға деп санап, қабылдамайды. Бұл – алаяқтық әрекеттерден қорғануға көмек. Несие мөлшері 100 айлық есептік көрсеткіштен асса, жұбайының (зайыбының) келісімі қажет. Ерлі-зайыпты ажырасқан жағдайда несиені өтеу екі адамға бірдей бөліну үшін қабылданған жаңашылдық. Әйтпесе, көп жағдайда әйелдер күйеулеріне несие алып беріп, ақыры өздері төлеп қалады. 90 күннен асса, үстемақы мен комиссия есептелмейді. Одан басқа, табысы жоқ студенттерге несие беруге тыйым салынды. Сондай-ақ, әскерге кеткен жастардың несиелеріне «демалыс» беру шаралары қабылданды. Мұның барлығы өмірде кездесетін, әр адамның басындағы нақты оқиғалар негізінде енгізілген өзгерістер. Жоба болмаса, бұл мәселелер ашық айтылып, оларды шешу үшін шаралар қабылданбас еді. Осы ретте жобаның «Amanat» партиясының атынан жүзеге асырылып отырғаны, оған қосымша мүмкіндіктер беретінін айтуға болады. Себебі, партия депутаттарының бастамасымен заңнамаға өзгерістер енгізіліп жатыр. Әйтпесе, «Қарызсыз қоғам» мемлекеттен қаржыландырылатын жоба емес. Инвесторларды біз өзіміз табамыз. Бүгінгі таңда бірқатар екінші деңгейлі банктер жобаның серіктесіне айналды, – дейді Әсел Асанқызы.
Қазіргі уақытта «Қарызсыз қоғам» қазақстандықтардың көпшілігіне мәлім. Жоба жетекшісі қарызға батқан көпбалалы ананың қалай кәсіпкер атанғанын мысалға келтірді.
Алты баланың анасы грант алуға екі рет өтінім бергенімен, қаржылық ұйымдар алдындағы қарызына байланысты бермеген. Жобаға қатысқан оған сарапшылар грант алуға көмектеседі. Жан-жақты көмектің арқасында оның бұғатталған шоты ашылады. Арнайы курстан өткеннен кейін грант қаражатына шаштараз кабинетін ашты.
– Осындай кейстер көп. Қызығушылық танытып келетіндер бар, оқуға құлқы жоқ адамдар да кездеседі. Жоғарыда айтқан санатқа жататындардың көпшілігі «біреу міндетті» деген қағидамен өмір сүретіні қынжылтады. Оқуды керек етпей, бірден несиесін алға тартып, «төлеп бересің бе?» деп сұрайды. Келген адамның қарыз картасын жасау үшін несие тарихы қажет. Соны да электронды үкімет порталына алып бере алмайды. Сондықтан, біз оқыту форматын ауыстырдық. Бұрынғыдай бес күн емес, үш күн оқытамыз, сосын ол адамдарға құжат тапсыруға көмектесеміз. Әр адаммен ілесіп, қай құжатты қайдан алатынын айтып, көрсетпесе, олар жүре береді, – дейді ол.
Мұның алдында Президент тапсырмасы бойынша өмірлік қиын жағдайға тап болғандардың несиелері кешірілді, жеке тұлғалардың банкроттығы жайлы заң қабылданды, халықтың несиеге тәуелділігін төмендетуге бағытталған заңнамалық өзгерістер әзірленді. Дегенмен, мұның барлығы жеткіліксіз екенін іс жүзінде аңғару қиын емес. Әлеуметтік мәселенің түйіні қоғамда «қаржылық мәдениет» пен «қаржылық сауаттылық» қалыптасқанда шешілетін сыңайлы.
– Олардың құлқы болмаса да қаржылық сауаттылық, ақшаны үнемдеу, жинау туралы жан-жақтан айта беру керек. Ерте ме, кеш пе, адам ойланады, өзгелерге қарайды. Алғашқыда, әрине, қиын, еңбегіңнің бәрі бекер сияқты. Алайда, алдағы бес-алты жылда халықтың қаржылық сауаты артады деп ойлаймын. Біздің халық шыдамсыз, нәтижесін бүгін көргісі келеді. Бірақ, «Қарызсыз қоғам» ондай жоба емес. Ол нәтижесін біртіндеп береді, – деп ойымен бөлісті ментор.
Оның айтуынша, халықтың аталған санаты бұл көмектен бас тартса да, мемлекет олардан бас тартпайды. Мемлекет үшін әр адам маңызды.
– Кез келген ел шетелдік инвесторлардың келуіне мүдделі. Қазақстан да солай. Әлемдік деңгейдегі алпауыт инвестор келсе, елдің экономикалық, әлеуметтік жағдайы толық сараланады. Сонда халықтың қарызға батқаны ел үшін жақсы көрсеткіш емес. Сондай-ақ, бұл әлеуметтік шиеленістердің себебі болуы да мүмкін. Сондықтан, мемлекеттік саясат түрлі әдістермен оны шешуге бағытталады, – дейді ол.
Осы ретте қарызға белшесінен батып, күйзелісте жүрген адамдарды жобаға шақыру, олармен тіл табысу да оңай емес екені ойға келеді. Сарапшылар әрі қаржыгер, әрі психолог болуы керек. Әсел Атабаева да жақында ғылыми-педагогика саласында магистратура тәмамдапты. Экономист қаржыгерде бұрыннан кәсіби коуч біліктілігі бар. Жобаны аймақта жүзеге асыратын төрт сарапшы да сондай білікті мамандар.
– Кешкі уақыт немесе демалыс күндері дегенді «білмейтін» адамдар болады. Неше түрлі негатив сөздер айтып, балағаттайтындары да бар. Соның бәрімен дұрыс сөйлесіп, болмай жатса, басқа жолдарын нұсқап жіберу керек. Жақсылық жақсылықты тудырады. Мен осыған сенемін, – дейді Әсел Атабаева.
Оның пайымынша, жан-жақты толысқан адам қоғам «Ол туралы не дейді?», «Не киіп, не ішеді?», «Айфонның қандай үлгісін ұстайды?» деген сыңайдағы сұрақтарға басын қатырмайды. Әлемде «менмін» деген миллиардерлер қарапайым-ақ жүреді емес пе? Ал, біздің қоғам әлеумет үшін жұмыс істейді, иллюзиямен өмір сүреді.
– Біз оқытпаймыз, тәрбиелейміз десек, дұрыс болатын сияқты. Бала күнімізде еңбектеуді, жүруді, тамақтануды, оқуды ата-ана үйретеді. Ал ақшамен жұмыс істеуді ешкім үйретпейді. Қарызсыз қоғамда өмір сүру үшін ақшамен жұмыс істеу дағдысы қалыптасу керек. Ең өкініштісі, қарызға өмір сүруге үйреніп алдық. Мұндай отбасында тәрбиеленіп жатқан балаларда да «қарызсыз өмір сүруге болады» деген түсінік жоқ. Әуелі ақшаны табуды емес, оны үнемдеуді үйренген дұрыс. Алдын ала жоспарлау, жалақының бір бөлігін жинау, эмоционалды сатып алулардан аулақ болу – қарапайым әрекеттер болса да, нәтижелі. Тек жасап көру керек, – дейді ол.
«Қарызсыз қоғам» жобасы алғаш рет 2023 жылы елдің сегіз аймағында жүзеге асырылды. Бұл жылы 20 мыңнан астам қазақстандық оқып шықты. Президент тапсырмасынан кейін республика көлеміне таратылды. Аймақта жоба былтырдан бастау алады. Былтыр жоспар артығымен орындалғанын айтады мамандар. Әуелде жоспарланған 9 мың емес, 11 мың адам оқып шықты. Ел бойынша 780 мың адам жобаға қатысты. Жобаның өткен жылғы қорытындысы бойынша 40%-дан астам қатысушы – қарыз жүктемесін, 70%-ы – ай сайынғы несие төлем мөлшерін, ал, 41%-ы – несиелердің жалпы санын азайтуға қол жеткізген.
Жансая ОМАРБЕК,
«Ortalyq Qazaqstan»