Бас тақырып

Қарыздың жүгі жеңілдейді

Қарыз алғыңыз келе ме? Ендеше, құлағыңыз түрік болсын. Елімізде тұтынушы несиесіне қатысты жаңа ереже, жаңа талаптар қолданысқа енгізілмек. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі, банк пен микроқаржы ұйымдарының жұмыс ережелеріне өзгеріс енгізетін қаулы жобасын даярлады. Асылында аталған өзгерістер легі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында баса белгіленген тапсырмаға сәйкес орын алды.

Коллажды жасаған Шынар Адамбекова

Елімізде тұтынушылық несиелеу­дің қарқыны жоғары. Бір қарағанда мұны экономикалық белсенділік десек, жаңылыспаймыз. Бірақ, миллиондаған адамның мойнына артылып жатқан қаржы қамыты былайғы өмірімізге жүк екендігі және жасырын емес. Мәселен, қарапайым телефон үшін алған несие болсын, тоңазытқышқа бөліп төлеу, той қарызы сынды жайттар сайып келгенде адамның тынысын тарылтады. Осы қауіптің алдын алу үшін жаңа жоба банк және микроқаржылық ұйымдардың жұмысын қайта сүзгіден өткізіп, нормативтік-құқықтық базаны жетілдіруді көздейді. Асылы, бұл – жай заңнамалық «түгендеу» емес, қаржылық тәртіп орнатуға бағытталған жүйелі әрекет. Жобаның түпкі мақсаты – тұтынушылық кредит берудің шектен тыс өсімін тежеу. Азаматтардың шамадан тыс қарызға батуының алдын алу. Қаржы ұйымдарының несиелік саясатында жауапкершілікті күшейту. Аталған өзгерістер қаржылық жүйені тұрақтандырып қана қоймай, миллиондаған қазақстандықтың отбасылық бюджетіне тікелей игі әсер етеді. Себебі, осы жолғы негізгі ұстын тек ақшада ғана емес, сенімде, қауіпсіздікте және тұрақты болашақта болып тұр.

Сонымен, жаңа жоба қандай қағидаттарды қамтиды? Тоқталайық. Жобада тұтынушылық несиелеу саласын тәртіпке келтіруге және азаматтардың борыштық жүктемесін шектеуге бағытталған нақты шектеу шаралары көзделді. Атап айтқанда, төлем мерзімі 30 күннен асып кеткен, бұрын тиімсіз қайта құрылымдаудан өткен немесе соңғы 36 ай ішінде кешірілген қарыздары бар тұлғаларға қайтадан қарыз беруге тыйым салынады. Бұл – қаржылық тәртіпті бұзған қарыз алушыларға қатысты бақылауды күшейтуге арналған маңыз­ды тетік. Кепілсіз тұтынушылық қарыздар легінің мерзіміне қатысты жаңа шектеу енгізіледі: 5 жылдан астам мерзімге мұндай қарыз беруге жол берілмейді. Аталған іргелі шара ұзақ мерзімді жоғары пайыздық міндеттемелер арқылы азаматтардың қаржылық тәуекелін төмендетуге бағытталған.

Үш жылдан бес жылға дейінгі мерзіммен берілетін кепілсіз тұтынушылық қарыздарға қатысты борыштық жүктеме коэффициентінің ең жоғары мәні 0,25 деңгейінде шектеледі.

Яғни, азаматтың табысына қарай қарыз көлемін нақты реттеп, оның қаржылық мүмкіндіктерінен тыс қарыз жүктемесіне ұшырауына енді жол берілмейді. Және соңғы 12 ай ішінде 90 күннен астам мерзімі өткен қарызы бар азаматтарға жаңа қарыз беру бойынша қосымша шектеулер қарастырылған. Сонымен қатар, үш жылдан астам мерзімге берілетін кепілсіз тұтынушылық қарыз­дар бойынша тәуекел-саралау 350% деңгейінде белгіленеді. Осылайша банк секторының тәуекелі нақты бағаланып, несие портфелінің сапасы артпақ.

Мемлекет басшысы Қасым-­Жомарт Тоқаев өзінің Жолдауында әділетті Қазақстан құру үшін қаржылық тұрақтылық пен азаматтардың әл-ауқатын арттыруға басымдық берді. Осы бағытта қабылданып жатқан жаңа тұтынушылық несиелеуді реттеу ережелері – Президент тапсырмасының жүйелі жалғасы деп толық сеніммен айта аламыз.

– Тұтынушылық несие саласына енгізіліп отырған ілкімді өзгерістер халықты артық қарыз жүктемесінен қорғап, қаржылық сауаттылықты арттыруға, азаматтардың табысына сай әрі жауапты түрде несие алуына мейлінше мүмкіндік ұсынады. Жаңа ережелер тек қаржы ұйымдарын тәртіпке шақырып қана қоймай, олардың несиелік саясатына сапалы өзгеріс енгізуді міндеттейді. Кепілсіз несиелердің мерзімін бес жылдан аспайтын етіп шектеу, қарыз алушының табысына сай жүктеме коэффициентін нақтылау, төлем қабілеті нашар азаматтарға несие беруге тосқауыл қою – қаржылық қауіпсіздікке жасалған ұтымды қадамдар. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сай қолға алынған шаралар қаржы нарығындағы тұрақтылықты нығайтып, азаматтардың болашағына деген сенімін арттырады. Ең бастысы, экономикалық өсіммен қатар, әлеуметтік әділеттілік те алға шығады, – деп пікір білдіреді жергілікті экономист Дәурен Қабылбеков.

Жалпы алғанда, жоталы жоба азаматтардың қаржылық қауіпсіздігін арттырумен қатар, несие ұйымдарына да қосымша жауапкершілік жүктейді. Соны ережелер қаржы нарығындағы тұрақтылықты қамтамасыз етуде маңыз­ды рөл атқарады. Демек, қаржыға қатысты кез келген шешім – тек бүгінгі күннің ғана емес, ертеңнің де қамы. Жаңа ережелер – шектеу емес, қорған. Яғни, азаматтардың қаржылық еркіндігіне жасалған нақты қадам. Жауапкершілікпен берілген несие – тыныш ұйқы мен сенімді болашақтың кепілі. Ендеше, қарыз аларда ойланып барып, салмақтап шешім қабылдаған ләзім. Себебі, ендігі жерде қаржы ұйымдары ғана емес, әрбір азаматтың өзі де болашағы үшін жауапты болмақ. Қаржылық сауаттылық – ұтымды өмір сүрудің негізі. Тиімді реттелген жүйе арқылы біз тек банктердің жұмысын емес, тұтас қоғамның әл-ауқатын оң бағытқа бұра аламыз.

Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button