АймақҚарағанды

Қарыздан құтқарады

Қарағанды облысында қарыз қамытынан құтылуға бағытталған «Қайта бастау» пилоттық жобасы өз нәтижесін беріп, енді аймақтың барлық өңіріне таралуда. Бұл бастама қаржылық тығырыққа тірелген ауыл тұрғындарына көмек емес, жаңа өмірге қадам жасауға мүмкіндік ұсынып отыр.

Cурет облыс әкімдігінің сайтынан

Экономикалық қысым мен әлеуметтік мәселелер ауыл тұрғындарын қиын жағдайға тірейтіні рас. Қаржы тапшылығы, несиелердің үсті-үстіне алынуы, жұмыссыздық сынды мәселе, осының бәрі адамдардың өміріне қиындық туғызады.

«Қайта бастау» жобасы – осындай қиындықтарда қалған адамдарға қаржылық сауат беріп, қарыз мәселесін шешуге, мамандық игеріп, еңбекке араласуға жағдай жасау мақсатында қолға алынған.

Пилоттық жоба алғаш рет Бұқар жырау ауданында жүзеге асқан. Жергілікті жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің мәліметінше, 500-ден астам ауыл тұрғыны жобаға қатысып, олардың жартысы қарызын толық өтеп үлгеріпті. Қалғандары несиесін қайта құрылымдап, соттан тыс банкроттық рәсімін бастаған және қарызды кезең-кезеңімен өтеу туралы келісімшартқа қол қойған.

Әр адамның басындағы несиемен байланысты мәселе әртүрлі. Жоба аясында көмек алғандар арасында бірнеше баласын жалғыз асырап отырған аналар да, жұмыссыз жүрген жастар да бар.

Мысалы, төрт несиесі бар, алты балалы жалғызбасты әйел жоба көмегімен әлеуметтік көмек пен тұрғын үй жәрдемін алып, қаржылық сауаттылық курсынан өтті. Одан бөлек, шаштараз мамандығын меңгеріп, енді тұрақты табыс тауып отыр.

Тағы бір мысал: студент балаларына көмектесу үшін несие алған көпбалалы ана. Қарызы аз болса да, жаба алмай қиналған. Жоба шеңберінде ол қоғамдық жұмысқа орналастырылып, алғашқы жалақысымен-ақ қарызынан құтылды.

«Қайта бастау» жобасы 90 күннен асып кеткен несиесі бар адамдарға бағытталған. Жұмыс бірнеше кезең бойынша жүргізіледі. Атап айтсақ, борышкердің жағдайын бағалау, тұрақтандыру, қаржы ұйымдарымен келіссөз жүргізу, қажет болса, банкроттық рәсіміне қолдау көрсету, жұмысқа орналастыру, кәсіп үйрету, қайта оқыту, психологиялық және құқықтық көмек көрсету.

Бұл жобаның шынайы мәні – қарызды жабуға емес, әр адамға аяғына қайта нық тұрып, өмірін өзгертуге күш беруінде.

Көптеген қатысушылар жобаның арқасында өз-өзіне сенімділік оралып, балаларымен қарым-қатынас түзеліп, болашаққа сеніммен қарай бастағанын айтып отыр.

«Қайта бастау» – үмітке толы екінші мүмкіндік. Ол адамдарға қиындықтан шығатын жолды нұсқайды.

Жоғарыдағы мысалдардан бастаманың ауыл тұрғындарына қалай нақты әсер еткенін, әлеуметтік өзгеріске қалай серпін бергенін көруге болады. Ендігі кезекте жобаның ел көлемінде кеңеюі талай жанға жарық сәуле сыйлайтыны анық.

Жәлел ШАЛҚАР,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button