АймақБас тақырыпҚарағанды

Қарыздан қажығандарға үміт сыйлаған жоба

Осакаров және Бұқар жырау аудандарында мерзімі өтіп кеткен несиелермен күресіп жүрген азаматтарға нақты көмек көрсетілуде. «Қайта Бастау» пилоттық жобасы аясында қаржылық қиындыққа тап болған тұрғындарға жұмыс тауып беру, оқыту, төлем кестесін қайта қарастыру және соттан тыс банкроттық рәсімдеу бойынша қолдау көрсетіліп келеді. Осы күнге дейін жобаның көмегіне 49 адам жүгініп, тығырықтан шығуға нақты мүмкіндік алған.

Суреттер облыс әкімдігінің сайтынан

Жоба аясында қарызы 90 күннен асып кеткен борышкерлер қамтылады. Мамандар олардың әрқайсысына жеке көзқараспен қарап, жұмыс іздеуден бастап, банктермен келіссөз жүргізуге дейін толықтай қолдау көрсетеді. Тіпті кейбіріне атаулы әлеуметтік көмекті рәсімдеуге де көмектеседі.

Осакаров ауданының тұрғыны, жалғызбасты ана ұзақ уақыт бойы несиесін төлей алмай келген. «Қайта Бастау» жобасы арқылы оған пробация қызметінен жұмыс ұсынылып, қаржылық сауаттылық курсынан өтті және соттан тыс банкроттық рәсімделді. Бұл — жобаның шын мәнінде адамдарға үміт сыйлай алатынын дәлелдейді.

— Қарыздарыммен жалғыз күресуге тырыстым, бірақ нәтиже болмады. Жобаға қатысқаннан кейін, алғаш рет үміт пайда болды, — дейді қатысушылардың бірі.

Тағы бір тұрғын күзетші болып тұрақты жұмысқа орналасып, енді несиесін төлеп, бұрынғыдай коллекторлар мен сот орындаушыларынан үрейленбей өмір сүріп жатқанын айтады.

Amanat партиясының «Қарызсыз қоғам» бастамасы шеңберінде қаржылық сауаттылықты арттыру — жобаның маңызды құрамдас бөлігі. 200-ге жуық адам арнайы курстардан өтіп, өз қаржысын дұрыс басқару жолдарын үйренген. Сабақтар онлайн және офлайн форматта өткізіліп, ауыл тұрғындарына да қолжетімді.

— Қатысу үшін басты талап – ресми жұмысқа орналасу, — дейді Осакаров ауданының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Айгүл Төлеуова. — Біз адамды толық сүйемелдейміз: жұмысқа орналасқаннан бастап, банктерге құжат тапсыруға дейін. Мақсат – адамдардың өз бетімен қарыздарын өтеу қабілетін қалпына келтіру.

Материалды әзірлеген Аида РАХЫМҚҰЛОВА

Басқа материалдар

Back to top button