ҚАРЫЗ бен ПАРЫЗ
Ұлттық банктің мәліметіне қарасақ, қазақстандықтар 2019 жылы 4,5 трлн. теңге – тұтыну, 818,8 млрд, теңге ипотекалық несие алыпты. Індет өршіген өткен жылы жалпы 7,36 трлн. теңге несие берілген. Оның ішінде ипотекалық несие көлемі мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асыру есебінен 27,8% өсіп, 2,3 трлн. тенгеге жеткен. Бұл туралы биыл жылдың басындағы Үкімет отырысында Ұлттық банк төрағасы Е.Досаев мәлімдеді.
Қазір несие алу қалыпты жағдайға айналды. Оған ешкім таңданбайды. «Бірінші несиелік бюро» сараптама орталығының дерегіне қарасақ, қандай жолмен алғанын өзі біледі, 7 миллионнан астам займшының 1 миллионнан астамында – 2, ал, жарты миллиондайында 3 несиеден бар екен. Соның үштен екісі «несиені қалай қайтарамын?» деп, басы қатып жүрген көрінеді. Қайтарудан таза күдер үзген жеті жүздей несие алушының ісі коллекторлық агенттікке өтіп кеткен.
Ең сорақысы, кепілдікке баспанасын қойып, «сау басына сақина» тілеп алғаны да жетерлік. Қазақстанда қалай екенін қайдам, шетелде банктен алынған несие мирас болып қалатынын бір жерден оқығаным бар. Түсінікті тілмен айтсам: несие алған адам бақилық болса, оның қарызынан мұрагері құтылады. Әрине, ондай «қарыздан» құдай сақтасын! Ендеше, банкке бармас бұрын ептеп ойланайық! Өйткені, несие де – қарыз. Ал, қарызды қайтару – парыз! Нес иен ің «ноқтасын » кім, қалай киеді?
Несиенің «ноқтасын » кім, қалай киеді?
Негізі несиені неге алады? Көңілі кеткен нәрсеге қол жетпеуден! Көрінгенге көз сатудан! Үнемі ақшаның аздығынан! Қысқасы, қарыздың қамытын киюден, берешекке белшеден батудан! Бұл – енді, ерік-жігері осал адамның тірлігі! Көңілге келмесін, бәңгімен (наркоман – авт.) бірдей: соңында соры қайнайтынын біледі, алайда, алдамшы «кайфтан» бас тарта алмайды. Несие алғанда, айналаға шекесінен қарайды. Бір апта! Жарайды, бір ай! Бірақ, бірінші жарнаны төлейтін күн келгенде, бәрі бітеді! «Кайф» кетеді, «кредит» қалады. Сосын несиенің «ноқтасын» қалай кигенін байқамай қалады. Бұл – менің ойым.
Банктегілер былай дейді: жарытымсыз жалақы, жан-жақтан жамыраған жарнама, сұраныстың өсуі несие алуға итермелейді. Кейбіреу жасы кәмелетке толысымен несие рәсімдеуді ержеткеннің белгісі деп біледі. Ал, «несие рәсімдеу қай кезде қызады?» дегенге келсек, қаржыгерлер айырықша қараша мен желтоқсанды атайды: әдетте осы екі айда сауда саласы жаппай сатуға (распродажа) ден қояды, түрлі жеңілдік ұсынады. Бұл бәсекеден банктер де кенде қалмайды.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту жөніндегі агенттік жұртшылық арасында жүргізген сауалнаманың қорытындысына қарасақ, әрбір он қазақстандықтың – тоғызы банктен, қалғаны микроқаржы мекемесінен несие алады екен. Сұралғандардың үштен бірі несиелік қызметті ұдайы тұтынатын көрінеді. Алғашқы алған несиесін кім, қайда жұмсайды екен? Агенттік осы сауалды жасы 17 мен 65 аралығындағы 7000 адамға қойған. Әрине, алынған жауапты қоғамдағы қалыптасқан жағдайдың нақты көрінісі деп есептеу артықтау шығар, алайда, ақиқаттың ауылынан соншалықты алшақ жатпағаны да анық. Сонымен,..
Жасы әлі 25-ке толмаған қыз-жігіт алған несиесін негізінен заманауи техника мен электроникаға жұмсаған. Бәлкім, құрбысының алдында «крутой» көрінгісі келген шығар?! Несиені жиі рәсімдейтін 25-45 жастағылар болып шықты. Әрі олар алғашқы несиесін анағұрлым маңызды және қымбат бұйымға жұмсайды екен. Тізімнің басында тұрмыстық техника тұр (47%). Еркін жүріп-тұрғанды қалайтын үштен бір бөлігіне жуығы қолына түскен қомақты қаражатты автокөлік алуға жұмсайтын көрінеді. Банктен несие алуға қолы жеткен әр бес адамның біреуі ипотекаға баспана рәсімдеген. Қалғанының көңіл қалауы саяхаттау болған.
45-65 жастағылар арасында несиені алғаш рәсімдейтіндер қатары шамалы. Бұрын несие алмағандардың басым бөлігі қаржы мекемесінің табалдырығын тоздырғаннан гөрі жиған-тергенімен күн көргенді жөн санайды. Кейбіреуі әлеуметтік төлемақы алады, кейбіреуі қолындағы қоры мен жалақысын үнемдеп жұмсайды. Дегенмен, бірен-саран займға жүгінетіні де кездеседі. Олар алған несиесін негізінен тұрмыстық техникаға, балаларын оқытуға және денсаулық саласы қызметінің ақысын төлеуге жұмсайды.
Сауалнамада сарапшылар сұралғандардың жасына қарамай әртүрлі шараға (үйлену тойы, мерейтой және т.б.) жұмсалатын қаражатты жеке қарастырған. Сөйтсек, сауалға жауап берген қазақстандықтардың 76%-ы өмірінде құрығанда бір рет қандайда бір елеулі оқиғаны атап өту үшін банктен немесе микроқаржы мекемесінен несие алған болып шықты.
Елде үйлену тойының 80%-ы несиеге алған ақшаға жасалады екен. Тіпті, тұрғын үй, автокөлік немесе тұрмыстық техника үшін несие рәсімдеуге қарсылардың өзі тойға келгенде тоқтай алмай қалатын көрінеді.
Қарызды кешірген қаншалықты қисынды ?
Бұрнағы жылы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың пәрменіне сәйкес әлеуметтік тұрғыдан осал топқа жататын жарты миллионнан астам қазақстандықтың кепілдіксіз алынған тұтыну несиесі кешіріліп, ал, 1,2 миллионнан астам адамның айыппұлы мен үстеме ақысы есептен шығарылғаны белгілі. Бірақ, Президент бұл несиелік кешірім бір жолғы науқан екенін қадап айтты.
Несиелік қарызға кешірім жасағасын қолданыстағы Заңға өзгерістер енгізіліп, займ берудің шарты қатайтылды. Бұдан былай жұмыссыздарға несие берілмейтін болды. Ал, жұмысы бардың өтінімі қаралғанда табысы ескеріледі, ол отбасы мүшесінің әрқайсына шаққанда күнкөріс минимумынан кем болмауға тиіс. Егер несие алушының жасы кәмелетке толмаған баласы болса, оған жалпы табыстан күнкөріс минимумының жартысы мөлшерінде қаражат қалуы керек.
«Адам жетіскеннен қарыз алмайды. Егер 2019 жылы несиесі кешірілгендердің сөзіне құлақ түрсең, олар алдымен достары мен туысқандарына қарызданған, содан кейін ғана банкке баруға мәжбүр болған. Ал, банктен алған ақшасын бұрынғы қарызынан құтылуға жұмсаған. Ал, ай сайын несиесін төлеуге келгенде тағы тығырыққа тірелген» дейді сарапшы О.Құдайбергенов әлеуметтік желіге қалдырған жазбасында. «Енді банктен несие алу мүмкіндігінен айырылғандар микроқаржы мекемесі мен онлайн-несиеге жүгінуі мүмкін. Ондағы үстеме өсім өте жоғары – 30-56%» деп, қауіптенедіол.
Қаржыгерлердің пікірінше, несиелік қарыздың кешірілуі коммерциялық мекеме ретінде банктерге жасалған алабөтен қайырымдылық емес, алынған қарыз қайтарылуға тиіс. «Біз несиенің үстемесін банктер төмендетуі керек, дегенді жиі естиміз. Алайда, халықтың әл-ауқатын арттыру мәселесінің банк беретін несиеге қатысы жоқ. Ол – жекеменшік қаржы институттарының міндеті емес. Сондықтан, алынған ақша қайтарылуы қажет» дейді, Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы кеңесі төрағасының бірінші орынбасары Ирина Кушнарёва.
Несиені қайтаруда халықтың тұрмысы төмен тобы көп қиындыққа кездеседі, сондықтан соларға арнап үстеме ақысы соншалықты жоғары емес арнайы несиелік өнім жасау керек, деп санайды сарапшылар. Бұл жерде мемлекеттің халық табысының артуын, тауар мен қызмет бағасының қымбаттамауын, тұрмысы төмен топтағы халықты әлеуметтік қорғау сапасын жақсартуды тұрақты назарда ұстауы маңызды. Сондай-ақ, олар үшін несиені қайта құрылымдау мүмкіндігін қарастырған да артық емес.
Әрине, өмірде бәрі болады. Дегенмен, несиеге дұрыс көзқарас қалыптастырмай, «қабырғаңа шыр бітпес». Демек, шамаңа қарай шашыл! Жұмсағаның тапқаныңа жетпесін, қалтаңда тиын-тебен қалсын. Сонда өзіңді бай болмасаң да, біршама бақуатты сезінесің. Мәселе, табыстың көлемінде емес. Жоғары жалақы алса да, жарымай жүргендер жеткілікті. Қысқасы, қаражаттан қысылғың келмесе, тапқаныңды жөн-жосықсыз жұмсағанды доғар. Келешек үшін кейбір істі кейінге қалдыруға дағдылан. Бақуатты адам банкке депо- зит ашып, «ақшадан ақша жасау» үшін ғана барады…
P.S.
ҚР Ұлттық банкі облыстық филиалы экономикалық талдау және статистика бөлімінің дерегіне жүгінсек, халыққа тұтыну мақсатында банктер берген несие көлемі 2019 жылға (295 390,0 млн.теңге) қарағанда 2020 жылы 7,8% кеміп, 272 149,0 млн. теңге болды.
Халықтың банктерден алған ипотекалық несиесі 2021 жылғы 1-қаңтардағы мәлімет бойынша өткен жылдың сәйкес мерзіміндегімен (94 793,2 млн.теңге) салыстырғанда 48,3% артып, 140 593,7 млн.теңгеге жетті.
Әлібек ӘБДІРАШ