Басты тақырыпЖаңалықтар

Арыстың қоры – намыстың зоры

Өткен аптаның қасиетті жұмасында Қарағанды облысының мемлекеттік мұрағатында мемлекет және қоғам қайраткері, Алашорда үкіметі басшыларының бірі – Жақып АҚБАЕВТЫҢ жеке қоры ашылды. Алашорда үкіметінің 100 жылдығы аясында атқарылған шараға ҚР Парламентінің депутаты Бірғаным ӘЙТІМОВА мен «Нұр Отан» партиясы Қарағанды облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Қадиша ОСПАНОВА және тарихшы ғалымдар қатысып, текті қордың тұсауын кесті.

Алаш баласын адамзат өркениетінің алдына шығару мақсатында құрылған Алашорда үкіметінің басты-басты үш тұлғасы Ақтоғай топырағынан. Әлихан мен Әлімхан, үшіншісі осы – Жақып Ақбаев. Қарқаралы петициясын жазған заң магистрі. Білетіндердің айтуынша, бұл петиция сол кездің көзқарасынан көш ілгері, нағыз демократтық бағыттағы құнды құжат көрінеді. Тіпті, бүгінгі азаттықта жазылған құжаттардың аясынан әрі асып жатады дейді кейбір зерттеушілер. Ендеше, Жақыптар көксеген еркіндік енді туады. Әлекең, Жақыптардың дәуірі басталады әлі.

Шара шымылдығын облыстық мұрағат директоры Жанагүл Тұрсы­нова түріп, Қазақстанның ұлттық мұрағат қоры Жақып Ақбаевтың жаңа құжаттарымен толыққанын тілге тиек етті. Алаш арысының жеке қорына оның 1898-1997 жылдар аралығындағы саяси-қоғамдық қызметін көрсететін 32 құжат пен істері тіркелді. Онда қайраткердің өмірбаянына қатысты құнды деректер мен құжаттар, фотоқұжаттар, хаталмасулар бар. Азаттықты Ақбаевтың көзімен бір көрейін дегендерге таптырмас дүние­лер.

Қордың ашылуы барысында Ж.Ақбаевтың немере келіні Бірғаным Әйтімова «Нұр-Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммедтің құттықтау сөзін оқыды: «Жақып Ақбаев – ұлт азаттығы тарихында елеулі орын алатын бірегей тұлға, білікті заңгер-ғалым, үлкен ақыл мен парасат иесі. Алаштың алып тұлғасының есімін ел есінде қалдыру үшін қолдан келгеннің бәрін жасау керек», – деген жолдар бар онда. Сонымен қатар, дөңгелек үстелге жиналған тарихшы ғалымдар, еңбек ардагерлері мен сот өкілдері тарих беттерінен деректер келтірді.

Жақып Ақбаев Омскі және Томскі гимназияларында оқыған. Санкт-Петербург университетінің заң факультетін алтын белгіге бітірді, сонымен қатар, Санкт-Петербург археология­лық институтын да оқыды. Омскінің сот ведомствосында әлем соты лауазымын атқарды. Патша үкіметінің отарлық жүйесіне қарсы Омбы, Петропавловск, Семей, Павлодар, Қарқаралы қалаларындағы революциялық іс-шараларды ұйымдастырушылардың бірі. 1905 жылы Ә.Бөкейхан, А.Байтұрсыновтармен бірге Қарқаралы халқының отарлық қанауға қарсы наразылық шерулерін ұйымдастырды. Алашорда үкіметін құрушылардың бірі, Әлихан Бөкейханның жақын серігі.

Шара соңына таман «Жақып Ақбаев – саясаткер, патриот, заңгер» тарихи-деректі көрме ұйымдастырылды және облмемархивтің қорынан алынған «Алаш» қозғалысы, «Алашорда» үкіметінің қайраткерлері жайлы деректі фильмдер көрсетілді.

 

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button