Білім

Арыстар мұрасын дәріптеді

Алаш айлығы аясында Қызыларай орта мектебінің 9-11 сынып оқушылары әсем табиғат көмкерген Ақсораң бауырында сыныптан тыс пікіралмасу сабағына қатысты. Қияметке толы өмірінің бар кезеңінде ұлт болашағы үшін мойымай, тұлғалық бейнесін қалыптастыра білген Арыстар өмірінің ғибратты кезеңдерінен әңгіме өрбітті.

Сурет автордан

Оқушылар самал жел, сұлу табиғат, биік тау көмкерген табиғи серуеннен ұлттық құндылықтармен сусындап әсерленді.

Сұлу мекен талай ұлылар мен дарындарға жасындай жігер мен таудай төзім сыйлап, бәйгеге қосқан. Солардың бірегейі Алаш арыстары – Әлихан Бөкейхан, Жақып Ақбай және Әлімхан Ермеков болатын. Тарихты сүйетін талғампаз оқушылар ғалымдар еңбегі мен ғибратты ғұмыры әлі де зерттеу мен ізденістерді қажет ететіні жайлы пікір жарыстырды.

Пікірталаста оқушыларға ерекше деректерді ұсындым. Мәселен, Әлімхан Әбеуұлы Ермеков – 1891 жылы Қызыларайдағы Бөріктас мекенінде дүниеге келген. Ғалымның ағартушылық, қызметін зерттеген ғалым Қ.Өскембаевтың деректеріне сүйенсек, Ермек Жиынбайұлы 1873 жылдар шамасында Құнанбаймен бірге Меккеге сапар шеккен, жолшыбай ауырып, Мединеге жетісімен қайтыс болған. Өз елінде болыс болған, Семей гимназиясының түлегі Әбеу де танымал азамат болыпты. Әбеудің Әмірхан, Әлімхан, Әлихан атты үш ұлы, екі қызы бар екен. Дәмеш атты қызы қазақтың көрнекті перзенті Темірбек Жүргеновке тұрмысқа шыққан.

Әлімханды әкесі Әбеу 1899 жылы Қарқаралыдағы екі сатылы (бастауыш) реалдық училищеге оқуға береді. Е.Есютин, А.Кожев, С.Кокорин, А.Байтұрсынов, П.Белдыцкий, П.Чемоданов, А.Аяғановтар сабақ берсе, Семей гимназиясында поляк Ф.Дульский ұстаздық еткен. Гимназияда Абайдың жерлесі Кәкітаймен, Тәкежанның балаларымен бірге оқыған. Семейде Ә.Бөкейхановтың идеяларымен таныс болып, оны өзіне ұстаз санаған. Тау басындағы осыған ұқсас толымды деректер оқушыларға ерекше әсер етті.

Нұрслан ШАКИРОВ,
Қызыларай жалпы білім беретін мектебінің тарих пәні мұғалімі
Ақтоғай ауданы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button