Жаңалықтар

Ғарышкер Тоқтар ӘУБӘКІРОВ газет ұжымын 90-жылдық мерейтойымен құттықтады

Баршаларыңызды сүйікті газетіміздің 90 жылдық торқалы тойымен шын жүректен құттықтаймын! Сөз жоқ, «Орталық» – мен үшін сүйікті газет. Сүйікті болатын себебі, Қарқаралыда, Теміртауда тұрғанымызда анам марқұм үнемі жаздырып алып, біздің отбасының сырласына айналған газет. Сондықтан да, бұл мерейтой – тек редакция ұжымының ғана емес, барша оқырмандардың қуанышы.

Елден жырақ жүрген кездерімде де менің әрбір жетістігім, әр шыққан биік, бағындырған белесім «Орталықтың» жіті назарында болды. Ғарышқа ұшқанға дейін де елден жас кеткен мені жерлестеріме таныстырып, өзімді елге жақындатқан да – осы басылым. Нақтысын айтсақ, «Орталықтың» сарғайған тігінділерінде ел бар, мен бармын. Ал, менің тағдырымда «Орталық» бар! Әсіресе, соңғы 30 жылдағы тігінділерінің мен үшін құндылығы ерекше. Өйткені, әр жылдың 12 сәуірдегі санына (Ғарышкерлер күні), 2 қазандағы санына (менің ғарышқа ұшқан күнім), мерейтойларым қарсаңындағы сандарына мен туралы мазмұнды мақала тұрақты жарияланып тұрды. Марқұм Мағаш бауырым мен туралы мақала жарияланған газетті алып, Арқаның ақ самалындай аңқылдап жетіп келуші еді. Міне, сол күндер де сағынышқа айналды.

Дегенмен, Мағаш бауырым 22 жыл басқарған басылымда дәстүр үзілген жоқ. Бүгінгі құрамға сол үшін ризамын!

Мерекелеріңіз құтты болсын, Достар! Таралымдарыңыз артып, тарихтарыңыз тереңдей берсін!

Тоқтар ӘУБӘКІРОВ, Халық Қаһарманы, Кеңес Одағының Батыры, Қазақтың тұңғыш ғарышкері.

Басқа материалдар

Back to top button