Спорт

Қарымта ойында да қапы қалды

Хоккейден Қазақстан чемпионаты тартысқа толып тұр. Қарағандылық «Сарыарқа» хоккей клубы үздік үштік үшін тартысып келеді. Өкінішке қарай, көкшетаулық «Арлан» командасына қос ойында да есе жіберіп, чемпионат кестесінің төртінші сатысына сырғыды.

Сурет клубтың әлеуметтік желідегі парақшасынан

Екі ойын да Көкшетауда өтті. Бірінші матчта жерлестеріміз тартысты ойын көрсеткен еді. Негізгі үш кезеңде де, қосымша уақытта да қақпасына шайба жібермеген. Бірақ, буллитта сәттілік жетіспей, бір гол өткізіп алды. Матч 1:0 есебімен аяқталған.

«Сарыарқа» қарымта ойында кеткен есені қайтарудан үмітті еді. Бірақ, алаң иелері жеңіске масаттанбай, жинақы ойын өрнегін көрсетті. Матч басталысымен «Арлан» шабуылға көшті. Дегенмен, «Сарыарқаның» алыстан бағытталған соққылары өз нәтижесін берді. Қарағандылықтар бірінші болып есеп ашты. Гол авторы – Егор Кузьменко. Екінші кезеңнің отызыншы минутында қарсыластар таразы басын теңестірді. «Арлан» сапындағы Даниил Парамонов гол авторы атанды. Ал, отыз сегізінші минутта Андрей Кураков өз командасына шайба басымдығын әкелді. Екінші кезең 2:1 есебімен тәмамдалды.

Үшінші кезеңде жерлестеріміз есепті теңестіру үшін жанын салды. Қорғаныста да, шабуылда да ойдағыдай әрекет етті. Бірақ, ойға алғандары жүзеге асқан жоқ. Сәттілік жетіспеді. Бар күшін шабуылға жұмсаған қарағандылықтардың қорғанысын қарымта шабуылда Владислав Никулин бұзып өтті. Ол таблодағы есепті 3:1-ге жеткізді. Сөйтіп, жеңіске алаң иелері жетті.

Қазір чемпионат кестесінің басында «Торпеда» командасы тұр. Ұпай саны – 48. Ал, екінші орынға 45 ұпаймен «Арлан» табан тіреді. Үшінші орында – 41 ұпай жинаған «Хумо». «Сарыарқада» командасында да 41 ұпай.

«Сарыарқа» командасының бас бапкері Владимир Князев қос ойынға қатысты сұхбат берді.

– Екі ойын да плэй-офф кезеңінің деңгейінде өтті. Қос ұжым соңына дейін ойнады. Қақпа маңындағы қауіпті сәттер өте көп. «Арлан» командасының қақпашысы шайбаларымызды тойтарды. Қарсылас өздеріне келген мүмкіндіктерді қапы жібермеді. Мұндай деңгейдегі қарсыластарды ұту өте қиын. Біздің жігіттер қолдан келгеннің бәрін жасады. Соққыларымыздың біршамасын қақпашы қайтарды. Тіпті, бағаналарға тиіп қайтқан шайбалар да жетерлік. Жанкүйерлерге айтар алғысымыз шексіз! Олар жеңісте ғана емес, осындай сәтсіз күндерде де қолдаудан танбады, – деді Владимир Князев.

«Сарыарқа» шабуылшысы Александр Кононов та пікір білдірді.

– Бұл – ұзақ үзілістен кейінгі матч. Өте ауыр болды. Сонымен қатар, қарсыластың деңгейін ескерген жөн. «Арлан» сапында жылдам ойыншылар көп. Бар күшімізді салдық. Өкінішке қарай, жанкүйерлердің үмітін ақтай алмадық, – деді Александр Кононов.

Ерік НАРЫН,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button