Спорт

Қарымта ойында айласын асырды

Қарағандылық «Шахтер» футбол клубы ел чемпионатының ХІV турында сырт алаңда талдықорғандық «Жетісумен» кездесіп, 1:3 есебімен жеңіске жетті.

Қос команда бұған дейін кездескен. Қарағандыда өткен ойында талдықорғандықтардың асығы алшысынан түсіп, 0:1 есебімен жеңді. Жетісулық клуб сол жеңісінен кейін турнир таблицасында 16 ұпаймен IX орынға көтерілген. Ал, жерлестер қарымта ойында қарсыластарға есе қайтарып, ұпай айырмашылығын қысқартты.

Бірінші болып қарағандылықтар есеп ашты. Ойынның 40-шы минутында бұрыштамадан әуелете көтерілген допты Иван Свиридов қақпаға бағыттап, нәтижелі аяқтады. Бірінші таймға қосылған қосымша уақытта жерлестер есепті еселеді. Роман Мұртазаев әріптесінің асырған пасын қабылдап, қарсылас қақпасына дөп бағыттады. Осылайша бірінші тайм 0:2 есебімен тәмам.

Ойынның 77-ші минутында жетісулық шабуылшы Анес Рушевич есеп алшақтығын қысқартқан еді. Алайда, 83-ші минутта Роман Мұртазаев қарсылас қорғаушыларынан өтіп, әріптесі Франсиско Хавьер Минаға допты асырады. Оның күткені де сол еді, допты оң аяғына қойып, қақпадан саңылау тапты. Осылайша жерлестер «Жетісумен» қарымта ойында айласын асырды.  

– Бұл біз үшін маңызды ойын болды. Бір апта бұрын өз алаңымызда «Жетісудан» жеңіліп қалған едік. Ал, бізге қарымта ойында міндетті түрде жеңіске жету керек-тін. Бізде гол салатын мүмкіндіктер көп болды. Әрі барынша нәтиже көрсетуге тырыстық. Шабуылға барлық ойыншы ат салысты. Ал, екінші таймда қорғанысқа қатты мән беріп, команда ойыншыларын ауыстырдық. Нәтижесінде жеңіске жеттік, – деді «Шахтер» футбол клубының бас бапкері Игорь Солошенко.

Қазіргі таңда 38 ұпаймен «Астана» командасы турнир кестесінде көш бастап тұр. Одан кейінгі сатыда 35 ұпаймен – «Ордабасы», 28 ұпаймен – «Ақтөбе» клубтары. Ал, «Шахтер» 15 ұпаймен – Х орында.

Ербол ЕРБОЛАТ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button