Бас тақырып

Қары жоқ қараша: малшының уайымы мен синоптиктің болжамы қандай?

Ақырапта ақырын жер суитын еді. Қауыста қар қылаңытатын. Жәдиде жел кәріне мінетін-ді. Желтоқсанның бас шені. Тысқа шықтық. Бозқыр. Ауа құрғақ, күндіз +6 °C. Аспаннан андағайламақ түгілі, бір түйір қар жоқ. Шөп «күйіп» кеткенімен, жусаған жылқының қарасы қылаңытады. Қазан, тіпті, келмегендей де. Такси жүргізушісі, Болат, қалыңдау күртесін шешіп, самалдап тұр.

Суреттер ЖИ

– Соңғы 45 жылда мұндайды көрмеппін. Былтыр дәл осы уақытта шалғайда шаш етектен қар жатқан. Биыл… күн «жымыңдап» тұр. Жұт түсе ме деп қорқам, – деді, «жұт» деген сөзге келгенде сыбырлай.
Биылдықтың қарашасында Қарағандыдағы орташа температура 0,0 °C болды. Әдепкі қалыбы бо­йынша –5,0 °C болуы тиіс-тін. +4,6 °C ауытқу бардай. Әсілі, кездейсоқтық емес. Сыры аңдалған жүйелі құбылыс ретіндегі реңк. «Қазгидромет» өкілдері қазан айында-ақ ескерткен. «Биылғы қыс жылы өтеді, «температуралық тербелістер» болмақ», – деп. Болжам бұрынырақ келді.

Қарқаралы ауданына қарасты байырғы Ақбұлақ бөлімше шаруасы Қабыл ағада да дегбір жоқ.

– Шөп жидық, шүкір. Бірақ, ендігі қар түспесе, жылқы малына обал-дағы. Еріген қар жерге сіңсе, ерімегені тоңмұз болған. Оған бауыр­лаған бие біткен құлын тастайды. Ал, осы шақта қар асамаған жылқы көтерілмейді, – деді Қабыл. – Содан кейін қарсыз-ақ сойылмен ұрғандай етіп аяз соқса, мал әлсірейді, құлай бастайды. Құдай бетін ары қылсын!

Қабыл аға үрейшіл емес. Тек өмірден үйренгені бар. Қырдағы әңгіме ауаны секем алған суретпен тәмамдалған. Күнделікті таң атысымен гисметеоға селқос қарайтын әдетімізден бұл жолы да ұзамадық. Жылы деп жылмайып тұр қолдағы «түрікқұлақ» экраны.

Шаһарға оралған соң қолға телефон тұтқасын алып, «Қазгидрометке» қоңырау шалдық. Кезекші синоптик маманы:

2025 жылдың қарашасы бақылау тарихындағы ең жылы бес айдың қатарына кірді, – деді сабырлы қалпынан айнымай, ресми түрде жауап қата отырып. – Себебі бірнешеу – Батыс Сібір тұстағы қуатты бөгесін антициклон әрі оңтүстік-батыстан ескен тұрақты жылы ауа ағыны. Орталық Қазақстанда қар қалыптасуы қатты кешеуілдеп жатыр. Алдын ала есеп бойынша, қар тек желтоқсанның екінші онкүндігінде, кей жерлерде, тіпті, қаңтарда ғана бекиді.

Қазақшаласақ, жұт деп айтуға ауыз бармайды. Бірақ, жұтаң күй ап-анық. Тағы сұрақ. Тағы жауап.

Желтоқсанның алғашқы онкүндігінің соңында-ақ суық басталуы кәдік: түнде −23…−28 °C-қа дейін қарып, күндіз де −13…−18 °C шамасында ызғар сезіледі. Температуралық құбылмалы рай Қарағандының талай қысына тән көрініс. Биылғысы да бұл дәстүрден жаңылмайтынын байқатып тұр. Айдың екінші және үшінші онкүндіктерінде түнгі ауа райы көбіне −15…−20 °C шамасында тербелсе, кей күндері −5…−10 °C-қа дейін жұмсарады. Облыстың шығыс тұсы – Қарқаралы, Ақтоғай және көршілес аудандар кей тәуліктерде аязды шындап сезінбек: мұнда сынап бағанасы −25…−35 °C-қа дейін төмендеуі ықтимал. Ал, батыс пен оңтүстік аймақтар Бұқар жырау, Шет, Балқаш маңы желтоқсанды, тіпті, көктемше қарсы алуы ғажап емес: ай басында +5…+10 °C-қа дейін жылытып қоюы мүмкін. Бірақ, бұл да ұзаққа созылмайды. Кейін ауа райы қайтадан қыс­тың қалыпты арнасына түседі. Егер аяз күрт түсіп, қар аз жауса, жалпылай өңірдегі ахуал турасын қосымша баяндаймыз, – деп қайырды синоптик маман.

Бейіс Ысқақнәби – жауырыншы-жұлдызшы. Түн қатып жұлдыз қарайтын ол, осы жолы да бұлтсыз аспанға ұзағырақ телмірді.

– Жұлдыздың жатысы мазасыз, – деді ол ишара жасап. – Бәрін Жаратқан анық білуші, ақыры қайырлы болсын. Әлі есімде. Аңғарып тұрмын. Қаңтарға дейін жұмбақ жылымық жалғасады. Содан кейін бір боран, бір аяз болмақ. Мұндайды мен 1984 жылы да көрдім. 2011-де де дәл осылай. Биыл ақпан мен наурыз айлары әдеттегіден жылырақ өтеді.

Мал үйге жақын жүрсін. Шөпті бекер шашпаңдар. Жұлдыз өтірік айт­пайды, – деді Ысқақ аға.
Әлбетте, құзырлы органдар тараптары мониторинг амалдарын күшейт­кен. Ең қауіпті аудандарда шөп қоры жинақталған. Ветеринарлық бригадалар даяр. Дегенмен, «Сақтықта қорлық жоқ».

Түн ортасында тысқа тұман түсіпті.

Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button