«Қаруың қалпында болса…»
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына Жолдауында соңғы кезде адам өлтіру, қарақшылық жасау сияқты ауыр қылмыстар көбейіп бара жатқанын айтқан болатын. «Аса қатыгездікпен жасалатын мұндай әрекеттер бүкіл қоғамға қатер төндіреді» деген ол жазаны қатайту арқылы осындай қауіпті үрдістің тамырына балта шабу керектігін баса айтты. Мәселен, статистикалық деректер осындай қылмыстардың барлығы полиция органдарында тіркелмеген қару пайдалану арқылы жасалатынын көрсетеді. Биылдың өзінде ғана облыс аумағынан заңсыз айналымнан 52 қару, ал, өткен жылы 137 қару алынған. Ал, осы 137 қарудың бесеуі – 2022 жылғы «Қанды қаңтар» оқиғасы кезінде Алматы қаласындағы «Қорған» аңшылық дүкенінен ұрланған.
Қару тапсырғанға – сыйақы
Елімізде жыл сайын қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, атыс қаруы мен жарылғыш заттарды қолдана отырып жасалатын қылмыстар мен құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында акция өтеді. Яғни, тұрғындар заңсыз сақталған атыс қаруларын өткізе алады, әрі өткізгені үшін белгілі бір сыйақы да қарастырылған. 2008 жылдан өткізіліп келе жатқан акция биыл 22 сәуірден басталған болатын. Дәл осы шара кезінде облыс халқы сирек кездесетін қару түрлерін де тапсырған.
– Бұған дейін акция өткізу барысында облыс халқы кезіндегі Ресей империясының Тула қару-жарақ зауыты 1800 жылдары шығара бастаған «Ивашенцев» жүйесінің үш ұңғылы мылтығын, 1891 жылғы үлгідегі револьвер және қызыл әскермен Мәскеуден Берлинге дейінгі жолды жүріп өткен, Екінші дүниежүзілік соғыстың қаруына айналған Шпагиннің тапанша-пулеметін де тапсырды, – дейді облыстың полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасының басшысы Бағдат Кәкімов.
Жалпы, акция өткізуге республикалық бюджеттен арнайы қаражат бөлінеді. Мәселен, 2023 жылы облысқа осы мақсатта шамамен 5 млн. теңге бөлініп, оған 66 қару сатып алынып, кейіннен жойылған.
– Заңсыз сақталған атыс қаруын ақшалай сыйақыға тапсыруға ниет білдіргендер кез келген қалалық, аудандық полиция бөлімдеріне өтініш бере алады. Тексеру жүргізілгеннен кейін әр тапсырылған қару үшін 100 айлық есептік көрсеткішке дейін сыйақы беріледі. Одан бөлек, заңсыз сақталған атыс қаруын өз еркімен тапсырған азаматтар әкімшілік және қылмыстық жауапкершіліктен босатылады, – дейді облыстың полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасының бөлім басшысы Жахат Ещанов.
Сараптама міндетті түрде жүргізіледі
Полиция қызметкерлерінің айтуынша, қару санатына қарай, сыйақы да әр түрлі. Олар үш санатқа бөлінеді. Біріншісі – жаңа қару тапсырғандар. Биыл мұндай қару үшін 110 760 теңге алуға болады. Ал, екінші санатқа тот басқан, бірақ, атуға келетін қарулар кіреді. Ол үшін 77 532 теңге беріледі. Ал, сараптама нәтижесі бойынша қару ретінде танылғанымен, атуға келмейтін қарулар үшінші санатқа жатқызылып, олар үшін 33 228 теңге төленеді. Бұл үш санаттың өзі бірнеше түрге бөлінетінін айтады Жахат Ещанов.
– Автоматты ойық ұңғылы атыс қаруының әр данасы үшін жүз еселенген айлық есептік көрсеткішке дейін, ойық ұзын ұңғылы атыс қаруы, яғни, винтовка, карабиндер үшін елу еселенген айлық есептік көрсеткішке дейін сыйақы алуға болады. Тапанша, револьвер сияқты ойық қысқа ұңғылы атыс қаруы үшін қырық еселенген айлық есептік көрсеткішке дейін қарастырылған. Ал, тегіс ұңғылы атыс қаруын тапсырғандар отыз еселенген айлық есептік көрсеткішке дейін сыйақы алады. Жарақат салатын тапанша немесе револьверге он еселенген айлық есептік көрсеткішке дейін ақы қарастырылған, – дейді Жахат Ещанов.
Полиция қызметкерінің айтуынша, қарудан бөлек, оның ату жарақтарын, оқ-дәріні де тапсыруға болады. Ол үшін де сыйақы бар. Мәселен, әрбір граната, мина, жару құрылғысы және артиллериялық снаряд үшін жеті еселенген айлық есептік көрсеткішке дейін, жарылғыш заттардың әрбір 1000 грамы үшін алты еселенген айлық есептік көрсеткішке дейін ақша алуға болады. Одан бөлек, калибрі 5,6 миллиметрден жоғары ойық ұңғылы қарудың патрондарының әр бірлігі үшін айлық есептік көрсеткіштің отыз бестен бір бөлігіне дейін, калибрі 5,6 миллиметр ойық ұңғылы қарудың патрондарының әр бірлігі үшін айлық есептік көрсеткіштің жүз он бестен бір бөлігіне дейін сыйақы алуға болады.
Тапсырылған қарудың санатын және сыйақы мөлшерін белгілеу кезінде қару-жарақ заттарының техникалық жағдайына қатысты жүргізілген криминалистикалық сараптаманың нәтижелері ескеріледі.
Қару тапсырған жауаптылықтан босатылады
Қылмысқа қатысы болуы мүмкін деген күдікпен, тауып алған қаруды тапсыруға жүрексінетін тұрғындар да болуы мүмкін. Бұл ретте Жахат Ещанов өз еркімен қару тапсырған адам Қылмыстық кодекс бойынша да, Әкімшілік құқық бұзушылық кодексі бойынша да қандай да бір жауаптылықтан босатылатынын айтады.
– Алдымен тергеу әрекеттері жүргізіледі. Егер қару тапсырған адам қылмысқа қандай да бір қатысы жоғы анықталған болса, жауаптылықтан толық босатылады, – дейді ол.
Рұқсат етілген атыс қаруын сақтаудың да өзіндік жолы бар. Мәселен, ол иесінің тұрғылықты жерінде, оның өзінде темір сейфте сақталуы тиіс. Ал, сейфтің өзі еденге немесе қабырғаға бекітіледі. Қаруды сақтау мұнымен шектелмейді. Қауіпсіздік мақсатында дабыл белгісі орнатылып, ол күзет агенттігінің басқару пультына қосылады. Болмаса, ұялы телефонға хабарлама жіберетін GSM-дабыл жүйесі болуы тиіс.
Қару сақтуға кез келген рұқсатты полиция органдары ғана беретінін айтады Жахат Ещанов. Елімізде калибрі 4,5 мм-ден, соққы күші 7,6 к Дж-ден аспайтын пневматикалық мылтыққа рұқсат керек емес. Қалған қарудың бәріне рұқсат алынады. Одан бөлек, бір адамда аңшылық үшін екі тегіс ұңғылы мылтық және екі иір ойықты мылтыққа ғана рұқсат етіледі.
Айта кету керек, пневматикалық қарудың калибрі де соққы күші де аз. Ол өзін-өзі қорғауға арналған. Ал, жарақат салатын қару резеңке оқпен атылатындықтан, зақымдайтын ретінде сипатталды. Сондықтан, оған міндетті түрде рұқсат керек.
Қарудың кез келген түріне рұқсат бес жылға берілетінін айту керек. Оны электронды түрде Е-лицензиялау порталы арқылы алуға болады.
Салтанат ІЛИЯШ,
Ortalyq.kz