Жаңалықтар

Қарулы һәм қарусыз майдан қаһарманы

«Сарыжайлау» кинотеатрына кілең әскерилер жиналған. Жас жауынгерлер кіреберісте сап түзеп тұр. Офицерлерден бөлек зиялы қауым өкілдері де осында. Бір кезде залға атақты «Қара майордың» қаруласы, жалындаған жастығы ерлікпен өрілген Амангелді Жантасов кіріп келді. Залдағы жұрт тік тұрып, қошемет көрсетті. Кеудесі медаль мен ордендерге көмкерілген, еңсесі тік, қадамы нық. Жүріс-тұрысынан, көзқарасынан қазақ жауынгерінің болмысын көресің. Отан алдындағы антына, бала арманына адал болған, ғұмыры мән мен өнегеге толған елінің ардақты һәм батыр ұлы. Бұл – Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің құрметті ардагері, «Қызыл Жұлдыз», «Құрмет» ордендерінің иегері, Ауған соғысына қатысушы, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, отставкадағы полковниктің 70 жас мерейтойына арналған «Амангелді Жантасов әлемі: қарулы және қарусыз майдандар» атты конференция.

Конференцияны облыс әкімінің орынбасары Әлібек Әлденей бастады. Ол аймақ басшысы Ермағанбет Бөлекпаевтың құттықтауын жеткізді. Құттықтау хатында «Сізді ғибратты ғұмырыңыздың айтулы белесі – 70 жасқа толған мерейтойыңызбен шын жүректен құттықтаймын! Сіз – көнеден керуен тартқан ерлік пен жасампаздықтың баһадүр бабалар ізін жалғаған жаршысы әрі мұрагері ретінде барлық құрметке лайықты тұлғасыз! Бүкіл саналы ғұмырын әскери қызметке арнаған кәсіби офицердің өнегелі өмірі мен өшпес ерлігі бүгінгі жас буын үшін патриоттық тәрбие мектебі болып қала бермек. Адамзат тарихында «Жұмбақ соғыс» аталған Ауған қасіреті Сіздің өміріңізге ұмытылмас із қалдырып, жазылмас жара салғанын жақсы білеміз. Ауған соғысында атой салған қазақ офицерінің жауынгер халық, жаужүрек бабалар ұрпағы екенін дәлелдеп шықтыңыз. Жастығының жалаулы күндерін жар жағалап, жаумен арпалыста өткізген жауынгерлік рухыңыз бен ұзақ жылғы әскери қызметтегі Отанға деген сүйіспеншілігіңіз тәуелсіз Қазақстан тарихында алтын әріппен жазыларына ешкім шүбә келтірмесе керек. Бейбіт өмірде де еліміздің әскери саласында мінсіз атқарып, Отан қауіпсіздігін қамтамасыз етуде де қайраткерлік танытып келесіз. Ардагерлерді қолдау, өскелең ұрпақты отаншылдық рухта тәрбиелеу ісіне өлшеусіз үлес қоса отырып, Қарулы күштер саласы ардагерлерінің қоғамдық ұйымындағы азаматтық белсенділігіңіз берекелі бастама, ұтқыр ұсыныстарға ұйытқы болуда», – делінген. Иығына шапан жауып, естелік сыйлық табыстады.

Шараға арнайы келген «Астана» Өңір­лік қолбасшылығы әскерлерінің қол­бас­шысы, полковник Махсұт Гусейнов «Полковник Амангелді Жантасовтың жа­уынгерлік жолы» тақырыбында баяндама жасады. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықовтың және «Астана» Өңірлік қолбасшылығының грамотасын табыстады.

Қазақтың ақсұңқар ақыны, Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың иегері Серік Ақсұңқарұлы да мінберге көтеріліп, батыр болмысы бейнеленген «Дала философиясы» өлеңін оқып берді.

Түркіменстан Қорғаныс министрінің экс-орынбасары, генерал-лейтенант, Ау­ғанстандағы майдандасы Ринат Мереддурдыев, Генерал-майор, Қырғызстан Қор­ғаныс министрінің экс-орынбасары, майдандасы Мэлс Бекбоев та конференцияның құрметті қонағы болып, өткен күндердің естелігімен бөлісті.

Құттықтау сөздерден кейін Амангелді Жантасовтың Ауғанстан жеріндегі соғыс турасында жазылған өлеңдері оқылды. «Қара майор» Борис Керімбаевтың Амангелді Жантасовтың тұлғасы мен шығармашылығы туралы айтқан сұхбаты да экранға шықты.

Шара соңында Амангелді Жантасовтың кеудесіне «177-ші арнайы жасақтың құрылғанына – 45 жыл» мерейтойлық төсбелгісі тағылды. Төсбелгі қаруластарына да табысталды.

Ерік НАРЫН,
«Ortalyq Qazaqstan»

Сурет автордан

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button