Қарулы Күштердің қуаты
Өткен жылы Ұлы Отан соғысындағы Ұлы Жеңістің 70 жылдық мерейтойын атап өткеніміз белгілі. Сол сұрапыл соғыс жылдарында ел басына қатер төндірген гитлерлік неміс басқыншыларының бетін қайтарған зеңбірек дүмпуінің күші еді. Майдан даласында «Артиллерия – соғыс тәңірі!» аталған Ракета әскерлері және артиллерия – бүгінгі бейбіт күнде де өзінің өміршеңдігін көрсетіп келеді. Ракета әскерлері және артиллерия Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің негізгі отты күші болып табылады.
Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің «Астана» өңірлік қолбасшылығы әскерлеріне қарасты 06708 әскери бөлімінің жеке құрамының қатысуымен Приозерск гарнизонының Мәдени іс-шаралар өткізу орталығында 19 қараша – Ракета әскерлері және артиллерия күніне арналған салтанатты жиын өтті. Онда бөлім командирінің міндетін уақытша атқарушы подполковник Айнидин Нурдунов бөлімнің барлық әскери қызметшілері мен Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің азаматтық персоналдарын кәсіби мереке күнімен құттықтады.
06708 әскери бөлімі 1975 жылы 3 маусымда Кеңес әскерлері Орта азия әскери өңірлік аймағы қолбасшысының Директивасы негізінде Алматы облысының аумағында артиллериялық бригада ретінде жасақталды. 1992 жылы аталған артиллериялық бригада жаңадан құрылған Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің құрамына зеңбіректік артиллерия бригадасы болып енді. 1993 жылы зымыранды-зеңбіректік артиллерия бригадасы аталды. 1999 жылы зымыранды-зеңбіректік артиллерия бригадасы қайтадан жасақталып, 2003 жылдың күзінде Қарағанды облысының Приозерск қаласына қоныс аударды.
Бөлімнің жеке құрамы «Сарышаған» полигонында Қазақ-стан Республикасының Президенті – Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен өткен «Отан қалқаны-2002» және «Сарыарқа-2004» кең көлемді тактикалық оқу-жаттығуларында алдыңғы қатарлардан орын алады. Бүгінгі таңда артиллериялық әскери бөлімге подполковник Жасұлан Жақыпов басшылық етіп келеді.
Жауынгер-артиллеристердің кәсіби мерекесі күніне арналған мерекелік жиын барысында бөлімнің бірқатар үздік әскери қызметшілері мен Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің азаматтық персоналдарына мақтау қағаздары табыс етілді. Мерекелік жиын соңы көркемөнерпаз мүшелерінің дайындаған мерекелік бағдарламасына ұласты. Әскери ортада ән айтуымен ерекше көзге түсіп жүрген әскери қызметшілер – лейтенант Қ.Мұстафин мен ефрейтор М.Нұрманов көрермендердің құрметіне бөленді.
Тілек АЛШЫМБЕКҰЛЫ,
06708 әскери бөлімінің қызметкері.