Қарулы Күштердегі кәсіподақ ұжымдарының конференциясы өтті
Астана қаласындағы Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының актив залында «Қарулы Күштер, басқа да әскерлер және әскери құралымдары қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігіне қарасты «Астана бірлескен кеңесі» филиалының кәсіподақ ұжымы жетекшілерінің ХХІІІ конференциясы өтті.
Қазіргі кездегі кәсіподақтың атқаратын рөлі: әлеуметтік әріптестіктің құқықтық-нормалық негізі» тақырыбындағы конференцияны «Астана бірлескен кеңесі» филиалының төрағасы Дәулетов Қуаныш Рахимұлы ашып берді. Алдымен, мінберге көтерілген Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Тинекеев пен «Қарулы Күштер, басқа да әскерлер және әскери құралымдары қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Төрехан Ерденбеков құттықтау сөз сөйлеп, конференция делегаттарына сәттілік тіледі.
Келесі кезекте Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының әлеуметтік-экономикалық қатынастары және әлеуметтік әріптестік бойынша комитет төрағасының орынбасары Айжан Ибраева лекция оқып, тыңдаушыларға әлеуметтік әріптестік жүйесін зор түсіністікпен талдап берді.
Конференция барысында Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі Тәрбие және идеологиялық жұмыстары Департаменті басқармасының бастығы полковник Серік Жандосұлы бастаған Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің жұмыс тобы конференцияға қатысушы кәсіподақ ұжымы жетекшілерінің қойған түйткілді сұрақтарына жауап берді. Бас қосқан ортада кәсіподақ ұжымының жетекшілері Қарулы Күштер, басқа да әскерлер және әскери құралымдарда еңбек етіп жүрген Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің азаматтық персоналдарына әлеуметтік тұрғыдан қолдау көрсету және олардың еңбекақыларын көбейтуді алға тартты.
Алқалы жиын қорытындысында, «Қарулы Күштер, басқа да әскерлер және әскери құралымдары қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Т.І.Ерденбеков пен «Астана бірлескен кеңесі» филиалының төрағасы Қ.Р.Дәулетов кәсіподақ ұжымының жетекшілеріне сертификаттар мен арнайы тағайындалған төсбелгілерді салтанатты түрде табыс етті. Конференцияның аса жоғары деңгейде ұйымшылдықпен өтуіне «Астана бірлескен кеңесі» филиалы іс-шараларды ұйымдастырудың маманы Александрина Юрьевна асқан белсенділік танытты.
Думан ЖҰМАШҰЛЫ,
Приозерск гарнизонының баспсөз хатшысы