Бас тақырыпМәселе

«Қарулы» Қарағанды немесе қаланың қару-жарақ арсеналы қандай?

Қазір қауіп жоқ деуге келмейтін кезең. Аяқ астынан, күтпеген жерден туындауы ғажап емес. Сондай салдары ауыр оқиғалардың тым жиілеуі – қоғамға қатаң ескерту. Демек, мұнда қаперге ілмеген «ақ таңдақтар» бар. Кешегі күні Шымкенттегі қару-жарақ дүкеніне өзбекстандық азаматтың шабуылы да – кезекті «сабақ». Бұған дейін де ел ішіндегі мұндай дүкендердің бірнеше рет тонаушылықты өткергені есте. Басқаны айтпағанда, былтыр Қаңтар трагедиясында ең алдымен, дүкендегі қарулар қолды болғаны мәлім. Күзде Қостанай қаласында қару-жарақ дүкені жарылып, оның жалыны бүтін бір кварталдағы барша үйді шарпыды. Демек, қару-жарақ дүкендерінің де қадағалануын қатаң назарда ұстау қажеттігі туындап келеді. Бұған дейін көп жыл бұрын «Қорамсақ» қару-жарақ қауымдастығы осындай дүкен сатушыларына қызметтік қару ұстауға рұқсат беру мәселесін көтерген-тін. Олар «Өз өмірімізді сақтауға рұқсат беріңіздер» деген мәлімдеме жасаған еді. Өйткені, қару бар да, қауіп бары анық…

Жалпы, бұл қару-жарақ дүкендері әсте қараусыз деуге келмейді. Дүкендердің барлығы дерлік, «Қорамсақ» қару-жарақ қауымдастығына мүше. Шымкенттегі оқиға орын алған «Арсенал» дүкені де сонда мүшелікте. Қарағанды қаласының бірер дүкендері де қауымдастық қатарында. Атап айтқанда, «Актив Спортс» ЖШС, «Карал плюс» ЖШС, ««Оружейная палата» ЖШС, «Корсак-2006» ҚБ (Теміртау) және тағы да басқа дүкендер. Дәл осы қауымдастық кейбір посткеңестік елдердің, атап айтқанда, Молдава, Латвия, Литва, Эстония, Грузияның пистолет, револьвер ұстауға рұқсат бергенін де жеткізген.

«Біздің бірлестікке заңнаманы өзін-өзі қорғау тұрғысынан қайта қарау қажет екені туралы көптеген өтініш түсті. Травматикалық қаруды айналымға қайтару, қысқа ұңғылы винтовкаларды, яғни, нағыз тапаншалар мен револьверлерді енгізу туралы ұсыныстарымызды бердік. Бүкіл Балтық елдері, Молдова, Беларусь, Грузия азаматтарына тапанша мен револьвер алуға рұқсат етілген елдерде қылмыстың өсуі байқалмайды. Оның үстіне мен Литвадан келген әріптесіммен сөйлестім. Оның айтуынша, тұрғындар көшеде тыныш жүре бастады. Өйткені қылмыскерлер халықтың тойтарыс бере алатынын біледі», – дейді «Қорамсақ» қару-жарақ қауымдастығының атқарушы директоры Сергей Катнов.

Ал, Қарағанды облысының полиция департаменті аңшылық мақсаттағы қару-жарақ дүкендерінің арнайы тізімде, тіркеуде екенін айтады.

«Қарағанды облысында 7 қару-жарақ дүкені бар. Оның 4-еуі Қарағандыда, 2-еуі Теміртауда, 1-еуі Балқашта. Оның барлығы полицияның қауіпсіздік пультіне тіркелген. Полиция тарапынан тоқсанына бір оларда қауіпсіздік шаралары тексеріледі», – дейді Қарағанды облысы полиция департаментінің баспасөз хатшысы Бақытжан Құдияров.

«Калибр.кз» қару-жарақ порталының дерегінше, Қарағанды қаласының өз басында атыс қаруын саудалайтын оншақты дүкен бар екен. Жалпы, ашық ресурстағы мәліметтер қару сатуды жолға қойған дүкендері ірі қалаларда көп екенін көрсетті.

Мәселен, Sniper.kz сайтының жариялауынша, Қазақстанның қалаларындағы аңшылық қару-жарақ сататын дүкендер әркімге қару таңдауға мол мүмкіндік беретін көрінеді. Сайт ақпаратына жүгінсек, қару-жарағы сықырлаған шаһардың басында Алматы мен Астана қаласы тұр. Одан соң бұл төрттікті Қарағанды мен Семей түйіндейді.

«Қазақстанда қару-жарақ дүкендері жеткілікті. Аңшылыққа қызыққан тұрғындар таңдау жасай алады. Соның ішінде, ең «қарулы» қалалар – Алматы мен Астана. Республикамыздың басқа қалаларында да бірді-екілі дүкен бар. Қазақстанның кейбір қалалары тізімге де кірмеген, бірақ, оларда шағын қару-жарақ дүкендері де жоқ емес. Алайда, қалаңызда бірде-бір қару-жарақ дүкені болмаса да, басқа қалаға қару-жарақ іздеп, сабылудың қажеті жоқ. Интернеттен қару сатып аласыз. Бұл үшін ең бастысы – рұқсат», – дейді сайт ақпараты.

Негізі, елімізде 18 жасқа толған қазақстандықтың тұрғылықты жері бойынша ішкі істер органдарынан нақты қару түрін иемденуге рұқсат алғаннан кейін азаматтық қару сатып алуға құқығы бар. Бұған «Жекелеген қару түрлерінің айналымын мемлекеттік бақылау жасау туралы» Қазақстан Республика Заңының 15-бабы рұқсат береді. Сол заң нормалары бойынша 16 жасқа толған тұрғын лақтырылатын қаруды (садақтар мен арбалеттерді) спорттық мақсатта иемденуге, сақтауға, алып жүруге және пайдалануға құқылы.

«Белгі беру қаруы, механикалық тозаңдатқыштар, көзден жас ағызатын немесе тітіркендіргіш заттармен жарақталған аэрозолды және басқа да құрылғылар, үрмелі қуаты 7,5 Дж-дан аспайтындарын және калибрі 4,5 миллиметрге дейінгілерін қоса алғанда, пневматикалық қару тіркеуге жатпайды және Қазақстан Республикасының азаматтары рұқсат алмай-ақ, оларды қару жеткізіп берушілерден – заңды тұлғалардан иемденіп алуға құқылы», – делінген Еgov сайтында.

Қауымдастық дерегінше, Қазақстанда қарудың 3 санаты сатылады. Олар – аңшылық, спорттық және өзін-өзі қорғау қарулары. Осының ішінде, азаматтық атыс қаруы, газ тапаншалары мен револьверлер, электр қарулар ішкі істер органдары беретін рұқсатпен ғана.

Ал, Қарағандының қару-жарақ арсеналының ахуалын жоғарыда айттық. Тегі, «қарулы» Қарағандының да қаперіне алар жайт жоқ емес…

Қызғалдақ АСҚАРҚЫЗЫ.

Оrtalyq.kz     

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button