«Ару латын әлі он сегіз жасында…»
Бір кезде Кирилл, Мефодий дейтін болгар монахтары сомдаған, арғы тегі грекке тірелетін, бүгінгі орыс жазуы – Кириллица әліпбиі қазақ халқы үшін ұлы тарихи миссиясын адал атқарып шықты деуге болады. Санаулы жылдар ішінде осы әліпбимен салиқалы елге айналдық. Қазан төңкерісінің қасіретіне қарамастан, бұрынағы одақтастар ішінде ордалы жұрт, іргелі ел болдық. Кириллица дүниеге көзімізді ашып, көкірегімізге нұр құйды. Бойында Менделеевтің бүкіл ғылыми элементтері табылатын ұлан-ғайыр территориясы, ғылым академиясы, ірі өндіріс орталықтары, қуатты өнеркәсібі бар тегеурінді республика болдық.
Осы әліпбимен қазақ совет әдебиетін сомдап, «Абай жолы» дәуірнамасын, дүниеде тендесі жоқ қазақ поэзиясын туғызып, әлемдік әдебиеттің інжу-маржанын өз тілімізге қотарып алдық.
О, Кириллица, – Ұлы Мәртебелі Орыс Әліпбиі, Сен адамзат мәдениетінің алтын арнасының бірі хам бірегейісің!
Қазақ сахарасына Пушкинді алып келген – Сен! Сен бізге Абайдың жүрегін тербеп, Татьянаның Әні болып келдің!
Пушкинмен бірге пушкаң да келген еді… Оған сенің кінәң жоқ еді. Әлихан мен Ахметке, Сәкен мен Мағжанға жабылған жалаға да Сенің қатысың жоқ еді! Оған орыс тілі, орыс әліпбиі жазықты емес, оңбаған отаршылдық ой пиғыл, империялық кердең кеудемсоқтық, орыстың өзіне де опа бермейтін шынжыр балақ, шұбартөс шовенизмі кінәлі болатын!
Бізді ХХІ-ші ғасырға жетектеп алып келген – Сен!
Адамзат қауымдастығының алтын бекетіне ат шалдырып, жан-жағымызға қарап тұрсақ, дүниенің көші басқа жаққа бет алып барады екен. Елу шақты ел бізге қара үздіріп кетіпті: әліпбиі – Латын, әдебі – өзгеше, әлемі де – бөлек. Сол көшке біз де ілесуіміз керек! Бүгін ілеспесек, ертең көштен қалып қоюымыз мүмкін: қанатты елдер, санатты ұлттардың бәрі де Латын әліпбиімен қара танып, ғылым мен техниканың дамуына өзгеше үлес қосып жатыр.
Олар биікке шыққанда, біз етекте қалып қойдық.
Компьютердің тілі де – Латын. Түркі тілдес ағайындардың да әліпбиі – осы. Бұдан жетпіс – сексен жыл бұрын іргеміз бөлінген, тілі де, діні, ділі, түбіміз бір түркімен басымызды қосып, төрт құбыламызды қашан түгендейміз?!
V-VІ ғасырдағы көне Орхон жазуынан Күлтегін Жырын да Криллицаға көшіріп алған ақылы кемел, зерек жұрт едік қой. Күллі ұлттық қасіретімізді, бодандыққа байланған ой-болмысымызды көшкен жұртқа тастап, орыс жазуына орасан зор алғысымызды айтып, сондағы ұлы қазынаны соны әліпбиге қотара көшіріп, Қасиетті Латынға жеткен күні Алаш жұрты да адамзат көшіне ілесіп жүре берер еді…
Латын әліпбиін тұтынатын елдердің көпшілігі біреуге бодан болмаған, құлдық сезімі жоқ, қожайындық қасиеті мол елдер екен. Еңсемізді тіктеп, ел боламыз десек, сол елдер кенелген арда ақыл-ой, сезімге біз де кенелуіміз керек!
Ару Латын, – әлі он сегіз жасында.
Жақсы менен Жайсаң соның қасында.
Ғаламзатты қартайтты да ғашық қып,
Кербес Сұлу келді біздің ғасырға,
Адамзаттың бүгіні – сол, өткені,
Қысы, жазы, күзі де – сол, көктемі.
Гомер дейтін ақын – ақын болғалы,
Латын дейтін – латын болған, өйткені.
Асқақ жыры – алтын Алаш хақында, –
Ару Латын тәнті мендей ақынға.
…Біреу жетсе айдарынан жел есіп,
Мен жетермін Қасиетті Латынға.
Серік АҚСҰҢҚАРҰЛЫ
(Сурет ғаламтордан алынды).