Руханият

Ару қала айшықтары

Өткенге көз жүгіртіп өтейікші… 1994 жылдың 6 шілдесінде Қазақстан билігі Елорданы Алматыдан Ақмолаға ауыстыру туралы ҚР Жоғарғы Кеңесінде шешім қабылдаған болатын. 1997 жылдың 10 желтоқсанында «Астана» мәртебесі Ақмолаға ресми ауыстырылып, 1998 жылдың 6 мамырында Президент Жарлығымен Ақмола атауы Астана болып өзгертілді. Сол жылы 10 маусымда жаңа Астананың халықаралық тұсаукесері өтті.

Небәрі 25 жыл уақыт өтсе де, Елордамыз ерте есейді. Ұшы-қиыры жоқ сары даланың төсінде алып ғимараттар мен көздің жауын алатын түрлі сәулет нысандары бой түзеді. Қай жағынан алып қарасаңыз да, осы бір статусқа лайық бола білді.

Астананы тілге тиек етсеңіз, әуелі Бәйтерек, Бейбітшілік және келісім сарайы және «Хан шатыр» ойын-сауық орталығы, Мәңгілік ел монументі сынды сәулет туындылары ойға оралатыны сөзсіз. Әрине, бұл – қаланың басты символы. Ерекше сәулетімен, қайталанбас мәнерімен ерекшеленіп-ақ тұр. Бірақ, біз бұл жолы ғимараттарға емес, қаладағы ерекше стильде құрастырылған көшелеріне тоқталатын боламыз.

«Республика» даңғылы

Бұл – Астанадағы ең алғашқы көшелердің бірі. Ескі орталық пен жаңа қаланы жалғап тұрған даңғыл. Бұл жерде күні-түні қозғалыс тоқтамай, тірлік қайнап жатады.

Осыдан 25 жыл бұрын бұл көше тым жұпыны болған. Тек, көше кеңдігі мен маңғаздығымен көрікті еді. Қазір 5 шақырымға созылып жатқан көшені бұрынғы күйімен салыстыра алмайсыз. «Республика» даңғылы деген атау – 1997 жылы берілген.

50-60 жылдардағы тың игеру кезінде Сарыарқаның еңбекшілері көзге түскен еді. Солардың құрметіне көшенің басына «К-700» маркалы трактор мен арнайы ескерткіш орнатылған. Қазір оның орнында ҚР Қарулы күштерінің Әскери-тарихи музейі бой көтерген. Ал, ел арасында «хрущевка» атауымен кең тараған үйлер уақыт өткен сайын қарқынды дамып келе жатқан шырайлы қаланың өңін кетіріп тұрған-тын. 2010 жылы қаланың туған күніне қарсы ескі үйлердің қасбетін қазақы нақыштағы ою-өрнектерімен безендірді.

«Тәуелсіздік» даңғылы

Қаланың Оңтүстік-Шығысын­да, Алматы ауданында орналасқан күре жол. Ж.Тәшенов көшесінен басталып, Панфилов көшесінен аяқталады. Ұзындығы – 5 500 шақырым. Даңғылдың атауы ел тәуелсіздігінің құрметіне қойылған. Даңғылдың бойында Тәуелсіздік алаңы, Тәуелсіздік сарайы, «Қазақ елі» монументі, ҚР Ішкі істер министрлігі, «Толқын» спорт кешені, Бейбітшілік және келісім сарайы, Ұлттық музей мен «Kegoc» компаниясының ғимараты орналасқан. Сонымен қатар, ерекше архитектурада салынған ғимараттар жетерлік. Солардың бірі – Орталық Азиядағы ең ауқымды «Әзірет Сұлтан» мешіті.

 

Түркістан көшесі

Бұл – Елорданың сол жағалауында орналасқан көше. «Сарайшық» көшесінен басталып, «Нұрлы жол» бульварын кесіп өтіп, «Сығанақ», «Алматы», «Керей мен Жәнібек хандар», «Бұқар жырау», «Ұлы дала» көшесімен қиылысып жатыр. «Ақмешіт» көшесімен тоғысқан жерде аяқталады. Бұл көшенің бойында ҚР Сыртқы істер министрлігі, Бәйтерек монументі, ҚР Қорғаныс министрлігі, «Абу-Даби» плаза көпфункционалды ғимараты, «Нұрсұлтан» ботаникалық саябағы және «ЭКСПО-2017» көрме павильоны орналасқан.

Шарль де Голль көшесі

Қаланың Оңтүстік-Шығысындағы, Алматы ауданында орналасқан. «Аман» көшесінен басталып, «Тәуелсіздік» даңғылымен аяқталады. Ұзындығы небәрі – 1 300 метр.

Көше қысқа ғана болғанымен, мұнда келген тұрғындар өзін құдды бір Еуропа елдерінде жүргендей сезінеді. Үйлердің ерекше стилі, абаттандырылуы, тіпті, Париждегі «Эйфел» мұнарасының шағын көшірмесі осы жерде орнатылған. XVIII ғасырдағы XIV Людовик стилінде салынған «Француз» кварталын қала тұрғындары жақсы біледі. Еуропа елдерінің стилімен жасалған ерекше тұрғын үй кешенінен баспаналы болу – кімнің болса да арманы. Кең әрі жарық, ерекше стильде салынған үйлердің ауласы да көзге ерекше көрінеді. Тіпті, жас жұбайлар да той алдындағы фотосессияларын осы жерде түсіретін көрінеді.

Бұл көшенің бойында «Француз» кварталынан бөлек, 5 жұлдызды «Monaco» қонақ үйі және атақты қолбасшы Шарль де Голльдің құрметіне қоладан құйылған 3 метрлік ескерткіш бар.

«Атырау» көпірі

Қаланың көрікті жерлерінің бірі. 2018 жылы салынған жаяу жүргіншілерге арналған көпір. Жаңа көпірді Атырау облысы әкімдігі Астананың 20 жылдығына тарту еткен. Есіл өзенінің екі жағалауын байланыстырып тұр. Сыртқы пішіні алып балыққа ұқсайды. Яғни, балық – Атыраудың символы. Көпірдің сырты да балық қабыршағы іспеттес. Одан қалаберді, Каспий бекіресіне ескерткіш орнатылған.
Айналма жолдың ұзындығы – 313,5 метр. Нысан ішінде 6 метрлік жаяу жүргіншілер жолы, 3 метрлік велосипед жолы бар. Металл конструкциясының салмағы – 1 920 тонна. Көпірдің екі жағында «Атырау көпірі» деген жазуы бар стелалар орнатылған.

Ербол ЕРБОЛАТ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button