«Қарты бар үйдің – қазынасы бар»
1 қазан – біз ел болып Қарттар күнін тойлаймыз. Бұл – ата жолын жалғап келе жатқан асқақал аталарымыз бен ақ жаулықты әжелеріміздің келіп жеткен мерекесі. Осы өмір жолында барлығымызға қатысы бар мерейлі шақ. Асылы, үлкенді сыйлау, оларға құрмет көрсету – ата-бабадан келе жатқан қасиет-салтымыз. “Қарты бар үйдің – қазынасы бар” деген.
Еліміздің өсіп-өркендеуіне өз үлестерін қосып, сапалы ғұмырларын ұрпақтарының өсіп-өнуіне сарп етіп, олардың адал азамат болып өсулері үшін тынымсыз еңбек етіп, бүгінгі күні зейнеткерлікте болса да, өз ақылдарын айтып, баталарын беріп, төріміздің сәні болып отырған қарияларымыз асыл қазынамыз екені сөзсіз.
Осы мерекеге орай сыныбымыздың оқушысы Төлеуқұл Нұрғисаның әжесі Нұрбала әжемізді мерекесімен сынып болып құттықтап қайттық.
Ақ жаулықты әжеміз балалар келеді дегеннен бауырсағын, шелпегін пісіріп, ақ дастарханын жайып қойыпты. Дастархан үстінде балаларға әңгімесін айта отырды.
– Әке – шешемізден ертеректеу айырылдық. Қиындықты көрдік. Ол кез соғыстың біткен жылдары ғой. Шабындыққа бардық, жұмыстың бәрін жасадық қой талғамай. Аталарың Сейтімхан Тұрғанбайұлы “Береке” ауылында механизатор болып жұмыс жасады. 10 балам бар. Аллаға шүкір, немере-шөбере көріп отырмын, –деді Нұрбала әжеміз.
Атамыз бен апамыздың еңбегінің өтеуіндей болған марапат-медальдары да сол қалпында сақталған екен. Әрбір таққан медалінің өзіндік тарихы бар екені көрініп тұр.
-Ал, Құдайым оңдасын,Қыдыр бабам қолдасын. Оқушының алды болыңдар. Тілеген тілектерің қабыл болсын. Үлкен, ақылды азамат болыңдар. Жақсы өмір сүріңдер. Бар жақсылықты тілеймін!,- деп сөз соңында балаларға батасын да берді әжеміз.
Оқушылар да кимастықпен қоштасып, келгендеріне риза болып, жақсы көңіл-күймен үйлеріне қайтты.
«Бабаларым, рахмет сендерге!
Балаларым болмасын деп көр кеуде,
Қобызыңмен қосып ән мен тіл бердің,
Өмірге мен мылқау болып енгенде,
Бабаларым, рахмет сендерге!»- деп Мұқағали ақын жырлағандай, біз өзіміздің ата-әжелеріміз алдында қарыздармыз. Ол қарызымызды тек жақсы тәрбие арқылы, адамгершілігі мол, мейірімді болу арқылы ғана, оларды көрген жерде құрметтеп сыйлау арқылы ғана қайтара аламыз.
Қарттарымызды ардақтап, оларды сыйлайық, қадірлейік!
Эльмира СЕРИКОВА,
Әл-Фараби атындағы ЖББМ мұғалімі.
БАЛҚАШ қаласы