Жаңалықтар

ҚарТУ жастары ерікті түрде қан тапсыру акциясын ұйымдастырды

Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің «Jas Orda» жастар қауымдастығына қарасты «Aqniet» жастар қайырымдылық ұйымы жыл сайын ерікті түрде қан тапсыру акцияларын ұйымдастырып келеді.

Сурет ұйымдастырушылардан

Осы қауымдастықтың Еріктілер штабы Қарағанды облыстық қан орталығында донорлық қан тапсыру акциясын жалғастырды. Акция оқу орнының «Aqniet» жастар қайырымдылық ұйымының 20 жылдығына орай ұйымдастырылған «20 жыл – 20 игі іс» ауқымды бастамасы аясында жүзеге асырылып, жобаның алғашқы акциясы болды.

Акцияға университеттің 30-ға жуық студенті қатысып, ерікті түрде қан тапсырды. Әрбір донор адам өмірін сақтап қалуға өз үлесін қосты.

Оқу орнының Жастар саясаты департаментінің директоры Гүлден Хасенованың айтуынша, жастар донорлықтың адам өмірі үшін маңызын жақсы түсінеді. Бүгінде донорлық қанды толық алмастыратын балама жоқ, сондықтан, ерікті донорлардың көмегі аса қажет. Бұл бастама жастардың әлеуметтік жауапкершілігін арттырып, ізгілік құндылықтарын нығайтуға бағытталған.

Университетте қан тапсыру игі дәстүрге айналған. Студенттер мұндай акцияларға белсенді қатысып, қоғам алдындағы жауапкершілігін танытып келеді.

Жамал СОВЕТҚЫЗЫ
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button