Білім

ҚарТУ-да студенттерге арналған биогаз қондырғысы іске қосылды

Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінде шағын биогаз қондырғысы таныстырылды. Инновациялық нысан жылына 7 тоннаға дейін органикалық қалдықты өңдеуге мүмкіндік береді және студенттердің ғылыми-зерттеу жұмыстары мен тәжірибелік даярлығына арналған оқу алаңы ретінде пайдаланылмақ.

Суреттер облыс әкімдігінің сайтынан

Жобаның таныстырылымы Германия мен Қазақстан өкілдері, университет басшылығы және сала сарапшылары қатысқан дөңгелек үстел аясында өтті. Бастаманың басты мақсаты – өңірде жасыл экономиканы дамыту және экологиялық технологияларды білім беру үдерісіне енгізу.

Биогаз қондырғысы университетке Орталық Азияның Тұрақты дамуы қоғамдық қоры жүзеге асырып жатқан «Creative Innovation Institute» бастамасы аясында табысталды. Аталған қор Германия экономикасының Орталық Азиядағы өкілдігі ұйымдастырған байқауда жеңімпаз атанған.

Қор сарапшысы Александра Харитонованың айтуынша, қондырғы цифрлық білім беру құралдарымен толық интеграцияланған. Бұл студенттерге заманауи экологиялық шешімдерді тәжірибе жүзінде меңгеруге мүмкіндік береді.

Жаңа қондырғы тәулігіне 2 м³ биогаз өндіреді және жыл сайын атмосфераға шығарылатын парниктік газдарды 18 тонна CO₂-эквивалентіне дейін азайтуға ықпал етеді. Өңдеу нәтижесінде алынатын дигестат университет аумағын көгалдандыруға қолданылып, қоршаған ортаға түсетін экологиялық жүктемені төмендетеді.

ҚарТУ-дың ғылым және инновациялар жөніндегі проректоры Әли Мехтиевтің айтуынша, жоба тәжірибеге бағытталған ғылым мен инновацияны дамытуда маңызды рөл атқарады.

– Жобаны жүзеге асыру университеттегі тәжірибеге бағытталған ғылым мен инновацияны дамытуда үлкен рөл атқарады. Ол білім беру, зерттеу және тұрақты даму саласындағы заманауи технологияларды көрсету мүмкіндігін біріктіреді, – деді ҚарТУ-дың Ғылым және инновациялар жөніндегі проректоры Әли Мехтиев.

Жоба Қазақстан Президенті Ұлттық құрылтайда айқындаған басымдықтарға сай келеді және білім беру саласының климаттық күн тәртібіндегі рөлін күшейтуге бағытталған.

Аида РАХЫМҚҰЛОВА
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button