Бас тақырып

Қарттар ұмыт қалмайды

Майқұдықтағы «Ақ Отау» мейрамханасында зейнеткерлерге мерекелік дастархан жайылды. Ескі таныстарымен кездесіп, жас таланттардың өнерін тамашалаған қариялар өткен күннің естеліктерін еске алып, ұйымдастырушылар алқасына риясыз алғыстарын жеткізді.

Қарттар күні мерекесі қарсаңында зейнеткерлерге арнап ақ дастархан жаю бастамасын Қарағанды қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі және Қарағанды қаласының Октябрь ауданының үйде әлеуметтік көмек көрсету бөлімшесі ұйымдастырған.

– Қарттар күні қарсаңында «Ақ Отау» мейрамханасының басшылығы бізге өз залдарын ұсынды. Зейнеткерлерге мерекелік көңіл-күй сыйлау мақсатында шараға 70 адам шақырылып отыр. Олардың барлығы – жастық шағында аянбай еңбек етіп, қаламыздың дамуына үлес қосқан азаматтар. Былайғы уақытта да қарттарды ұмыт қалдырмай, көмек көрсетіп келеміз. Үй жағдайында әлеуметтік көмек алатын зейнеткерлеріміз де бар,– дейді қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшысының орынбасары Бақытнұр Талипова.

«Ақ Отау» төрінде бас қосқан қарттарымыздың жүздері жарқын, көптен көрмей сағынысып қалған ескі таныстар хал сұрасып, арқа-жарқа болып қалысты. Таяққа сүйеніп, қозғалысы қиындаған әр зейнеткердің қасында қолтығынан демеп жүрген бір-бір көмекшісі бар. Кейін білдік. Бұлар әлеуметтік көмек бөлімінің мамандары екен. Асты-үстіне түсіп, көңілін табуға тырысып жүрген мамандарға зейнеткерлердің ықыласы да ерекше. Кейбірі, тіпті, туған баласындай болып кеткен.

– Қарт адамға көп нәрсенің керегі жоқ екен. Уақытылы дәрімізді ішіп, бір уақыт таза ауада серуендеп тұрсақ, соның өзі көңіл қуантады. Жергілікті әкімдіктен келіп, бізге қарайласып тұратын қыздарым бар. Солардың арқасында бүгін осында келдім. Әйтпесе, үйден қарға адым жер ұзап шығу мұң болды ғой, мына жаста. Әлеуметтік көмек бөлімі қызметкерлеріне рахмет, қайда жүрсе де аман болсын,– дейді зейнеткер Антонина Алексеевна.

Мейрамхана төрінде отырған қарттардың бәрі бір кездері жастық жалынмен құлшына еңбек еткен азаматтар. Барлығы да – өз заманының белді де беделді мамандары. Біреулері шахтада көмір өндірсе, келесілері зауыт-фабрикада еңбек еткен. Шәкірт тәрбиелеп, өзінен кейінгі жастардың білімді болып жетілуіне үлес қосқандар да жеткілікті.

– Бұқар жырау ауданындағы Керней ауылында техникум болған еді. Сол жерде сабақ беріп, жас мамандарды тәрбиеледім. Зейнетке шыққан соң Қарағанды қаласына көшіп келдік. Құдайға шүкір, жағдайымыз жаман емес. Әкімдік тарапынан түрлі жеңілдіктер бар. Әлеуметтік көмек үзілмейді. Әр мереке сайын құттықтап, елеп-ескеріп жатқандарына рахмет. Мұның бәрі бірінші кезекте Елбасымыз бен үкіметіміздің арқасы ғой. Қарттарды ұмытпай, қадірлей білгендері қуантады,– дейді зейнеткер ұстаз Виктор Зевский.

Дәл осы күні, кеншілер қаласының өзге аудандарында да қайырымдылық шаралары өткізіліп, зейнеткерлер мейрамхана төріне шақырылды. Октябрь ауданы әкімдігінің үй жағдайында әлеуметтік көмек көрсету бөлімінің қызметіне жүгінетін 720 адамның барлығы мерекелік акцияның шарапатын көрді. Бөлім қызметкерлері ардагерлерді үйлеріне барып құттықтап, сый-сыяпаттарын ұсынды, жас өнерпаздардың қатысуымен концерттік бағдарламалар ұйымдастырды. Қайырымдылық шаралары алдағы уақытта да жалғасын таппақ.

Нұрлыхан ҚАЛҚАМАНҰЛЫ,

«Орталық Қазақстан»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button