Жаңалықтар

Артиллерия – соғыс тәңірі

Қазақстан Республикасы Қарулы Күштеріндегі Құрлық әскерлерінің негізгі міндеттеріне қарсы келген жауға тойтарыс беру үшін әскерлердің ұрыстық әзірлігіне қолдау көрсету, еліміздің егемендігі мен аумақтық тұтастығын қорғау, мемлекеттік және әскери нысандарды күзету, мемлекеттік шекараны қорғау, бітімгерлік және басқа да берілген тапсырмаларды орындау кіретіндіктен, құрамындағы бірнеше әскер түрлерінің ішіндегі Зымыран әскерлері және артиллерия күшінің алатын орны ерекше.

 

Тарих беттерінде жазылып кеткеніндей, Кеңестік дәуірдегі Зымыран әскерлері және артиллерия күнінің аталып өтуі сонау 1942 жылдың 19 қарашасы күнінен бастау алады. Дәл осы күні, Ұлы Отан соғысының (1941-1945 ж.ж.) белең алған кездегі Волга өзенінің бойындағы Сталинград шайқасында гитлерлік неміс басқыншыларына қарсы Кеңес әскерінің зымырандық әскер мен артиллерия күшінің қуаттылығы маңызды рөл атөарады. Ұрыс қимылдарындағы фашистерге үрей туғызған ВМ-13 «Катюша» жауынгерлік көлігінің абыройы асқақтап, атақ даңқы жер жарады. Әсіресе, Курск доғасындағы жаумен бетпе-бет келген шайқаста «Артиллерия – соғыс тәңірі!» деген лайықты атқа ие болған Кеңес әскерінің артиллерист-жауынгерлері немістердің бетін қайтарады. Осылайша, Кеңес әскерінің құрамындағы артиллерия әскерлері күшінің гитлерлік неміс басқыншыларының шабуылына қарағанда әлдеқайда басым болғандығына анық көз жеткізе аламыз.

Артиллерист-жауынгерлердің қатарынан Ұлы Отан соғысы кезіндегі Кеңес Одағының Батыры атағын алғандардың ішіндегі қазақстандық Махмет Қайырбаевтың есімін ерекше атағанымыз жөн.

 

Ұлы Отан соғысы басталған 1941 жылы 16 жасқа енді толған Махмет соғысқа баруға ерікті ретінде өтініш бергенімен, жасы толмағандықтан әскер қатарына алынбайды. Бір жылдан кейін қайтадан өтініш берген Махмет Қайырбаев 1942 жылдың тамызында Бұхараға эвакуацияланған Подольск артиллериялық училищесіне оқуға жіберіледі де, жылдамдатылған курс бойынша тез арада бітіріп шығады.

Әскери артиллерияның жас маманы Махмет Қайырбаев Ұлы Отан соғысына 1943 жылдан бастап, майдан даласындағы ұрыстың нағыз қызған шағында кіріседі. Кеңес әскерінің құрамындағы Басқолбасшылық Резервінің 17-ші танкіге қарсы ататын артиллериялық жеке бригадасының 712-ші жеке танкіге қарсы жойғыш артиллериялық полкінің взвод командирі лауазымына тағайындалып, неміс басқыншыларына қарсы ұрыс іс-қимылдарына қатысады. Қазақ жауынгері Махмет Қайырбаев соғыс кезіндегі жылдам әрі шапшаң қимылымен Смоленск түбіндегі шайқас кезінде ерекше көзге түсіп, небәрі 18 жасында Александр Невский орденін алғаш рет кеудесіне тағады.

1944 жылдың тамызында совет әскері Прибалтика жағалауында шабуылға шығып, Шяуляй қаласының маңында фашист әскерін қоршауға алады. Фашистер өз полктерін қорғап, Кеңестік армия дивизияларының Балтық теңізіне барар жолын кесу үшін бірқатар танк шабуылын жасайды.

 

1944 жылдың 19 тамызында Литвадағы Шяуляй қаласының батыс жағында болған ұрыста фашистік неміс әскері танкімен шабуылға шығып, Кеңес әскері қорғанысын бұза жарып, қалаға басып кіруге ұмтылады. Осы кезде Шяуляй қаласының батысында немістердің қоршауында шайқасып жатқан батареялардың біріне қазақстандық батыл артиллерист-жауынгер Махмет Қайырбаев өзінің 15 жауынгерімен көмекке келеді. Жедел іс-қимылға кірісіп кеткен артиллерист-жауынгерлер аға лейтенант М.Қайырбаевтың басшылығымен жаудың 7 шабуылына тойтарыс беріп, бір батальон әскерінің көзін жояды. Кескілескен шайқаста немістердің Шяуляй қаласына өтуіне жол берілмейді. Осы ұрыс қимылындағы көрсеткен ерлігі мен тапқырлығы үшін, Кеңестер Одағының Жоғарғы Кеңесі Төралқасының 1945 жылғы 24 наурыздағы (№6367) Жарлығымен Кеңес Одағының Батыры атағы беріліп, аға лейтенант Махмет Қайырбаевқа Ленин ордені мен «Алтын Жұлдыз» медалі табыс етіледі.

1998 жылы жалпы бағыттағы күштердің құрылуына орай, Зымыран және ариллерия әскерлерінің Басқармасы құрылды.

Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің 2000 жылғы 4 қазандағы Директивасына сәйкес, Зымыран және ариллерия әскерлерінің Басқармасы   өз алдына дербес әскерлер тегінің түрі ретінде құрылды. Дәл осы күн – Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде Зымыран және ариллерия әскерлерінің құрылған күні болып саналады.

Қазақстан Үкіметінің 2009 жылғы 20 сәуірдегі қаулысын жүзеге асыру мақсатында, Зымыран және ариллерия әскерлері Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Құрлық әскерлерінің ұрыстық құрамына енді.

 

Жақында ғана «Жағалау» оқу-жаттығу полигонында өткен «Батыл тойтарыс-2023» стратегиялық командалық-штабтық әскери оқу-жаттығу жиынына қатысқан Қазақстан Республикасының Президенті – Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев сөйлеген сөзінде: «Бүгінде әлемдік қорғаныс жүйесінде ауқымды өзгерістер болып жатыр. Қазіргі ұрыстардың әдіс-тәсілдері де басқа, әсіресе, гибридтік соғыс түрлері кең таралуда. Шабуылдар әскери ғана емес, ақпараттық, психололгиялық, саяси, экономикалық, және басқа да сипат алуы мүмкін. Сондықтан, қазақстан армиясы кез келген сын-қатерге дайын болуы қажет. Бұл – заманауи әрі кәсіби әскерге қойылатын басты талап. Біздің бір ғана Отанымыз бар. Ол – Қазақстан. Елімізді, жерімізді, азаматтарымыздың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, оларды қорғау – баршамызға ортақ қасиетті парыз!» – деген болатын.

Осы ретте, Тәуелсіз Қазақстанның айбынды армиясының мәртебесін көтеру мен жауынгерлік даярлықтағы әзірліктерін жақсартуда Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің негізгі отты күші болып саналатын – Зымыран және ариллерия әскерлерінің аянбай тер төгіп, алдыңғы қатардан ерекше көзге түсіп, толағай табыстарға жете беретіндіктеріне сенімдімін!

лейтенант Думан Жұмашұлы
Приозерск гарнизонының баспасөз хатшысы

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button