Қарт жиһанкез «кәрі құрлыққа» аттанды
Арқадан шыққан жиһанкез, Мәдениет және туризм саласының үздігі Сәрсенбай Қотырашев тағы бір ұзақ сапарына аттанып барады. Салмақты сапарының алдында Қарағандыға аялдап, М.Әуезов атындағы қалалық кітапханада жанкүйерлерімен сұхбаттасты.

Сәрсенбай Қотырашев – биыл 75 жаста. 2022 жылы еліміздің 17 облысын жаяу жүріп өткен. 72 жасында 8 мың шақырымды еңсерген. Осыдан кейін марафоншыны қазақстандық КИнЭС рекордтар кітабына енгізе отырып, рекордтың жаңарғанын растайтын сертификат және ақпараттық-энциклопедиялық анықтамасы салтанатты түрде табысталды. 2023 жылы Атырау қаласынан шығып, Ресейдің Кавказ өлкелерінен өтіп, Грузия мемлекеті арқылы Түркияның Стамбул қаласына жеткен. Ал, 2024 жылы Өскемен қаласынан шығып Алтай өлкесі, Моңғолия арқылы Қытайдың астанасы Бейжіңге табан тіреген. Енді ақсақал Гиннестің рекордтар кітабына енуден үмітті. Әлемде 70-тен асқан марафоншы жоқ. Мұндай рекордты әлі ешкім орнатпаған.
Биыл Еуропаға аттанып барады. Бүгін, яғни 3 наурызда жаңа марафоны басталды. Ол Сербия, Венгрия, Аустрия, Германияны өрлей өтіп, Франция еліне жетпекші. Жеке жоспарында 2027 жылы Америка континентін аралау да бар.
– Сапарымның мақсаты – айқын. Әлемді жаяу аралап жүріп көшпелілер өркениетінің дүниежүзілік өркениетке қосқан үлесін насихаттағым келеді. Марафон арқылы үлкен ерліктерді жасауға көл-көсір байлықтың да, жастық шақтың да керек емес екенін көрсетсем деймін. Адамға бар болғаны батылдық керек. Бөтен елге бара жатырмын. Жолда қандай қиындық, қатер кездесетінін білмеймін. Марафон сонысымен де қызықты. Қиындықтарға төзу арқылы күш-қуатымды, қажыр-қайратымды сынап, өзіме өзімді мойындату – басты мақсатым деп айта аламын, – деді Сәрсенбай Қотырашев.
Іс-шара барысында жиһанкездің құрметіне қазақтың классикалық әндері шырқалды. Кітапханаға жиылған жұрт құрмет көрсетіп, сәт сапар тіледі.
Ерік Нарын,
«Ortalyq Qazaqstan»



