Ресми

«ҚАРТ САЙЛАУШЫЛАР ЫҚЫЛАСЫ ЕРЕКШЕ»

Академик Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің бас корпусына орналасқан №79 сайлау учаскесінде осы көрініс айқын аңғарылып тұр. Бұл туралы газет тілшісіне №79 сайлау комиссиясының төрағасы Саян Есмағанбетов айтты.

– Сайлаушылар белсенділігі – жоғары. Әсіресе, 70-80 жастағы қариялар керемет белсенділікпен келіп, өз таңдауларын жасауда. Әлгінде ғана, біз үйлерінен дауыс беретіндер тізімінде тұрған 82 жастағы қария келіп дауыс беріп кетті, – дейді комиссия төрағасы.

Жалпы, бұл учаске бойынша тізімге 1428 сайлаушы енген. Дәл қазіргі уақытта (11.35) тізімдегі сайлаушылардың 40 %-ға жуығы дауыс беріп үлгерген.

– Барлық санитарлық нормаларды сақтауға мән беріп жатырмыз. Әлеуметтік ара-қашықтық, бетперде режимі толық сақталуда. Тіпті, кабиналардағы қаламды пайдаланудан бас тартқан сайлаушылар үшін жаңа қалам береміз. Тура қазір жаңа қаламсаптың екі қорабы таусылды. 18 жасқа толып, тұңғыш дауыс берген, сондай-ақ, қарт сайлаушыларға сыйлық үлестірудеміз, – дейді Саян Есмағанбетов.

Көзімізбен көрдік. Бақылаушылардан шағым түскен жоқ. Тізімге енбей қалған сайлаушылар үшін де қолайлы жағдай жасалған. Жеке бөлмеде «Халыққа қызмет көрсету орталығының» маманы отыр. Тізімнен өзін таба алмаған сайлаушылар сол жерден мекенжай анықтамасын қолма-қол алып, қосымша тізім арқылы өз таңдауларын жасауда.

Басқа материалдар

Back to top button