Қарт қолөнершілер көрме өткізді
Балқаш қаласында Мағауия Хамзин атындағы мәдениет сарайында «Ардагер» клубының ұйымдастыруымен қолөнер көрмесі өтті. Зейнеткер қолөнершілер өздері жасаған бұйымдарын көпшілік назарына ұсынып, сән үлгісін көрсетті.
Басты мақсаты – қолөнерді дамыту, қолөнер шеберлеріне қолдау көрсету, олар жасаған бұйымдарды халыққа кеңінен насихаттау, әрі дарынды қолөнершілерді анықтау, өңірде туризмді дамытуға ықпал ету.
Шараның ашылу салтанатында сөз алған қалалық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Тайтөлеу Жұманов көрмеге қатысушыларды құттықтап, ұйымдастырушыларға алғысын жеткізді.
– Қолөнер бұйымдарын таныту, ішкі туризмді дамыту мақсатында игі шара ұйымдастырылды. Көрмеге 36 зейнеткер қолөнерші 240 бұйымын қойды, жұмыстарын көрсетіп, шеберлік сағаттарын өткізіп жатыр. Бұл шараның жергілікті халыққа, жастарға берер тәлімі мол. Жалпы қаламыздағы 6 мың зейнеткердің жас ұрпаққа берері аз емес, – дейді Тайтөлеу Жұманов.
Өнердің жәрмеңкесінде зергерлік, киізден, жібектен жасалған бұйымдар, былғарыдан белбеу, әмиян, ат әбзелдері мен қыштан құйылып, ағаштан ойылып көмкерілген ыдыс-аяқтар және музыкалық аспаптар, алаша, көрпе, жастықтар, қағаздан, түрлі тастардан жасалған бұйымдар елге ерекше ұнады. Он саусағынан өнер тамған шеберлердің қолынан шыққан бұйымдар көздің жауын алады. Мәселен, Вадим Верещагин есімді зейнеткердің қолөнер туындысы талайды тамсантты. Оның қолдан істелген ерекше дүниелерінің әрқайсы жұмбақ жасырғандай сырлы. Сондай-ақ, Ольга Вачевская қарт шебердің ерекше бұйымдары көпшілікті қызықтырды. Ол бұрын мұндай іспен айналыспаған, тек зейнетке шыққаннан соң қызығушылығы оянып, соны оқып, үйренген екен.
Көрменің соңында Ольга Вачевская бас жүлдеге лайық деп танылды. І орынды Вадим Верещагин, ІІ орынды Күләш Бажикеева, ІІІ орынды Тамара Жұманова еншіледі. Жүлдегерлерге арнайы дипломдар мен қаржылай сыйлық берілді.
Өнегелі шараны ұйымдастырған клуб меңгерушісі Қарлығаш Молдабекқызы және «Өнерлі әжелер», «Рукоделие» қолөнер үйірмесінің белсенді мүшелерінің айтуынша, көптің назарына ұсынылған көркем бұйымдар қолөнершілердің қолынан шыққан заттардың төрттен бірі ғана. Балқаш қаласындағы қарт шеберлердің сандығында ел көрмеген, тамсанарлық сан дүние жатыр. Сол себепті де, қолөнер шеберлерінің жұмысын насихаттау жалғаса береді.
Нұрдос КӘРІМ,
БАЛҚАШ