Спорт

Қарағандыда самбодан ерлер мен әйелдер арасындағы үздіктер анықталды

Қарағандыдағы Жастар спорт кешенінде спорттық және жауынгерлік самбодан ерлер мен әйелдер арасындағы ел чемпионаты өтті. Оған елдің түпкір-түпкірінен келген 570 спортшылар қатысып, 10 салмақ дәрежесінде сынға түсті. Чемпионаттың ашылуында облыс әкімінің орынбасары Ораз Тәуірбеков пен Қазақстанның спорттық және жауынгерлік самбо федерациясының президенті Руслан Жақсылықов сөз алып, сайысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.

Сурет ұйымдастырушылардан

Ораз Тәуірбеков, турнирдің маңыздылығына тоқталды. Сонымен қатар, Руслан Жақсылықов спортшыларға Федерацияның Алғыс хатын табыстап, жұмысына сәттілік тіледі.

– Мемлекет басшысы әрдайым бұқаралық спортты дамытуды, саламатты өмір салтын насихаттау қажеттігін баса айтты. Бұл бағытта өңірімізде жүйелі әрі нәтижелі жұмыстар жүргізілуде. Бүгінгі спорт мерекесі – соның айқын дәлелі. Барша спортшыларға жарқын жеңістер мен биік белестер тілеймін, – деді Ораз Тәуірбеков.

Жарыс жолына алғаш болып 50 келі салмақтағы жерлесіміз Маргарита Бажаева шыққан болатын. Ол Түркістан облысынан келген Айман Ибрагимовамен күш сынасты. Маргарита кездесуді соңына дейін жеткізбей, үш минуттың ішінде жеңісті қолдан жұлып алды.

– Чемпион атану үшін бар күшімді салдым. Жылдар бойы төккен маңдай тер мен еңбегім ақталды. Мақсатыма жеттім. Бәрінен бұрын ата-анамның және бапкерімнің үмітін ақтағаныма қуанамын. Бұл мен үшін алғашқы үлкен турнирім емес. Десе де, бойымда қобалжу болды. Бұл – тек менің ғана жеңісім емес, командамның да жеңісі, – деді Маргарита Бажаева.

Қатысушылар үш татамиге салмақ бойынша бөлініп, өзара мықтыны анықтады. Солардың қатарында 88 келі салмақта бақ сынаған жамбылдық Абдурахман Умирзаков та бар. Ақтық кезеңде алматылық қарсыласын қапы қалдырып, жеңіс тұғырынан көрінді.

– Дәл осы сайысты көптен күттім. «Турнир өтеді» деп естіген күннен бастап, бірде-бір жаттығуды жібермедім. Жаттықтырушыммен бұған дейінгі жіберген қателіктермен жұмыс істедік. Жеңіс оңайлықпен келмеді. Қарсыластарым өте мықты. Бірақ, осы жарыстан «Алтын алып қайтамын» деп мақсат қойдым. Сол мақсатыма жеттім, – деді спортшы.

Жарыс қорытындысы бойынша облыс құрамасы командалық есепте І орынға шықты. Қоржындарында бес алтын, үш күміс және төрт қола медаль бар. Үш алтын, үш күміс, төрт қола медальмен командалық есепте ІІ орынға Түркістан облысының командасы шықты. Ал, үздік үштікті Батыс Қазақстан облысының командасы түйіндеді. Олардың еншісінде – екі алтын, екі күміс және үш қола медаль.

Диана ТІЛЕМІС,
Е.Бөкетов атындағы ҚарҰЗУ IV курс студенті

Басқа материалдар

Back to top button