Қарсылас шақ келтірмеді
Жуырда Шри-Ланканың Коломбо қаласында бокстан Азия чемпионаты өткен болатын. Оған әлемнің түпкір-түпкірінен кіл жүйріктер қатысып, өзара мықтыны анықтады. Осы чемпионатта Ұлттық құрама сапында өнер көрсеткен қарағандылық боксшылар ел қоржынына төрт алтын, екі күміс және бір қола медаль салды. Жеңімпаздарды облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Серік Сәпиев арнайы қабылдап, құрмет көрсетті.
Жарысқа қатысушылар U22 және U19 санаты бойынша өнер көрсетті. Солардың қатарында U22 санатында жұдырықтасқан жерлесіміз Жасұрбек Анарбаев алтын медаль жеңіп алды. Ал, осы санатта бақ сынаған Гүлнар Тұрапбай мен Томирис Мырзағұл күміс медаль еншіледі. U19 санатында бақ сынаған Алина Құдайгенова, Нығмет Нығман және Расул Асанханов алтынмен апталды. Ал, Нұрсұлтан Қыстаубай қола жүлдеге қол жеткізді.
– Алина Құдайгенова осы чемпионатта топ жарып, үш мәрте Азия чемпионы атанды. Сонымен қатар, қатарынан екі дүркін «Азияның үздік спортшысы» атанды. Мемлекет тарапынан биыл спортшыларға үлкен қолдау болды. Әрі басқарма тарапынан да көмек көрсетілді. Осы жолы боксшыларымыздың дайындық режиміне өзгерістер енгізілген. Сәйкесінше, әр боксшының техникасы күшейе түсті. Енді жаңа жүйе бойынша боксшыларымызды әрі қарай дайындаймыз. Нәтиже, жаман емес. Күзде жастар мен жасөспірімдер арасында Азия ойындары өтеді. Біз енді соған дайындаламыз, – деді облыстық бокс федерациясының атқарушы директоры Самат Адхам.
57 келі салмақта қолғап түйістірген Нығмет Нығман қарсылас шақ келтірмей, үздік атанды. Өзі бокспен 4-сыныптан бастап шұғылданады екен. Бұған дейін бірнеше байрақты бәсекеде топ жарып, әлемдік ареналарда көкбайрағымызды желбіретіп жүр.
– Қарсыластарым – осал емес. Ұрыс техникалары да бір-біріне ұқсамайды. Бұрын-соңды дәл осы қарсыластарыммен кездеспегенмін. Әр жекпе-жек қиынға соқты. Бірақ, жаттықтырушымның нұсқауымен жұмыс істеп, жеңіске жеттім. Тұғырға көтерілгенімде ерекше күйге бөлендім. Елімнің әнұранын шырқатып, байрақты көкке көтергенімде жүрегім тулап қоя берді. Енді күзде ересектер арасында өтетін Азия чемпионатына қатысамын. Сол турнирге қызу дайындықты бастаймын, – деді чемпион.
Сонымен қатар, Иорданияның Амман қаласында жасөспірімдер арасындағы халықаралық біріншілікте өнер көрсеткен апалы-сіңлі Аяулым мен Камила Оспановаларды да Серік Жұманғалиұлы арнайы құттықтады. Естеріңізге сала кетейік, қос қарағандылық 63 және 70 келіде жұдырықтасып, қос алтын иеленген болатын.
Шынар ЖҰМАЖАН,
Қарағанды зерттеу университетінің IІ курс студенті
Сурет басқарманың баспасөз қызметінен