Жаңалықтар

Қарсы алады, «спорт-шеру» кемесі!


Ой-толғаммен тарқата алсам жыр ұшын,      Айтар болсам таңдауымның дұрысын.
Сан жүлдегер, дүлдүлдерді баптаған,
Бір сөйлесін, спорттағы Қылышың.

Еңбегімен ырыс төккен алақан,
Сынақ — қатал, байқамасаң балақан.
Өмір үшін, жұмыртқадан шыға сап,
Жүгіреді, ұша алмайтын балапан.

Бар тіршілік спортпенен қайралған,
Сайыс-бәйге, заңдылыққа айналған.
Салауатты өмір салтын игерсе,
Денсаулықтың тұғырына байланған.

Жүгіріңдер, секіріңдер, күресіп,
Футбол, теннис, волейболда тіресіп.
Сан түрінің бірін таңда, еркің бар,
Жараспайды тек отырсаң сіресіп.

Қыз-жігіттер уақытын тап, жалықпа,
Семіз болсаң, шұғылданып арықта.
Қыста, жазда, күзде және көктемде
Денің сау боп, қырандайын қалықта.

Ақындықтың менен алыс белесі,
Ұйқасында ұяндық бар демеші.
Қосылыңдар, мейлі қарттар, жастарың,
Қарсы алады, «СПОРТ-ШЕРУ» кемесі.

Қылыш ЖҮКЕНОВ,
«№132 тірек мектебі» КММ
дене шынықтыру пәнінің мұғалімі,
педагог-сарапшы

ЖАҢААРҚА АУДАНЫ

Басқа материалдар

Back to top button