Руханият

Қаршыға Иген: Қазақ киносының болашағы жарқын

«Отандық кино» десе, Алматыдағы «Қазақфильмге» жәутеңдейміз. Киноны тек сол жақтағылар түсіреді деген тенденция санамызға бекіп алған. Бірақ, Қарағандыда да отандық киноөндірістің қоржынына олжа салып жүрген режиссерлер баршылық. Солардың бірі – Қаршыға Иген. Он жылдың көлемінде тағылымды, қазақ қоғамына айтары бар туындыларды экранға шығарып келеді. Фильмдері – «Пеш», «Бурылтай», «Кілт», «Кешікпе», «Қара пима», «Ғұмыр өтер», «Әдемі келіншек», «Наурызым», «Адасқан әйел», «Блогер келін», «Тұзақ», «Хабарлама», «Бетпе-бет». Былтыр түсірілген «Бетпе-бет» туындысы көрерменге кеңінен танылып, қызу талқыға да түскен. Шығармашылығы мен отандық кино хақында Қаршыға Игенмен сұхбаттасқан едік.

Суретте: Қаршыға ИГЕН

– Қаршыға мырза, шығарма­шы­лық жолыңызға қарасам, біршама фильм­дерді түсіріпсіз. Кино саласына қалай келдіңіз?

– 1998 жылы Алматыға барып, полиграфия училищесіне оқуға түстім. Білім қабырғасында жүріп, небір талантты ұл, қыздармен таныстым. Солар мені шығармашылыққа құштар етті десек те болады. Жақсы ортада жүріп, шығармашылық деген әлемге қадам жасадым. Кенжебек Башар деген досым мені актерлік сабақ алуға үгіттеді. Бірақ, менің әуелдегі жоспарым басқа еді. Сол себепті де айт­қанына көне қоймадым. Училищедегі оқуымды тәмамдап, мамандығым бойынша жұмысқа кірісіп кеттім. Күндердің күні Алматыдағы телеарналардың біріне жол түсті. Сонда әлгі Кенжебек досымды көрдім. «Қырық өтірік» деген бағдарламаға қатысып жатыр екен. Темірбек Жүргенов атындағы өнер академиясында оқып жүрген кезі. Академиядағы қызықты өмірін баяндап берді. Өмірім қалай өзгеретінін қиялымен баяндады. Оқуға түсуге ақыры көндірді. Бір жағынан өзім де қызықтым. Сонда жүріп кино дегеннің не екенін түсініп, біржола сол жолға түсуге бел будым.

Адам мен адам тегін кездеспейді. Осыған көзім жетті.

– Былтыр экранға шыққан «Бетпе-бет» фильміңіздің «Сарыжайлау» кинотеатрында премьерасы өтті. Залға жиналған көрермен ыстық ықыласы мен бағасын қошеметімен білдірді. Сол сәтке куәмін. «Блогер» деген тақырып өзекті болып тұрғанда «Блогер келін» деп аталған картинаңыз да жарыққа шықты. Сюжеттік желісі ерекше. Сценарийді кім жазады?

– Сценарийді өзім жазамын. Кейінгі уақытта театрдағы режиссерлермен, сценаристтермен ақылдасып жүрмін. Кейіпкерлер арасындағы диалог, монологтарды жазғанда жазушылармен кеңесемін. Себебі, кейіпкердің сөзі – қашан да маңызды. Фильмнің сапасы жақсы болуы үшін білікті мамандарға жүгінген дұрыс. Ал, «Блогер келінге» келсек, бұл туынды бүгінгі қоғамды көрсетеді. Маңайымыздың бәрі – блогер. Үйдегі келін де эфирден шыққысы жоқ. Мұндай сюжет жастарды сөзсіз қызықтырады. «Бетпе-бет» фильмінің де айтары бар. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары ауылдарды тонап, қалтасын қампайтқан ұрылар туралы баяндалады. Бірақ, елдің ырзығын жеген адам түбінде оңбайды. Бұл дүниеде жасағаның о дүниеге кетпейді. Көресіңді көресің. Міне, бұл фильмнің өзегі – осы. Шама-шарқым, дарыным жеткенше тың тақырыптарды қозғағым келеді.

– Тізімге қарап отырсам, әйелдер туралы бірнеше фильм түсіріпсіз. Бұған не себеп?

– Тағдыр тәлкегіне берілмей, арпалысқан әйелдерді көрсете отырып, олардың қайсар жаратылған жүректерін көрер­меннің алдына жайып салғым келеді. Әйелдің әлемі – ғажайыпқа толы. Оның нәзік жанын ұлы туындыларға арқау етуге болады. Мәңгі таусылмайтын жыр. Режиссер ретінде әйел кеудесіндегі мейірімді, қылықты, махаббатты жеткізе алсам – мұратыма жеткенім.

– Фильмдеріңіздің бюджетіне айтуыңызша, аса көп қаражат кетпейді. Одан бөлек, сырттан танымал актерлерді шақырмайсыз. Білуімше, актерлердің бәрін айналаңыздан табасыз. Яғни, барлығы қарағандылықтар. Актерлерді қалай таңдайсыз және өңірде актер тапшылығы бар ма?

– Иә, сырттан актер шақырмаймын. Біріншіден – ақша болсын, уақыт болсын, бұл – үлкен шығын, екіншіден – Қарағандыда небір дарындар өріп жүр. Неге соларды тиімді пайдаланбасқа?! Фильмдерімде журналистер, телеоператорлар, тіпті, көлік жүргізушілері де образ сомдап кетеді. Осыған дейін түсірген фильмдерімді қарап шығыңыздар. Бәрі өз рөлін қажетті деңгейде сомдап шыққан. Әлбетте, келешекте танымал және кәсіби актерлерге қолымыз жетіп жатса, шақыруға әбден болады. Бұл – жоспарымда бар.

– Қазіргі қазақ киносына қандай баға бересіз? Режиссерлеріміз комедия түсіргіш боп алды. Бұған қалай қарайсыз? Анайы сөздерге толған фильмдер де көп.

– Киноның көптігі жақсы, әрине. Өйт­кені, бәсекелестік пайда болады. Ал, бәсекелестік бар жерде сапа мен даму бар. Комедияның көптігін де байқап жүрмін. Комедия – ең қиын жанр екенін атап өткен жөн. Адамды күлдіре білу – ең ұлы қасиет. Отандық режиссерлердің осы қиын жанрды игеріп жатқаны – бір жағынан қуантады. Сапалы, сапасыз болсын, киноның көбейгені жақсы. Уақыт – сыншы. Бәрін өзі іріктеп, тек жақсыларын қалдырады. Содан кейін, көрермендерде талғам пайда болады. Ал, анайы һәм дөрекі сөздері көп фильмдерге келетін болсақ, әлбетте, мен оған қарсымын. Кино – тәрбие құралына айналғанын бәрі жақсы біледі. Енді ғана сана көзі ашылып келе жатқан жасөспірімге кері әсері мол. Экранымыз­да есірткі, төсек қатынасы, атыс-шабыс, зорлық-зомбылық, төгілген қан ашық көрсетілуде. Бұл тоқтатылмаса, тасбауыр, қатыгез, ар мен ұяттан жұрдай бүтін бір буын өсіп шығуы ықтимал. Олардан не қайыр?! Режиссерлеріміз шетелдіктерге еліктейтін де шығар. Бірақ, еліктеудің жөні осы екен деп былықтыра беруге болмайды ғой. Олар ұлт болашағының алдындағы жауапкершілігін сезінсе екен. Қаралымға да тәуелдіміз. Қазіргі көрер­менге жеңіл дүние керек секілді. Осы мәселеде әлдекімді айыптаудан аулақпын. Бәрінің өз себебі бар.

– «Қаршығы Иген – қарағандылық кинорежиссер» деп айтып жүреміз. Шын мәнінде, бұл – Қарағанды үшін зор мақтаныш. Сіздің жобаларды қолдаушылар бар ма?

– Менің шығармашылығыма облыстық «Saryarqa» телеарнасы қолдау көрсетіп келеді. Операторлармен, актерлермен, басқа да жұмыстарға қажетті мамандармен телеарна басшылығы қамтамасыз етеді. Сол үшін телеарна басшылығына зор алғысымды білдіремін. Телеарнада жаңалық түсіріп жүрген телеоператорлардың фильм түсіруге қабілеті жетеді. Бәрі өз ісінің білгірі. Сонымен қатар, Арқаның Атымтай жомарты, «Amanat» партиясы облыстық филиалының атқарушы хатшысы Бекзат Алтынбековке ерекше алғыс.

– Қазақ киносына қандай жаңалық керек деп ойлайсыз?

– Жаңалық ашудың жалғыз жолы бар. Тыңнан түрен салу үшін әуелі ізденіс керек. Қайталанбас кино түсіргісі келген режиссер әлемдік киноның бүкіл жауһарын түгендеуі тиіс. Оқу қажет. Қазір қазақ киносы өлара шақта тұр. Бәрі тың тыныс іздеп жүр. Көбісі шетелге барып, оқып жатыр. Атақтылармен тәжірибе алмасуда. Осының бәрі нәтиже бермей қоймасы анық. Алдағы он жылда, немесе, бес жылда жаңа жұлдыздар жарқырайды деп сенемін.

– Уақыт тауып, сұхбаттасқаныңыз­ға рахмет!

Әңгімелескен Ерік НАРЫН.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button