Елімізде тері илеп, жүн түтетін цех азайғалы қашан. Соның салдарынан мал терісі тиын-тебенге де саудаланбай қалды. Тері өндірісінен, тіпті, теріс айналдық. Қарағандылық Гүлпахат Құттыбаева есімді қаршадай қыз осы олқылықтың орнын титтей де болсын толтырып, тері-жүн өңдеу цехын ашты.
Батыл қадамға барған Гүлпахаттың жүннен түрлі картина жасау – бала кезден бергі сүйікті ісі. Содан да болар, ол кәсібін ашарда тәуекелге бел буады. Оның жүннен тоқылған картиналары тіпті шетел нарығына шығып кетті. Әсіресе, кәдесый ретінде өтімді.
Осыдан алты жыл бұрын ол «Достық» үйінде өткен шеберлік сағатынан алғаш рет киіз басып көреді де, жанына жақын екендігін ұғынады. Жүн түтіп, түрлі қолөнер бұйымдарын әзірлеуге болатынын білген ол оған ден қоя түседі. Анасы да – алтын инелі шебер. Бүгінде Қарағанды облысы «Jadiger» қолөнершілер қауымдастығының төрағасы. Қарағандыда қыз жасауын тігетін ең үздік шеберлердің бірі. Үйіндегі анасына қолғабыс жасап, іс тігіп, әбден қолын жаттықтырып алады. «Достық» үйіндегі қолөнер үйірмесіне де үзбей барып жүреді. Мектеп қабырғасында-ақ алғашқы табысын табады.
Жүннен жасалған оның өнімдерін алғаш болып Атымтай-Жомарт Ерлан Әшім сатып алыпты. Меценат қазақы нақыштағы картиналарды өзінің «Turan El» ұлттық мейрамханасының қабырғасына іліп қойыпты. Одан бөлек мәртебелі меймандарына кәдесый ретінде ұсынып жүр екен. Содан жас шеберге тапсырыс төпелеп түседі. Әйтпесе Гүлпахат Мұхамедқызы өз өнімдерін саудалап, жарнама жасаған емес. Әжептеуір ел танып қалған жас талант. Өзі ойламаған жерден туындылары трендке айналып шыға келген. Қазір де жарнаманы қажет етпейді. «Цехты ашамын» деп, құжатымен жүгіргелі бері тапсырыстары таудай боп үйіліп қалыпты.
Осы жолға жанын берген ол – Қарағанды технология және сервис колледжінің 3-курс студенті. Дизайнер-тігінші мамандығы бойынша білімін жетілдіріп жатыр. Колледж басшылығы да алғыр студенттерін барынша қолдап, басқаларға үлгі етеді.
Жас кәсіпкер қолөнер шеберлерінің республикалық, халықаралық көрмелерінен қалмайды.
– 2023 жылы Астана қаласында өткен Саммитке қатысқан едім. Сол кезде ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Франция Президенті Эмманюэль Макрон келіп, қолөнерімді тамашалады. Кейін V Дүниежүзілік көшпенділер ойынына да өз туындыларымды апарған едім. Сол кезде шетелден келген туристер жүннен тоқылған картинамды, қолсөмкелерді сатып алып, ризашылығын білдірген болатын, – дейді өзі.
Осыдан шабыт алған жас шебердің арманы да асқақ. Киізден жасалған қолөнер бұйымдарын әлемдік брендке айналдырсам дейді. Қаршадай қыз қалтасының қамы үшін емес, ұлттың мүддесін әуелгі кезекке қойып отыр.
Өңірімізде жүн өңдейтін кәсіпорын жоқ деуге де болады. Шаруалар шикізат өткізетін жер таппай отыр. Амал жоқ қаншама тері-жүн далада шіріп жатыр. Гүлпахаттың жаңадан ашқан шағын цехы осы бір үлкен шаруаның бастауындай көрінеді.
«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлерді қолдау палатасының «Бір ауыл – бір өнім» жобасына қатысып, бизнес жоспарын қорғап шыққан. Содан облыс әкімінің 5 млн теңге қайтарымсыз грантын ұтып алды. Әкім гранты сөйтіп кәсібін әрі қарай дамытуға серпін берген. Қаражатқа жүнді түтетін әрі созатын, тіпті, илеп беретін де станоктар алыпты. Енді механизмі мол жабдықтың арқасында жұмыс күші жеңілдеп, өнім көлемі артады. Онымен қоса ғимаратты жалға алып отыр.
– Жеке кәсібімді ата-анамның келісімі арқылы аштым. Бұған дейін өзімнің қызығушылығыммен жүннен картина, кішірек текеметтер жасадым. Түрлі көрме-жәрмеңкелерге қатысып, клиент жинадым. Жүннің қымбатшылығын әрі тапшылығын көрген анамның жүн өндірісін ашу керек деген ойынан бизнес-жоспар құрдым. Оған дейін өз шаруашылығымыздағы қойдың жүнін тазалап, кәдеге жаратып жүрдім. Ал, боялған жүнді Ресейден алдыртып отырдым. Ол қалтаны қағып түсетін еді. Содан арнайы жүнді бояудың технологиясын да үйреніп алдым. Цехымда әзірше бір жұмысшы ғана еңбек етеді. Цех жұмысын бір ізге түсірген соң, жұмысшы санын көбейтемін, – дейді жас кәсіпкер.
Әкесі Мұхамедтің Шет ауданы Көктіңкөлі ауылында қой шаруашылығымен айналысатын «Бірлік» шаруа қожалығы бар. Әзірге сондағы қой жүнін кәдеге жаратып отыр. Алдағы күні тек картина ғана емес, ұлттық нақыштағы түрлі бұйым мен киім-кешек түрін, көрпе-жастықтарды, қыз жасауларын нарыққа шығару жоспарында бар. Сонда басқа да фермерлердің шикізатын қабылдайды.
Аймағымызда Гүлпахат секілді кәсіп ашуға талпынғандарға мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау көрсетіліп отыр. Оларға 2005 жылдан бері облыс әкімінің гранты үздіксіз беріліп келеді. Биыл да мәдениет, ғылым, ақпараттық технология, медиа және басқа да ерекше бизнес жоба ұсынған жастарға қаржылай қолдау бар.
Қасымхан БҮРКІТҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»
Суреттер автордан