Арнаның атауы өзгереді
28 тамыздан бастап облыстық «Қазақстан – Қарағанды» телеарнасы «Сарыарқа» деген жаңа атаумен шықпақ. «Қазақстан» Ұлттық арнасы құрамындағы 60 жылдық тарихы бар телеарнаның атауын өзгерту Елбасының “Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласына орай, қайта жаңару аясындағы шараларының бірі болмақ. Бұл жөнінде облыстық «Қазақстан – Қарағанды» телеарнасы директорының орынбасары Жәнібек САДЫҚАНОВ аймақтық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді.
– Көрерменнің арнаның әр маусымынан жаңалық күтетіндігі белгілі. 28 тамыз күні «Қазақстан» телерадиокорпорациясының медиа ресурстарында жаңа маусым тың серпінмен басталады. Жаңа маусым аясында телерадиокорпорация құрамына енетін арналар мен радиоларда ауқымды өзгерістер болады. Атап айтқанда, ребрендинг жүргізіліп, студиялар жаңартылып, жаңа бағдарламалар эфирге шығады. Ребрендинг барысында – «Қазақстан» корпорациясының медиаактивтеріне ортақ, танымал логотип бекітіліп, ренейминг, редизайн жұмыстары жанданады. Арнаның басты белгісі болатын жаңа логотип – корпорация құрамындағы арналар мен радиостанциялардың біртұтастығын білдіретін Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы іспетті жасалып отыр. Логотип жобасын танымал қазақстандық режиссер және дизайнер – Сәкен Жолдас дайындады. Жаңа маусымда корпорация құрамына енетін 14 аймақтық арналардың атаулары өзгертілуде. Осыған байланысты облыстық «Қазақстан – Қарағанды» телеарнасы – «Сарыарқа» деген атқа ауысты. Ежелден Сарыарқа атанған өңірдің тарихы тереңнен тамыр алады. «Сарыарқа» атауының артар жүгі мол. Сондықтан, бізді айтарлықтай оң өзгерістер күтіп тұр. Әзірге жұмбақ күйінде қалдырайын. Алдағы уақытта көз қуанышына айналар дүниелер көп болады,– деді облыстық «Қазақстан – Қарағанды» телеарнасы директорының орынбасары Жәнібек Садықанов.
Сондай-ақ, спикердің айтуынша «Сарыарқа» арнасының эфирінде сапалы сараптамалық бағдарламалардың қатары көбейіп, репортаж жанрындағы бағдарламалардың, аймақтың тыныс-тіршілігі туралы жобалардың саны артпақ. Облыстың бас телеарнасының дәстүрлі айдарларының сапасы жақсарып, экономика, спорт, арнайы авторлық репортаждар және көптеген басқа да салалар толығырақ қамтылмақшы.
Нұрдос КӘРІМ