Арнайы мектеп ашылады
Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев мүмкіндігі шектеулі және ақыл-есі бұзылған балалардың ата-аналарымен кезекті онлайн кездесу өткізді. Тұрақты ашық диалог мәселелерді анық айтып, шешу жолдарын бірлесіп табуға мүмкіндік берді. Күн тәртібінде – білім алу, медициналық көмек, мәдени демалыс пен спорт, жұмысқа орналасу мәселесі талқыланды.

Бұған дейін айтылған тапсырмалардың орындалуы жөнінде облыстық басқармалардың басшылары, қалалар мен аудандардың әкімдері есеп берді. Ақыл-есі бұзылған балаларға арналған арнайы мектеп ашу мәселесі шешімін тапты.
– Дайындық жұмыстары – кадрларды іріктеу, ата-аналармен байланыс, сыныптарды жинақтау жүргізілуде. Келер жылы Қарағанды қаласы білім бөлімінің №4 мектеп-интернаты базасында мемлекеттік және орыс тілдерінде ақыл-ойы бұзылған балаларға арналған екі нөлдік және екі бірінші сыныптардан төрт сынып ашылады.
Сонымен қатар, Telegram арнасы жұмыс істейді. Онда инклюзивті және арнайы білім туралы ақпарат алуға болады, – деп хабарлады білім басқармасы басшысының орынбасары Мейіржан Сыздықов.
Колледждерде де ерекше білім беру қажеттіліктері бар студенттер үшін жағдай жасалуда. Биыл бұл санатқа жататын 117 түлек бар. Олардың жұмыспен қамтылуы күн тәртібіне қойылған.
Биыл Жоғары гуманитарлық колледж базасында да ерекше балаларға арналған жазғы лагерь құрылды. Ол өзінің тиімділігін көрсеткендіктен, ата-аналар мұндай лагерьлердің көбірек болуын сұрайды.
Теміртауда ата-аналардың өтініші бойынша аутизмге шалдыққан балаларға қолдау көрсету орталығын ашу жоспарланған. Бүгінде жөндеуді қажет ететін үй-жай табылды.
Аймақта ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларға арналған шығармашылық үйірмелер мен спорт секцияларын дамыту бойынша да жұмыстар жүргізілуде. Мысалы, Қарағанды, Шахтинск және Балқаш қалаларында балалар мен жасөспірімдерге дойбы, шахмат, тоғызқұмалақ, бес асық және асық ату секциялары ашылады.
Биыл Қарағандыда аутизм және психикалық бұзылулары бар балаларға және 18 жастан асқан балаларға арналған екі күндізгі орталық ашу көзделіп отыр. Сондай-ақ, мүмкіндігі шектеулі жастарды әлеуметтік бейімдеуге бағытталған жоба әзірленді. Оған ата-аналармен жұмыс, жаттықтырушылар даярлау кіреді.
Кездесуде ата-аналар қолжетімді орта, денсаулық сақтау, иппотерапияны дамыту, бейімделген жүзу, инклюзивті хореографияға қатысты мәселелерді көтерді. «Үміт» оңалту орталығының жабдықтарын жаңарту қажеттігі туралы қоғам қайраткері Нияз Сүндеталиев айтып өтті.
Сонымен бірге, мүгедек баланы бір ғана ата-ана тәрбиелеп отырған жағдайға қатысты мәселе көтерілді. Ата-ана ауырған жағдайда баланы ешкімге қалдыра алмайды. Осындайда көмек сұрауға қандай да бір орталық, пансионат керек екені де айтылды.
Ермағанбет Бөлекпаев мәселенің маңызды, өзекті екендігін назарға алды. Мүмкіндіктерді пысықтауды тапсырды.
Аймақ басшысы қамқорлығы үшін ата-аналарға алғыс айтты. Ол қала және аудан әкімдерін ерекше балалардың ата-аналарымен тұрақты байланыста болуға шақырды.
– Барлық сұрақтар орынды. Әрине, олардың арасында қаржы мен уақытты, белгілі бір есептеулерді және бастысы – мүмкіндіктерді талап ететіндер бар. Бәрін мұқият пысықтаймыз, әрбір сұрақты жеке қарастырамыз. Үнемі кездесіп, барлық мәселелерді бірлесіп шешетін боламыз, – деді Ермағанбет Бөлекпаев.
Сурет облыс әкімдігінің сайтынан