Жаңалықтар

Арнайы бағдарламалар қажет-ақ

     Жақында Қарағанды облыстық мәслихатының хатшысы Рысқали Әбдікеров және бір топ облыстық мәслихат депутаты Мойынты, Киікті, Босаға, Ақадыр, Жарық, Дәрия, Қарамұрын станцияларында болып, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында көрсетілген қағидаттарға тоқталып, жергілікті тұрғындарды алаңдатып отырған мәселелермен танысып, оны шешудің жолдарын қарастырды.

Ел экономикасының күретамыры іспетті темір жол торабында орналасқан елді мекендердің жай-күйі қашанда бөлек. Қиян түкпірде орналасқан қазақы ауылдарға қарағанда бұл жердің қарым, мүмкіндігі едәуір жоғары. Соған қарамастан, шешімін күтіп тұрған әлеуметтік мәселелері де жеткілікті. Халық қалаулысы ретінде ел-жұрттың аманаттарын арқалап жүрген осы жердің облыстық мәслихаттағы қалаулылары, облыстық мәслихаттың хатшысы Рысқали Әбдікеров, Қарағанды магистральді жүйесінің директоры Нәзір Қосубаев, «Қазцинк» компаниясының өкілі Думан Әбдіраманов, «Қазақстан теміржолы» ҰҚ» АҚ Қарағанды филиалының директоры Данияр Жәмиев сондай-ақ, Шет ауданының әкімі Марат Жандәулетовтің, Шет аудандық мәслихатының хатшысы Бәкен Төлеуқұловтың және жергілікті мәслихат депутаттарының қатысуымен сайлаушылармен ашық әңгіме өткізді.

Аталмыш стансалардың барлығы да Шет ауданына қарайды. Ал, стансалардың өмірі қашанда біртекті болып келеді. Соған орай ,түйткіл мәселелері де ортақ болып келеді. Оның үстіне Н.Қосубаев, Д.Жәмиев облыстық теміржол құрылымының ең ірі басшылары болып табылады. Сондықтан да, бұл іссапар өз жемісін берді деп білеміз.

Қазір белгілідей теміржолда қысқартулар жүріп жатыр. Бір ғана Ақадыр стансасында «Ырыс» кәсіпорны тарап кетіп, жүздеген теміржолшы далада қалды. Өйткені, өндіріске жаңа техника, жаңа технология келді. Сондай себеппен ертеңгі күндері осындай кәсіпорынға барып ішінен адам таппауымыз мүмкін, өйткені оны сырттан басқаратын күніміз алыс емес. Сондықтан, кәсіптік бағдарламамызды дәйектейтін уақыт келді. Соған орай, қайта мамандану бағдарламасы ұсынылды. Босаған қызмет орнына сырттан кісі алмау тапсырылды.

Мойынты стансасының іргесінде Бапы кен кәсіпорны орналасқан. Онда негізінен 315 адам жұмыс істесе, оның 45-і шеттіктер, 35-і мойынтылықтар. Осы көрсеткішті екі есе арттыруға әбден болады екен. Қазір кәсіпорын басшылығымен келіссөз жүріп жатыр.

Бәріне ортақ түйткіл – су, жол мәселелері. Ауызсу барлық жерде өткір тұр. Бұрын су теміржолға қараған, кейінде жекеменшік қолға өткен. Осы «Ақадырсу» серіктестігі сонау Дәриядан Мойынтыға дейінгі суға жауапты. Алайда, кеңестік заманнан қалған мұра емес пе, тесілген, жамалған құбырлар елді жарылқай алмай отыр. Ал, оны дәл бүгін алмастыра алатындай кәсіпорын болмай шықты. Соған қарамастан осы елді мекендердің ауызсуын жақсарту бойынша республикалық бюджеттен қаржы бөлдіру мәселесі қолға алынбақшы.

Жол мәселесі де күн тәртібінен түспей тұр. Атап айтар болсақ, Мойынты кенті Үлкен жерден бөлініп қалған. Ақадырға дейінгі стансалар арасындағы жолдар аттылы кісілер жүрмесе көлікті адам жүретіндей жағдайда емес. Жаңаарқа, Ақшатау бағытындағы жолдар жөнінде де осыны айтуға болады. Дегенмен, қалай дегенде ілгерілеу бар. Қазір Ақадыр-Өспен, Ортау бағытындағы жолдарды қалыпқа келтіру жұмыстары жүруде.

Киікті кенті жанында Ұзынжал кеніші ашылғалы жатыр. Бұл жергілікті жердегі жұмыссыздық мәселесін айтарлықтай бәсеңдететін фактор. «Қазцинктің» өкілі Д.Әбдіраманов мұнан басқа да әлеуметтік нысандар салатынын жеткізді. Мұндай қадамдар осы аумақтағы басқа да осындай кәсіпорындармен жасалмақ.

Киікті орта мектебінің жағдайы мәз емес. Құлағалы тұр. Көп ұзамай олар жаңа ғимаратқа кіретін болады. Оның құрылысына бюджеттен қаражат жеткілікті қарастырылған.

Қай жерге барсақ та дау-дамайға жолықпадық. Елде түсіністік бар.

Әкім де, халық қалаулылары да проблемадан қашып отырған жоқ. Кездесулеріміз соны көрсетті. Көп болып шешудің жолдарын ортаға салды. Ұсыныстарын айтты. Ең бастысы ащы да болса ашық әңгіме болды.

Төрехан МАЙБАС

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button