Армысың, әз-Наурыз!
22 наурыз – Ұлыстың ұлы күні. Бұл күні күн мен түн теңеледі. Табиғат та, Жер-Ана да, жан-жануар да түлейді, жаңарады. Наурыз – жыл басы. Парсы тілінде «Нау» – «Жаңа», «Руз» – «Күн» деген ұғымдарды білдіреді. Наурыз – көктемнің келуімен, табиғаттың қайта жандануымен байланысты мереке. Бұл күні табиғат өз әсемдігін көрсетіп, жаңа өмірдің басталуы тойланады. Қазақ халқы үшін Наурыз тек ауа райының өзгеруі ғана емес, сонымен бірге рухани жаңғыру мен бірліктің мерекесі болып табылады.

Ұлан-байыр жерімізде жеті түрлі дәмнен наурыз көже жасап, ұлттық салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарды сақтап, ай бойы Ұлыстың ұлы күнін тойлайды. Бұл тағам мерекенің символы ретінде қазақтың бай салт-дәстүрін дәріптейді. Наурыз – бүкіл Шығыс халқының ортақ мейрамы. Мерекеде араздасқандар татуласып, дүйім халық, ел болып ауызбіршілікті сақтайды.
Мереке күні ұлттық ойындар, жарыстар, ән-күй кештері ұйымдастырылып, әр отбасына қуаныш пен бірлік сыйлайды. Адамдар бір-біріне жылы лебіздер айтып, көмектесу арқылы өзара ынтымақтастық пен татулықты нығайтады.
Ұлыстың мыңдаған жылдық тарихын сақтап келе жатқан Наурыз мерекесі бүгінгі күні де өзектілігін жоғалтпай, әр қазақтың жүрегінде үміт пен жаңғыру белгісі ретінде мәңгі есте қалады. Наурыз – бұл жаңа бастамаларға, табыстарға және болашаққа сеніммен қарауға шақыратын ерекше күн.
Наурыз мерекесі құтты болсын! Елімізде тыныштық, әр отбасыға шат көңіл, бақыт және береке сыйласын деп тілейміз! Ұлыс оң болсын, құрметті оқырман!
Аида РАХЫМҚҰЛОВА