Руханият

Армысың, Аймауытовтың «Ақбілегі»!

Ақбілек пен Ақбала. Осыдан жүз жыл бұрын жазылған Жүсіпбек Аймауы­товтың романының атауына өз есімін сыйлаған Ақбілек қазан төңкерісі әкелген азаматтық соғыстың құрбаны болса, шығармадағы басты кейіпкердің бірі – Ақбала – төңкерістің түлегі. Ол – «әмір иесі болуға құмартқан қызыл комиссар, коммунистік партияның жас төресі, қиялшыл жігіт. Болмайтынды болдырам деп, кейде ұзын шабатыны бар. Сөзді тәуір көреді».

Автордың Ақбілектің міні ретінде атап өткен сөзге жақындығы бізге романның қашан, қай елді мекенде жазылғанын анықтауға өз септігін тигізді.

Совет сыншысы С.Мұқановтың 1932 жылғы куәлік етуінше «Ақбілек» ерте кезде «Әйел теңдігі» журналында басылып жүрген. Бірақ толық басылған жоқ. Әйт­кенмен, Сәбит романды толық күйінде Жүсіпбектің өзінен оқыған екен. Алайда, бір өкініштісі Мұқанов қолжазбаны нақты қай жылы оқығанын атамапты.

«Ақбілек» романының толық нұсқасының жарық дүниеге келуі шамамен 1927- 1929 жылдар деу дұрыс болар. Өйткені, 1929 жыл Жүсіпбек шығармашылығының соңғы жылы болып шықты. 1931 жылы заңсыз атылып кеткен Жүсіпбек Аймауытов 1929 жылы қамауға алынған еді.

 

Қай автордың болсын прозалық көркем шығармасы бір күнде, бір жылда қағазға түсіп бітпейтінін әдебиет тарихы растайды. «Ақбілек» романын автор бірнеше жылда, небір ел-жұртта, әрқилы ортада жазғаны да шындық. Ашық ақпарат көздерінде романның қай аймақта жазылғаны жайлы айтылған бірнеше болжам пікірлер бар. Бірі Ақбілектің Алтайын атайды, екіншісі шығарманы Шымкентке байлайды. Біз «Ақбілек» романының жазыла бастау уақытын Жүсіпбек Аймауытов­тың 1922-1924 жылдары Қарқаралыда мұғалім болып қызмет атқарған кезі деген байламға қосыламыз.

Бұл тұжырымның дұрыстығын роман мәтіні мен архивтік деректері дәлелдейді. Мұрағаттағы құжаттардың мән мәтіні Аймауытовтың Семей қаласынан Қарқаралыға шығармашылық еркіндік іздеп келгенін аңдатады.

Жазушы Аймауытов романға алғы сөзі ретінде «Оқу – ақыл тілегі. Сүю – сезім тілегі» деген эпиграф алыпты. Автордың «Оқу» мен «Сүю» сөзіне біз романның тууына себепші болған, алайда автор атамай өткен үшінші сөздің барлығын айтпақпыз. Ол сөз: «Шығармашылық – еркіндік тілегі». Оқу – теңдік. Сүю – татулық. Еркіндік – құқық.

Әркімнің өмір сүруге құқығы бар. Алайда, әр заманның заң мінезі құқықтың нақты іске асуына жол бермейді. Төңкеріс тілегі – құқыққа қорғансыздың күйін кештіру. Төңкеріс – еркіндікті тыюшы, тежеу­ші қара күш. Еркіндіксіз теңдік те жоқ, татулық та жоқ.

Автор қаласын-қаламасын өзінің қаламынан шыққан көркем шығармада автордың бет-бейнесі, ішкі сырының іздері қалатын бұлжымас заңдылық бар. Ол заңдылықты Аймауытов та айналып өте алмаған. Романға қыз Ақбілектің атын берген автор шығармада өзі туралы хабар жеткізер құқықты комиссар Ақбалаға табыстапты.

Романның «Махаббат» бөлімінде Ор­ын­борда оқуда жүрген Ақбілектің қолына Ақбаланың күнделігі түседі. Ақбілектің өзінің дос қызымен Ақбаланың күнделігін оқыр алдындағы диалогын келтірелік: «– Кәмилә-ау, дәптерді оқымай тұрып, саған айта кетейінші. Ақбала өзі әуелде Семейде қызмет қылған ғой. – Семейдікі ме еді өзі? – Ия. Семейдікі. Балташ та семейлік қой. Семейде тұрғанда, Ақбала үлкен орында болған. Неліктен екенін білмеймін, бір жұмысынан қата тапты ма, Ақбаланы бір жылы қысты күні үлкен орнынан түсіріп, бір үйездік қаладағы үшкілге жіберіпті. Қызметтегі жігіттерді бірден-бірге ауыстырып отыратыны бар ғой. Сол кішкене қалада тұрғанда, Ақбала осы дәптерге күндегі көрген-білгенін жазып жүреді екен. Өзі толып жатыр. Мен саған мына қызыл қарындашпен белгілеп қойған жерлерін оқимын».

Бізге Ақбаланың қызыл қарындашпен белгілеп қойған жерлерін тегіс оқу міндет емес. Мына диалогтағы Ақбала мен Аймауытовтың қызметтік өмірлерінің ұқсастығына ден қоялық. Ақбала сияқты Аймауытов та Қарқаралыға келмес бұрын әуелде Семейде қызмет қылған. Жазушы Жүсіпбек Қарқаралыдағы мұғалімдікке Семейден губерниялық оқу бөлімінің меңгерушілігінен келген. Күнделікті күнкөріс тіршілігінің тұрғысынан қарағанда губерниялық оқу бөлімінің меңгерушілігі үлкен орын деуге келер. Автордың біздің Қарқаралыда 1923-1924 жылдары болғандығын роман да растайды. Ақбаланың 26 наурыздағы күнделігінде келесідей дерек бар: «Еңбекші қазақ» келді. Бернияз бір қызбен екеуі атылып өліпті» деген. Бернияз оқиғасы 1923 жылдың ақпанында болған.

Күнделіктің айтуынша, Ақбаланы бір жылы қысты күні үлкен орнынан түсіріп, бір үйездік қаладағы үшкілге жіберіпті. Уездік қаланың аты аталмайды, әйтеуір Семей губерниясына қарайтын уез орталығы. Аймауытовтың 1921 жылы мұғалімдікке келген Қарқаралы да уездік қалалар қатарына жатады.

Ақбаланың орнынан неліктен түскенін Ақбілек білмейді екен, күнделікте жазылмапты. Ақбілек «Бір жұмысынан қата тапты ма, кім білсін!» деген аз сөзбен сыр шашпай өте шығады, сірә, автор өзінің меңгерушіліктен мұғалімдікке түскенінің себебін ашқысы келмеген сыңайлы. Бізге де, әзірше Аймауытовтың меңгерушілік лауазымынан не себептен түскені белгісіз. Мүмкін оның жауабы Ақбілектің сөзінен табылар: «Қызметтегі жігіттерді бірден-бірге ауыстырып отыратыны бар ғой».
Аумалы-төкпелі заманда қызметтегі жігіттерді ауыстырып отыру кіндік билікке заңды іс саналған. Аймауытовтың «жігіттер» сөзін билік, үкімет мәніндегі «қыз­мет» сөзімен бірге қолдануы тіл заңына сай келіп тұр. Көне «жігіттер» сөзінің құқықтық мағынасы оған заң ғылымында терминдік мәртебені ертеде-ақ беріп кеткен. Тарих ғылымында «Жігіт – феодалдың жалдамалы атты әскерінің жасақшы немесе олжа табу үшін феодалға жақындасқан жасақшы, кезбе, рыцарь» делінеді.
Комиссар Ақбаланың күнделігін тың­дап отырған анау Кәмилә деген келіншек Ақбілектің шешесімен бірге туысқан, бұрын болыс болған Бояубайдың қызы еді. Ақбілектің туған нағашысы. Нағашы мен жиен әңгімесінен біз Ақбілектің Семей қаласына 1921 жылы қысқа қарсы келгенін естіп, біліп отырмыз.

1921 жылы Аймауытов та, оның кейіпкері комиссар Ақбала да Семей қаласында-тын. Ақбаланы комиссар деп таныстыратын автор оның нақты қызметтік лауазымын да атап өткен: «Губревком члені – Ақбала деген жолдас». Автор романда Ақбаланың қызметін көрсетуде сол заманның аббревиатурасын дұрыс қолданып отыр. Толық нұсқасы – Губерниялық революциялық комитеті. Революциялық комитеттер – 1917-1921 жылдары бұрынғы империяның аумағында құрылған төңкеріс комитеттері. Төңкеріс кезеңіндегі Семейде билік құрған екі губерниялық революциялық комитет бол­ған. Екеуінің де тарихы қызық, екеуінде де «Ақбілек» романының авторы қызмет етіпті.

Қарулы төңкеріспен билікке қол жеткізген большевиктік Советтер үкіметі Мәскеуде 1919 жылы 10 шілдеде «Қазақ өлкесін басқару жөніндегі революциялық комитет құру туралы» декрет қабылдайды. Қысқаша «Кирревком» деген аббревиатурамен белгілі. Декрет бойынша оның құрамына Семей, Ақмола, Орал, Торғай облыстары, Астрахань губерниясының шығыс бөлігі кірді. Декретке сай Семей, Ақмола облыстары Кирревкомға қарағанмен 1919 жылдың желтоқсанына шейін екі облыста Колчактың Сібір үкіметінің билігі жүріп тұрған. Империяда орын алған азаматтық соғыста қызылдардан жеңілген ақтардың әскері Қазақ жерін баса көктеп өтіп жан-жаққа қаша бастайды. Солардың бір тобы – Алтай, Күржімге жетіп, Марқакөлдің маңайындағы Мамыр­байдың ауылына шабуыл жасап, байдың бәйбішесін атып кетіп, қызы Ақбілекті қатындыққа алып кетеді.

1919 жылдың соңғы күндері Омбыдан қашқан ақты қуа Семейге қызыл әскермен бірге жеткен Сібір ревкомының көшпелі комитеті өздерінің Семейлік губерниялық революциялық комитетін құрады. 1920 жылдың 3 сәуірінде осынау Орынбордағы Кирревкомға бағынбайтын, тікелей Сиб­ревкомға қарайтын облыстық билік органына Жүсіпбек Аймауытов мүше болып тағайындалады. (Семей мұрағаты. Қ-72 т.1 іс. 80. № 73 хаттама).

Романда баяндалған оқиғалардан біз­ Ақбілектің ағасы Төлегеннің үйінде, оның Семей губерниясының уездік бір қаласында азық-түлік комиссариатында қызмет істеп жүрген күнінде, сол қалада іссапарда жүрген Губревком члені Ақбала жолдастың қонақ болғанын білеміз.

Сөзді қазақша да, орысша да таза сөй­лейтін Ақбала Сартау еліндегі болыстық, уездік аясындағы мәселені жалпы қазақстандық мәселе деңгейіне дейін көтере сөйлеп бағады. Ақбала өз сөзінде төңкеріс әкелген тап тартысы жайлы губернияда екі түрлі ағым барлығына егжей-тегжейлі тоқталады. Ақбала бүй дейді: «Бірінші ағымның айтатыны: қазаққа төңкеріс жасау керек: байдың жер-суын, мал-мүлкін, жазаласа артық қатынына шейін кедейлерге тартып әперу керек; пышақ үстінен бөліп беру керек, бай, кедей деген айырманы жойып, қолма-қол теңгеру керек. Әйтпесе, бай қолында малы тұрғанда, жер-суы тұрғанда, өмірі кедейге теңдік бермейді деседі. Бұл ағымды бастау­шы кейбір орыс жолдастар; оларға қосылатын біздің Жақсылық етікші тәрізді қаланың кедейлері және кейбір шолақ ойлы жастар».

Аймауытовтың «Ақбілегі» 1917-1921 жылдары Семей губерниясында өткен тарихи оқиғалар негізінде жазылғандығын дәлелдейтін романдағы кейіпкердің бірі Ақбала көрсеткен «Қаланың кедейі Жақсылық етікші». Романдағы «Жақсылық етікшінің» прототипі Төленұлы Жақсы­лық шынында да кедей, күнкөріс кәсібі етікшілік болатын.

Қарқаралының қу тілді қазақтары «Етікші жандарал» деп атап кеткен Жақ­сылық Төленұлы 1920 жылдың 19 қаң­тарында Семей қаласының кедей жұмысшыларының атынан Семейдің губ­ревкомының мүшелігіне сайланған. (Семей мұрағаты. Қ-72 т.1 іс. 19. № 33 хаттама). Жүсіпбек пен Жақсылық семейлік болған соң жақсы таныс, істес болуы заңды. Оны дәлелдейтін архивтік дерек те бар. 1920 жылы Семей мен Қарқаралыға енген қызыл әскердің ерекше бөлімі бұрынғы Алаш­орда қозғалысына қатысқан қазақтарды қудалай бастағанда оларға араша түсіп 1920 жылдың 13 наурызында Семейдің губревкомының мүшелері Ж.Төленұлы, Ә.Ермеков пен партиялық губбюроның жанындағы түркі халықтарының секция­сының атынан М.Әуезов, Ж.Аймауытов­тар Орынбор мен Омбыға телеграмма соғады. (Алматы ОММ Қор Р-14, т.1, іс-104, б.5-7 Телеграммалық лента).

Жалпы Аймауытов «Ақбілек» рома­нының сюжет-суреттерін өзі білетін 1919-1921 жылдардағы оқиғалардан алғаны көрініп тұр. Қырдағы қазаққа, қаладағы комиссарларға қатысты советтік кезеңде ашық айтыла бермейтін қызықты деректер реальдік өмірден алынғаны көрінеді.

Төңкеріс кезіндегі коммунистер партиясындағы ұры-қарының сыбайлас жем­қорлығы жайлы шындықты жасырмай жазуына Жүсіпбек Аймауытовтың обл­ревкомның жанындағы тергеу комиссия­сында қызмет атқарған кездегі көргені, білгені, сезгені ықпал еткені сөзсіз. (Семей мұрағаты Қ-72. т.1 іс. 2).

Кәрі тарих куәлік еткендей, тәңірінің тезіне телі-тентектің де, төңкеріс төре­сінің де түсуі таңқаларлық іс емес. Нәп­сінің қу мінезіне құл болған тірі өліктер төңкерістен тәуелсіздікке дейін де болған, болып та жатыр, болашақта болмақтығы да – тіршілік шындығы.

Шындықты жаза білуге де жазушылық шеберлікпен бірге адал азаматтық та қажет. Қазақтың көне тілінде «азамат» –қару асынып атқа мінетін ер адам, әскер, жасақшы деген мағынаға ие Ата Заңның термині.

Шәкәрім Құдайбердіұлы айтқанындай, азамат Аймауытовтың «Ақбілек» ро­маны – ажалсыз әскер, оған өлім жоқ. Авторды атып тастаса да, оның сөзіне жанның әлі келмейді, ақ қағазда бір басылып қалған соң, ақ қағазда қала береді, қартаймайды, өлмейді.

Замандастары азамат Аймауытовтың «Ақбілек» романындағы шынға шыдап, ынтымағын қоса алмағанын С.Мұқанов­тың 1932 жылғы «ХХ ғасырдағы қазақ әдебиеті» еңбегіндегі таптық көзқарастан туындаған сөздерінен байқаймыз: «Жүсіпбектің тіл жағы жақсы. Сөзге ұста, шебер жазатын жігіт. Сөз құрастыру­дың техникасын одан үйренуге болады. Мазмұны жағынан келгенде, байшылдық залалы былай тұрсын, көркемдік ретінде Жүсіпбектен үйренетін нәрсе көп емес. Жүсіпбектің байдан алған кейіпкері де, кедейден де алған кейіпкері де (деклассированный) адамдар. Жалпы алғанда, Жүсіпбек жолы пролетариат үшін ең залалды жол. Одан Мағжан, Мұқтарлар «жақсы». Олар дұшпандығын ашып айтады. Пролетариат одан сақтанады. Жүсіпбектен сақтану қиын».

Құдайым сақтаса, дәлелсіз, түзу сөзсіз, кілең амал мен айладан құралған, шымылдық боп шынның жүзін көрсетпес, таптық тапсырыспен, күнкөріс үшін жазылған сауатсыз шығармалардан сақтасын!

Өтпелі кезеңдерде заман мінезінің дәлме-дәл портретін мүсіндеуде адаспай, тура ізденген Жүсіпбек Аймауытовтай хакім қаламгерлер болмаса, дүние ойран болар еді!

Марат АЗБАНБАЕВ,

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button