ҚарМТУ үздіктері анықталды
Астананың 20 жылдығына және Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінің 65 жылдығына орай, университет жастары ҚарМТУ аруын және жігіттің сұлтанын анықтады.
Жаңа дәуірдің жасампаз жастары еліміздің саяси және мәдени орталығына айналған Астана жайлы әндерді шырқады. Төрткүл дүние көз тіккен Елордамыздың мәртебесі мен мерейін асқақтатар тілектерін арнады.
Оған қоса, байқау «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу күні» ғашықтар мерекесі қарсаңында ұйымдастырылғанын атап өткен жөн. Іріктелген 8 жұп өздерінің білімдері мен таланттарын танытты. Жастар сахнада махаббат пен сүйіспеншілікке арналған қойылымдар ұсынды.
Жастар ұлттық киімде өнер көрсетті. Жастардың бойында ұлттық құндылықтарды дамыту мақсатын көздеген байқау жоғары дәрежеде өтті. Құрамында мәдениет және өнер қайраткерлері бар қазылар алқасы сайысқа қатысушылардың өнерін бағалады.
Еламан Жексенбаев – «ҚарМТУ сұлтаны – 2018» атанса, Әсел Омарова – «ҚарМТУ аруы – 2018» атағын жеңіп алды. Сондайақ, «Қарағанды аруы» байқауына жолдама алды.
Байқаудың жеңімпаздары мен жүлдегерлері ұйымдастырушылар мен демеушілер тарапынан бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Аяулым СОВЕТ