Арманын аялаған Арқа аруы
Қарағанды дүркіреп тұрған күн. «Шалқыма» концерт залында шертпе күйдің шебері Әбікен Хасеновтің 130 жылдығына арналған күй кеші өтейін деп жатыр. Күйші Біләл Ысқақов пен күйші, композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жанғали Жүзбаев және Қайрат Айтпаев өнер көрсетпек. Өңкей алыптар мен қайталанбас таланттар. Соларды бір көру үшін, тыңдау үшін қазақ руханиятының қара бақанындай шаһардың элитасы залға лық толды. Күй кешін газетке жазу үшін мен келген едім. Көкейде – мына кештің тізгінін кім ұстайды деген үлкен сауал. Өйткені, мұндай ортада жүргізуші болуға әркімнің жүрегі дауалай бермейді. Жеңіл-желпі эстрада болса, онда басқа әңгіме. Төбемізде рух қалықтап тұрғандай. Кім шықса да, өзінің төл биігінен үн қата алуы тиіс. Әйтпесе, бәрі зая. Бір кем дүние дегізбеу керек. Бір сәтте залдың іші тым-тырыс болды да қалды. Фанфар қосылып, ортаға күндей жарқырап Мейрамгүл Кәріпжанова шықты. Арқаның маңдайы жарқыраған Мейрамгүлі.
Сахна адамына тән келбет, қоңыраудай үн, бәрі-бәрі бір бойына сыйып кеткендей. Еңсесін тік ұстап, сөзбен жеткізуге келмейтін тылсымды көзімен жеткізіп тұрғандай. Тұрған тұрысынан асқақ мінезін көресің. Өнер үшін талай құрбандыққа барған, серт еткен, серт жолында тағдырымен талай бәстесіп, талай аман шыққан қайсар һәм нәзік әйел затының мінезі. Мынау жарық жалғанға сахна үшін туылған ба дерсің. Сөз басын Әбікеннің «Қоңырымен» бастады. «Қоңыр» – аштықты, қуғын-сүргінді, соғысты көрген қазақ болып ақтарылады. Қызыл жендеттің қолынан қаза тапқан жұрттың зарын естіртеді. Есесі кеткен есіл ұрпақтың шерін айтады. Тұтас бір дәуірдің иісін, дауысын, түсін кеудеңіздегі жұмыр етке әкеліп тастай салады» деді. Басталған бетте қалың тыңдарманды осылайша есінен тандырды да тастады. Бәрі тым-тырыс. Пенде ұқпас күйдің тілін тәпсірлей салды. Жүректің түпкірінен бұрқылдап шыққан осы сөзден кейін «Қоңыр» күйін тыңдауға асықтық. «Сахнада күйші, композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері – Жанғали Жүзбаев!» Залдың ішін Мейрамгүл ханымның дауысы көмкеріп кетті.
Сол кештен кейін Мейрамгүл ханым жүргізетін әр концерттен қалмайтын боп алдым. Әнші, күйші, ақын дейміз. Қарағанды ешқайсынан да кенде емес. Шебер құдай Арқаның топырағына аямай берген екен! Бірақ, сол басы ноқтаға сыймайтын дарын иелерін бір сахнаға ретімен сыйғыза білген, әр сөзін нөмірлер арасындағы алтын көпірдей еткен жүргізушілер қауымын елей бермейді екенбіз-ау…
Қарағандыдағы үлкен концерттердің сценарийінде осы Мейрамгүл Кәріпжанованың қолтаңбасы бар. Біреу білер, біреу білмес. Оның әр сөзге бояу қосып, өзінше түрлендіретін ерекше дауысы өнерсүйер қауымның жадына бекігелі қашан. Ол осы қалпында көктен түсе салған жоқ…
Мейрамгүл Кәріпжанова Ақтоғайда дүниеге келген. Өзінің сөзінше, оған өнер нағашыларынан дарыса керек. Сахнаға да сол нағашылары баулыған. Мектеп кезінен өнерге іңкәр болған қаршадай қыз сахнада ән шырқап, би де билеген. Өз бойында бұлқынған құдіретті ерте сезінгені шығар, атағы мен даңқы Алаш жұртына жайылған Алтынбек Қоразбаевқа «мені өзіңізге шәкірт етіңіз» деп Ақсораңнан сонау Алатаудың етегіндегі Алматыға хат жазыпты. Жаратқан тілеуін қабыл етсе керек, күндердің бір күнінде Қарағандыға Алтынбек Қоразбаев келіп, концерт беріпті. Сол кезде хатына жауап ала алмай тасынған сәби жүрек тағы да өкпе-назын қағазға төгіп, Алтынбек Қоразбаевқа жеткізген. Ән аспанында қалықтаған Алтынбек Қоразбаев: «Маған хат жазған қайсар қыз қайда? Менімен таныстырыңдар» деп өтініш жасаған. Мынау кең жаһанға көз тастасаңыз, адам мен адам кезікпейтіндей көрінеді. Бірақ, шебер құдай тасқа тасты шағып, от шығарғандай қылады екен. Миллиондаған тағдыр жолдарының шимайында кеудесіне таудай арман сыйып кеткен Мейрамгүлдің тағдыр жолы Алтынбек Қоразбаевпен осы кенді шаһарда түйіскен. Сол сәттен бастап, арманы Ақсораңнан сәл ғана аласа бала Мейрамгүлдің үлкен жолы басталды. Арқадан Алатауға тұтанған отын үрлеп жолға шықты…
Қолда бардың қадірін білмеу – адам баласының қанына сіңген кемшілігі-ау осы?! Арқаның жылтырағанды жақтыра бермейтін талғамы биік паң жұрты осы Мейрамгүл Кәріпжанованың қазақ әнінің дүлдүлі Жәнібек Кәрменовтен сабақ алғанын біле ме екен? Қазақ әніне өзіндік қолтаңбасын қалдырған Мейрамбек Беспаевтармен қатар жүргенінен де хабарсыз, бәлкім. Міне, сол талант иесі бұл күнде Қали Байжанов атындағы концерттік бірлестікте еңбек етіп жүр. Ұлттық рухты сілкір, саналы һәм сәулелі сөз талап етілген жоғары деңгейдегі кештер осы Мейрамгүл Кәріпжановаға сеніп тапсырылады.
«Ақындар провинцияда туып, Парижде өледі» деген мәтел бар ел арасында. Қазақша айтсақ, «ақынның бәрі ауылда туып, Алматыда өледі». Мұны Қарағанды жоққа шығарғалы қашан. Жалпақ елді жалт қаратқан өнерпаздар өріп жүр мұнда. Солардың бірі де бірегейі – Мейрамгүл Кәріпжанова. Алматының емес, Қарағанды сахнасының жұлдызын жарқыратқан талант иесі.
Ерік НАРЫН,
Ortalyq.kz