Поэзия

Арманы жоқ адамдардан қорқамын…

Аян Мейраш – Қарқаралы ауданы, Матақ ауылының 1993 жылғы (2 қыркүйек) тумасы. «Саған арнадым» жыр жинағының авторы. Халықаралық «Шабыт» фестивалінің дипломанты.

Перизат

Күйінетін кездері бар ардың да,

(Мен тағы да кешіктім бе,

қалдым ба?)

Жауабы жоқ сұрақтарың түк емес,

Сұрағы жоқ жауаптардың алдында…

Иланатын неміз қалды, ескеріп…

Бақыт бұрын, түсініктер кеш келіп.

Сені тағы сағынамын түн ұзақ,

Мені тағы жұбатады естелік.

Сөздердің де қалмағандай түк құны,

Көздердің де тарқамай тұр

күп мұңы…

Ақын да адам – шешімінің құрбаны,

Адам да ақын – ойларының

тұтқыны…

Ақын үшін өлең осы жол таным,

Ақың үшін жоғы жаман қолқаның…

Ақыл, сана, жүрек бәрін қойғанда,

Арманы жоқ адамдардан қорқамын…

Өтінемін, көз жасыңды төкпеші,

(өтінемін, көз жасымды сөкпеші)

Құдайға айтар өкпе-назым көп менің,

Құдайдың да маған бар-ау өкпесі…

Шешім деген шорт кесілген бір кесім,

Торлайды түн біздің үйдің іргесін…

Аспан жақтан жұлдыз ақты көрдің бе,

Тілегіміз қайшы келіп жүрмесін.

♦ ♦ ♦

Қай тұстан кеп жүрегіме қадалды оқ,

Саған әлі ара алыс, қадам көп.

Боянады әлем реңі таң атса,

Оянамыз, мүлде басқа адам боп.

Жұбата ма келер көктем біздерді,

Табанымыз жібітер ме сыз жерді?

Ал, әзірге, ақ бөрілер ұлыған,

Жасырып жүр біздің басқан іздерді.

Енді қайтіп тізгіндейін төзімді,

Көріп қойдым көл жасырған көзіңді…

Басың қайда деген-дейін ұғындым,

«Бас киімің қайда?» деген сөзіңді.

Сол ертегі, қайталанған бұрынғы,

Тентек ақын,

Текті бір қыз бұрымды…

Сен жағамды жөндегенде, асылым,

Менің жалғыз жүрек тұсым жылынды.

Сенің ғана ақ дидарың әдемі,

(гүл сезімнің көктем ғана ән емі)

Қашық та емес, қасымда екен,

қарашы,

Анау тұрған ғашықтардың әлемі.

Қол

(Кәріпбек Күйіковке)

Қандай кие қалды жердің төсінде,

Мұңың қалса, жасыр, айтпа, өсірме!

Қандай мейірім береді деп күтесің,

Біреуінен біреуі өткен көшірме.

Ана қырда сезем басқа жол барын,

Сірә, мені сілкілейді сол дарын.

Айналғанда қиналамын ақиқат,

Байланғандай мына менің қолдарым.

Боямасыз не айтайын асырып,

Сірә, біреу жүрген болар жасырып.

Көну деген – екі бөлек әңгіме,

Бәрі жақсы дей салуда асылық.

Бастаманың соңы –

көк мұз, оңы – от,

«Қайтем» – дейді, дәрменсіздік

долы боп.

О Кәріпбек, сенің бар ғой

алдыңда,

Қол қусырып отырғанның

қолы жоқ!

Пой-пой дейді балап

сені ғажапқа,

Алдыңа кеп алдағансу азапты, ә?!

Бір керемет ұлтқа айналып кетер ек,

Өр руxыңды бөліп берсе қазаққа.

Кейде осы өртенемін күйіктен,

Мен өмірді өзіңдей боп сүйіппе ем.

Талақ қылып күйбең дейтін жалғанды,

Дара шығып қарап тұрсың биіктен.

Сүмең қаққан сорлы адамдар

сорым боп,

Мен бақыттың аңдып жүрем

жолын көп.

Адамзаттың өзгертер ем түйсігін,

Әттең менің қолым жоқ.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button